Accessibility links

Қазақстанның «Қазфосфат» компаниясының сары фосфор артқан вагондары Украйнада апатқа ұшырап, ондаған елді мекен тұрғындарына қауіп төнді


Шілденің 16-күні Украйнаның Львов облысы аумағында Қазақстанның «Қазфосфат» компаниясының сары фосфор артқан вагондары апатқа ұшыраған. Келіп түскен хабарларға қарағанда, бұл төтенше оқиға дүйсенбі күні Астана уақытымен 19 сағат 50 минутта Украйнаның батыс бөлігінде, Львов темір жолының Красная деп аталатын темір жол бекетінде болған. Польшаға жіберілген «Қазфосфат» компаниясының Жаңажамбыл фосфор зауытында өндірілген сары фосфор тиеген 15 вагон-цистерна белгісіз себептен темір жолдан шығып кетіп, 6 цистернадағы сары фосфор өздігінен жанып, өртенген.

Апат зардаптарын жою барысында Украйнаның төтенше жағдайлар министрлігінің 8 қызметкері және ішкі істер министрлігінің 2 адамы бар барлығы 14 адам зардан шеккен. Сондай ақ апат болған Красная бекетінен бір мыңнан астам адам көшірілген. Сонымен бірге сол маңайдағы 14 елді мекен тұрғындарын көшіру туралы Украйна үкіметі шешім қабылдапты.

Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Наталья Ким сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, болған оқиғаның зардаптарын жоюға байланысты Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Виктор Храпунов сейсенбі күні кешкісін Украйнаның төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрімен телефон арқылы сөйлескенін жеткізді.

«Министр Храпунов Қазақстан Украйнада орын алған бұл апат салдарын жоюға тәжірибесі бар 38 құтқарушыны жібере алатындығын айтқанымен Украйна жағы бұл көмектен әзірше бас тартты», - дейді Ким.

Алайда, Украйна Қазақстан тарапынан сары фосфордың химиялық қандай реакцияларға түсе алатындығын және оның қоршаған орта мен тірі жануар, адамдарға қалай әсер ететіндігі туралы барлық ақпаратты беруді сұрапты. «Қазфосфат» компаниясының Алматыдағы өкілі Айсұлу Оразова, шілденің 18-күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, осы компанияның 5 маманы апат болған жерге жедел түрде жеткенін айтты.

Оның айтуынша, қазақстандық мамандар өздігінен жылдам жанғыш сары фосфордан шыққан өртті сөндіре алатын заттарды да өздерімен бірге ала кетіпті. Сондай-ақ Жаңажамбыл фосфор зауытына қарайтын цистерналардың темір жолдан қалай шығып кеткенін тексеру, апаттың себебін анықтау мақсатында «Қазақстан темір жолы» компаниясының екі маманы да оқиға болған жерге аттанып кеткен.

Сәрсенбі күні Украйнаның көлік және байланыс министрі Николай Рудьковский Ресейдің «Новости» ақпарат агентігіне берген сұқбатында, апаттың орын алуына Қазақстандық вагон-цистерналардың техникалық ахуалының нашар болғандығы әсер еткен болуы керек деген пікір білдірген. Алайда, «Қазфосфат» өкілі бұл пікірмен келіспейді.

«Біздің компания сары фосфорды шетелге алғаш рет жіберіп отырған жоқ. Бұл мәселеде өзінің тәжірибесі, машықтанған ісі бар, ал вагон-цистерналардың техникалық жағдайына келер болсақ, «Қазақстан темір жолы» компаниясы бұған қатты назар аударады, мұқият тексеруден өткізеді. Апаттың неден, қалай болғандығын қазір айту қиын, оны мамандар әбден тексерген соң, солардың қортындысы негізінде айтуға болады», - дейді «Қазфосфат» компаниясының Алматыдағы өкілі Айсұлу Оразова.

Алматыдағы Органикалық катализ және электрохимия институтының аға ғылыми қызметкері Гүлшара Полимбетова сары фосфордың өте улы, суға ерімейтін, ауада өздігінен тез тотығып, ілезде жанып кететін кристалл зат екендігін айтады.

«Сары фосфорды негізінде ауыр шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланады, кейде оның жарылғыш, тұтанғыш қасиетін ескеріп жарылғыш зат ретінде әскери салада керектенетіні бар», - дейді маман.

Г.Полимбетованың айтуынша, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда осы сары фосфорды өндіретін бірнеше өндіріс, зауыттар болған. Бірақ қазір оны тек Тараздағы «Қазфосфат» компаниясы ғана өндіріп, көбінесе шетелдерге сатады дейді ол.
XS
SM
MD
LG