Accessibility links

Билік пен оппозиция сайлау науқанына кірісіп кетті


Қазақстанда сәрсенбі күннен бастап парламенттік сайлау алды үгіт насихат науқаны ресми түрде басталды. Осыған орай Алматыда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия көсемдері сайлау насихатына «Жаңа Қазақстан үшін!», «Біздің партиямыз - болашақ билік партиясы!», «Біз қазіргі билік басындағыларға балама қайраткерлерміз!» деген ұрандармен шығатынын жарияласа, Астанада биліктің партиясы деп есептелінетін «Нұр Отан» партиясы: «Нұр Отан» президентпен бірге - қуатты Қазақстан үшін!» деген ұранмен шығатынын жариялады.

Шілденің 18-інен бастап Қазақстанда ресми түрде сайлау алды үгіт-насихат науқаны басталды. Бұл науқан 16-тамыздың түнгі сағат 12-ге дейін жүргізіледі де, ал 18-ші тамызда Қазақстанда парламенттегі 98 орынға тұңғыш рет партиялық тізім бойынша сайлау өтеді. Ал 20-шы тамызда Қазақстан халқы ассамблеясынан тағы да 9 орынға депутаттар айқындалмақ.

Оппозициялық партия көсемдері сайлау науқанын оңтүстік өңірден бастау үшін бейсенбі күні Шымкент бағытына жол сапарға шықпақ. Бұл сайлауға «Жаңа Қазақстан үшін!», «Біздің партиямыз - болашақ билік партиясы!», «Біз қазіргі билік басындағыларға балама қайраткерлерміз!» деген ұрандармен шығатынын жария еткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның көсемі Жармахан Тұяқбай мырза партияның бағдарламасы жайлы былай деді:

«Ол - бүгінгі жауапсыз биліктің жауапкершілігін күшейту. Яғни, биліктің халық пен қоғам алдындағы бақылануы мен есеп беруін күшейту. Экономикалық салада әлеуметтік бағыттағы бәсекелес экономика құру мен оның жолдары. Үшінші мәселе – халыққа тегін білім беру және тегін де сапалы денсаулық проблемаларын шешу. Төртінші мәселе – ауылдың проблемаларын шешу. Бесінші мәселе – зейнеткерлердің зейнетақы мөлшерінің өмір сүру деңгейіне сай болуы. Соған байланысты шикізат қорларынан түсетін пайданың халықтың мүддесіне жұмсалуы. Жетінші мәселе – халықтың жұтап кеткен рухани мәдениетін көтеру мәселесі. Қазақ тілінің мәселесі, елдегі ұлтаралық қарым-қатынас пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдары».

Қазақстандық оппозиция көсемдері өткен сайлау науқандары кезінде Қазақстанның әр аумағындағы сайлаушылармен кездесу барысында тығыршық денелі белгісіз жастар тарапынан әртүрлі арандату әрекеттеріне ұшыраған болатын. Ол жастардың кейбіреулері кейін тұтқындалып, сотқа тартылған кездері олар жергілікті аймақтық басылымдарда «бізге тапсырыс берген ағашкалар - «қорған боламыз» деп уәде беріп еді, ал қазір тастап кетті, араша түсіңіздер» деп, сол кездегі билік партиясы қатарына жататын «Асардың» басшыларына ашық хат жазған еді.

Ал оппозиция көсемдері егер билік тарапынан жасалынуы мүмкін әртүрлі кедергілер мен құйтырқы әрекеттер шектен шығатын болса бұл сайлауға байкот жариялау мәселесі күн тәртібінде болады деп отыр.

«Егер осы жолы да қандай да арандатушылық боп жатса не істейсіздер?» деген сауалға партия көсемінің орынбасары Әміржан Қосанов мырза:

«Әрине, билік әртүрлі механизмдер ұйымдастыруы мүмкін. Қоғамдық ұйымдар арқылы, сырт көзге қарағанда билікке қатысы жоқ сияқты адамдар арқылы... Оны біз өткен сайлауда бастан кешкенбіз және әрине, біз оған дайынбыз. Сол себепті біз мықты құқықтық қорғау жүйесін жасап отырмыз, яғни, кез келген біздің үгітшілерімізге, насихатшыларымызға келтірген залалды біз сол жерде отырып қағазға түсіреміз. Оған біздің штабтың мүшесі боп отырған Республикалық адвокаттар ассоциациясы ұйымының төрағасы Әнуар Түгел мырза, сол Қазақстанның бар түкпіріндегі жақтаушылар коллегиялары арқылы қадағалап, жауап береді. Ал оны сотқа береміз бе, қоғамға жария ету арқылы күресеміз бе - оны біз осында келіп табамыз. Ең бастысы – билік біздің осы сайлауды мейлінше адал, заңға сай, бар қауқарымызды салып өткізетінімізді білуі керек», - деп жауап берді.

Бұл парламент сайлауына 7 партия түсіп отыр. Қазақстандық сарапшылар президент басқаратын «Нұр Отан» партиясының негізгі қарсыласы қай партия болатынын сол биліктің өзі анықтайды деп болжап та қойған. Ал «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Жұмағұлов мырза сәрсенбі күні Астанада журналистердің сауалына берген жауабында «басқа партиялар екінші-үшінші орындарға таласа берсе болады, себебі олардың бағдарламасы жақсы айтылғанмен нақты іс жүзіне асыру тетіктері ойластырылмаған» деп мәлімдеді.

«Нұр Отанның» сайлау алды ұраны туралы осы партияның сараптамалық орталығының директоры Шәріпбек Әмірбек мырза былай дейді:

«Біздің басты ұранымыз: «Нұр Отан» президентпен бірге қуатты Қазақстан үшін!» Бағдарламамыз «Қазақстанның өсіп -өркендеуі мен Қазақстандықтардың игілігі үшін!» деп аталады. Біз бұл бағдарламада әрбір азаматтың өмірін қалай жақсарту жолдарын ұсынып отырмыз. Ол тұрғын үй мәселесінен бастап, рухани жағын да қамтыған. Мысалы, бағдарлама бойынша алдағы бес жылда әрбір қазақстандық тұрғын үймен қамтамасыз етілуі керек те, осы бес жылда 50 миллион шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Ал бюджеттік саладағылардың жалақыларын көбейту де жоспарымызда бар».

Сонымен қатар Әмірбек мырза «партияның алдына қойған мақсаты - алдағы бес жылда елдегі барлық көрсеткішті 2-2,5 есеге көбейту» дейді.

«Саяси салада қоғамды одан ары демократияландыруға саяси партия ретінде ат салысамыз және азаматтық қоғам институттары – яғни үкіметтік емес ұйымдардың дамуына жағдай жасау, саяси партиялардың қазіргі өкілеттігін кеңейтіп, атқарушы биліктің өкілеттік билік алдындағы жауапкершілігін көтеру», - дейді «Нұр Отан» партиясының өкілі.

Қазақстан президенті Назарбаев төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы парламенттік сайлауға партиялық тізімге 126 үміткерін тіркесе, оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 80 мүшесін тіркеді.
XS
SM
MD
LG