Accessibility links

Қазақстанда парламенттік сайлау додасы басталды


Қазақстан парламентінің мәжіліс сайлауындағы бюллетеньдерде бірінші болып оппозициялық «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы ал, екінші болып биліктің «Нұр Отан» партиясы жазылады. Бұл туралы Астанада 18-шілдеде жеребе өткізген Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясында жарияланды.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының кеңсесінде, шілденің 18-күні, Қазақстан парламентінің мәжіліс сайлауындағы бюллетеньдерде орындарды анықтау үшін 7 конвертке нөмір жазылған қағаздар салынды. Олар араластырылған соң комиссия берген тәртіп бойынша әр партия өкілі ортаға шығып конверт таңдап ішіндегі нөмірді айтып отырды. Ортаға шыққан оппозициялық «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партияның тең төрағасы Болат Әбілов «біздің әрқашанда жолымыз болады» деген сөзбен бірінші нөмірді суырып алды.

- Бірінші орынды алдық, сайлау болғанда да солай болады. «Нұр Отан» екінші орында солай қалады, - деді Әбілов.

Жеребеге сай бюллетеньдегі екінші орынға ие болған биліктің «Нұр Отан» партиясының өкілі Сергей Громов өздеріне тамаша орын бұйырды деп санайды.

«Егерде біз бірінші орынды суырып алсақ, бәрі біз қайтадан әкімшілік ресурсты пайдаланды дер еді», - дейді Громов.

Жеребеге сай парламенттің мәжіліс сайлауындағы бюллетендерге 4 орында орналасқан «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев рет санына бәлендей мән бермейді:

- Онда тұрған ештеңе жоқ. Біздің халық білімді. Бюллетеньде кімнің қайда тұрғанын тауып алады.

Ал сайлау бюлеттенінде үшінші боп «Патриоттар партиясы», 5 орында «Ақ жол», 6 орында «Руханият» және ең соңғы - 7 орында Коммунистік халықтық партиясы жазылатын болды. Орталық сайлау комиссиясы жеребені өткізген соң 18-шілдеден бастап үміткерлердің үгіт-насихат жүргізетін уақыты басталғандығын хабарлады. Тамыз айының 11-інде «Хабар» телеарнасында партиялардың қатысуымен телепікірталас ұйымдастырылады. Алдағы демалыс күндері «31 телеарнадан» сайлауға түсетін үміткерлердің қатысуымен ток-шоу өткізілмек. Оның сыртында әр партияға «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің беттерінде материал жариялауға мүмкіндік беріледі. Және мемлекеттік радиода әр партияға өз бағдарламасын жарнамалауға бір сағат уақыт беріледі. Бұқаралық ақпарат құралдары әр партия өкіліне теңдей уақыт бөлу керек деген ескерту жасалды. Бірақ, Оппозициялық «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының өкілі Уәлихан Қайсаров билік партиясы насихатты ерте бастап жіберген деген пікірін айтты:

- Билік партиясы бағдарламасын бірнеше ай түгіл бірнеше жыл бұрын бастап жіберді. Әкімшілік ресурс, қаржы, БАҚ пайдаланып, әсіресе, оппозицияға ешқандай мүмкіншілік бермеу жолында тұр.

Алайда «Нұр Отан» партиясының өкілі Сергей Громов өздерінің сайлау мақсатындағы үгіт-насихатты емес, жоспарлы жұмысты жүргізгенін алға тартып, оппозиция өкілінің айтқанына қарсы өз уәжін білдірді.

«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев болса қазіргі Қазақстан жағдайында билік пен оның партиясының жұмысын ажырату қиын екенін айтады:

- Енді қай тұрғыдан қарасаң да, «Нұр Отан» мен атқарушы билік бірігіп кетті. Биліктің барлық істегені «Нұр Отанға» тиесілі болып тұр. Әрине, атқарушы билік «Нұр Отан» істеді деп айтпаса да болар еді. Енді ол біздің қазіргі жағдайымызға тән, оған біз ештеңе істей алмаймыз.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжіліс сайлауына 800-ге жуық бақылаушы келуді жоспарлап отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары 436 адам, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бақылаушылары 400 адам болмақ.

Орталық сайлау комиссияның төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстанда 18 шілдеге дейінгі ақпарат бойынша парламент мәжілісінің сайлауына барлығы 377 үміткер тіркелгенін хабарлады. Демек, парламенттегі әр орынға 3,8 адам таласқа түседі деген сөз. Үміткерлердің 321 ер, 56 әйел. Үміткерлердің орташа жасы 55. Солардың ішінде 47 адам осының алдында таратылған Мәжіліске мүше болғандар.
XS
SM
MD
LG