Accessibility links

«Нұрбанк» акцияларының басым бөлігі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлінің еншісіне тиіп, Рахат Әлиев банктің меншік иесі қатарынан шығарылған

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Халықаралық Standard&Poor’s агенттігі Қазақстандық «Нұрбанктың» қазіргі рейтінгі: ұзақ мерзімге - В категорялы, қысқа мерзімге – С категорялы, ал алдағы ұзақ уақытқа «тұрақты» деген болжамын растап отыр. Мамандар «бұл дегеніңіз банк өзінің кредиттік қауқарын қазіргі деңгейде сақтап, алдағы уақытта коммерциялық қуатын қалпына келтіре алатындығының көрсеткіші» дейді. Соңғы кезге дейін осы банктың негізгі акционері болып келген Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің ісіне байланысты даулы болып жүрген «Нұрбанк» Қазақстандағы жеке меншік банктер тізімінің алғашқы ондығына кіреді. Маусым айында Рахат Әлиев банктың акционері қатарынан шығарылып, оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева мен ұлы Нұрәлі Әлиев банк акцияларының 70 пайыздан көп үлесіне ие болғаны Қазақстанның қор биржасының ақпаратында жарияланып отыр. Қазір банк қаржылық көрсеткіштері бойынша жетінші орында тұр.

Standard&Poor’s агенттігінің мәліметі бойынша, «Нұрбанктың» жалпы активтері, яғни қосалқы банктерінің активтерін қоса есептегенде - 1,7 миллиард долларды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл онша көп емес, мысалы Қазақстан банктер тізімінде, көрсеткіштері бойынша екінші орындағы «Банк Туран Алемнің» тек таза активтері 20,4 миллиард доллар шамасында. «Нұбанк» Қазақстан тұтыну рыногының тек 2,5 пайызын ғана қамтиды. Ал осы банктегі акциялардың 70 пайызының иесі – Қазақстан президенті Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев.

Соңғы кездері «Нұрбанктың» төңірегіндегі дау-дамайға байланысты банктың депозиттік тұтынушылары 10 пайызға азайған және басқа да бірқатар қаржылық көрсеткіштері сәл төмендеп, оны тұрақтандыру үшін банк мамандары қарбалас қауырт шаралар қабылдаған. Енді «сол әрекеттер нәтижесінде банктың алдағы жұмысы тұрақты болады» деген болжамын халықаралық Standard&Poor’s агенттігінің сарапшылары беріп отыр дейді банк баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманова.

«Нұрбанк» төңірегінде дау өрши бастағанда, Рахат Әлиев әлі қамауға алынбаған уақытта, банктың директорлар кеңесінің жаңа төрағалығына Австриялық банкир Адольф Вала тағайындалатындығы туралы хабарланған еді. Бірақ, кейіннен «банк төңірегіндегі дау-дамай айқындалмайынша Вала қызметке кіріспейтіндігі» туралы ақпарат баспасөзде жарияланды. Банктің баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманованың айтуынша, Австриялық маман әлі қызметке іске кіріспепті. Сондай-ақ Байжұманова «Нұрбанктың» биылғы жылғы бірінші тоқсанда 1,2 миллиард теңге таза пайда көргенін, және ол былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда екі еседей көп екенін айтады.

Ал Standard&Poor’s агенттігінің берген рейтингтік анықтамасына келсек, «кез келген банк үшін ондай рейтинг алу өте мәртебелі» дейді экономика саласына мақала жазатын қазақстандық журналист Төлеген Асқаров.

- Мысалы, инвесторлар «Нұрбанкты», не Дариағаны, не Нұрәліні тіпті де танымауы мүмкін, ал осындай халықаралық агенттіктің берген рейтингі осы банкқа халықаралық деңгейде берген сапалық баға болып табылады. Осыған қарап инвесторлар шешім қабылдайды. Әйткенмен, шынын айтсақ, кейде рейтингтік агенттіктер де қателесіп жатады. Мысалы, 1997-98 жылдарғы Азиялық дағдарыс басталып кеткен кезде кейбір агенттіктер сол елдердің банктеріне жоғары рейтингтер беріп отырған. Олар тіпті Ресейдегі 1999 жылғы дағдарысты да қапы қалдырған. Сондықтан қазір олар өз сараптамаларына өте қатал талаппен келеді, - дейді Төлеген Асқаров.
XS
SM
MD
LG