Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.18.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың алдағы жылдары Қазақстанның мәдениет саласында жүргізгелі жатқан өзгерістері туралы жарыса жазыпты. Ал бір газет Ақтөбе қаласында еңбек сіңірген спорт және мәдениет қайраткерлеріне арнайы тапсырылған пәтерлерді әкімшіліктің қайта тартып алып жатқандығына тоқталса, енді бірі Қазақстанға сырттан келіп жатқан мигранттардың саны өсіп бара жатқанына назар аударған.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың кешегі үкімет отырысында жасаған мәдениет саласындағы жаңа жоспарларына «Айқын» газеті кеңінен тоқталыпты. Әсіресе, министрдің мемлекеттік тілді оқытудың жаңа сатысына ден қойып отырғанына тоқталған газет «Қазақ тілінің қолданыс аясын ұлғайтуға бұрын-соңды осынша ақша бөлу дегенді білмей келген үкіметті бұл ұсыныс қатты ойлантып тастады. Әрине, әп дегенде қуана қоштап, министрліктің қоржынына қажетті ақшаны ешкім дәл қазір-ақ салып бергелі отырған жоқ. Тілдік саланы осынша ауқымдағы қаражатқа қарық қылу не мұны қоя тұру мәселесі Республикалық бюджеттік комиссияның алдағы отырыстарында талқыға салынбақ. Бірақ министрлік соны күтіп, қол қусырып отыруды жөн деп таппаған» деп жазады. Мұнан әрі басылым министрдің Қазақстанда дүниежүзілік киностудияларға бәсеке тудыра алатын жаңа киностудия және «Қазақстан» телерадиокешені негізінде әлемдік ақпараттық кеңістікке шығатын жаңа ақпараттық агенттік құру сияқты жоспарларына да тоқталып өтеді.

Ал «Время» газетін Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың жобалары ішінде әсіресе, кеңес үкіметінен қалған ескі монументтерді құлату идеясы қызықтырған екен. «Белгілі болғандай, мәдени құндылықтар материалдарына Мәдениет және ақпарат министрінің міні аздау екен. Жақын уақытта оның ведомствосы ескі монументтерге соғыс жарияламақшы. Егер бұрын оларға тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі қорған болып келсе, енді ол қорғанды айналып өту мүмкін болып отыр» дейді «Время» газеті.

Бір топ танымал спортшылар мен мәдениет қайраткерлерінің Ақтөбе облысы әкімі қолынан жаңа пәтерлердің кілтін алып, кейіннен облыстық прокуратураның тұрғындарды ол пәтерлерден қуып жатқандығы жөнінде мақала «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Ақтөбедегі дау-дамай өршіп тұр. Тұрғын үй - коммунальдық шаруашылық бөлімі жігіттердің үйлерді өз еріктерімен босатуын күтіп жатпай, сотқа шағымданды. Жігіттер де еш саспастан, сотқа қарсы шағым түсірді. Олар облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолы қойылған пәтерлерді беру жөніндегі сертификатты, мемлекеттің міндеті деп тануды өтініп отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал Қазақстанға сырттан келіп жатқан мигранттардың қауіптілігі жайындағы мақала «Айқын» газетінде жарық көріпті. Қазақстанға шетелден келетін заңсыз мигранттардың және олардың арасында қылмыскерлер санының артып отырғанын атап өткен басылым «Бұлардың Қазақстанға қандай мақсатпен келгендерін бір Құдай біледі, маңдай терімен табыс табу үшін бе, әлде қылмыс жасап, бой тасалау үшін бе? Еліміздің батысын заңсыз келген қаңғыбастардан «тазарту» кезінде ауыр қылмыс жасап, қашып жүрген, іштерінде халықаралық іздеу жарияланғандары бар 15 адам ұсталған. Ауыр қылмыс жасаған қарақшылар үшін шетелдік келімсектерді талғамай құшағына қабылдай беретін Қазақстан өте қолайлы мекен. Кавказдан қашқан террористердің Қазақстан жерінен табылып жатқандығы да содан болар» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «Литер» газеті осы санында саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сайлау процесі мен қортыныдысы жайындағы көзқарасын жариялапты. Онда саясаттанушы өз ойын «Сайлауалды жарыс қызық болмайды. Біріншіден, қатысушылар санының аздығына байланысты болса, екіншіден, таңдап алынған маусымның ыңғайсыздығына байланысты. Сайлаушылардың негізгі бөлігі не демалыстарында болғандықтан, не күмәнданғандықтарынан сайлауға қатысқысы келмейді. Сайлау нәтижесінің қалай аяқталатыны белгілі болғандықтан, ешкімге сайлау процесі қызық емес. Саяси технологиялық мүдделер мен жұмыс істеу тәсілдерін ұсынудың ынтасы жоқ десе де болады. Сондықтан ешкім де өз шамасынан асып кете алмайды» деп түйіндейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG