Accessibility links

Шымкентте ВИЧ вирусы бар донор табылды деген ақпаратты дәрігерлер жоққа шығарды


Сәрсенбі күні қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары мен кейбір интернет парақшалары Шымкент қаласында ағзасында ВИЧ вирусы болған донор адамның табылғандығы туралы ақпаратты жарыса хабарлаған болатын. Алайда, бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас директорының орынбасары Ділдәш Айнақұлова бұл хабарды шындыққа сай емес деп, алдыңғы ақпаратты жоққа шығарды.

Оның айтуынша, облыстық СПИД орталығы биылғы жылы ВИЧ вирусын жұқтырған бірде бір донор адамды анықтамапты. Ал соңғы күндері баспасөз беттерінде хабарланып, айтылып жатқан адам жөнінде берген түсініктемесінде ол адам 2006-шы жылы донор ретінде қан тапсырып тұрып, оның бойынан С гепатиты дертінің белгісі байқалған соң, одан қан алу тоқтатылғанын айтты.

«Ал 2007-ші жылы мамыр айында тексерген кезде ол адамнан ВИЧ вирусы табылды», - деді облыстық СПИД орталығы бас директорының орынбасары.

Д.Айнақұлова сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған балалардың жаппай ВИЧ вирусын жұқтыру оқиғасына мамандар аузынан соңғы кезде көп айтылып жүрген бұл тек қан арқылы ғана тараған деген болжамды жоққа шығарды. «ВИЧ вирусының таралу жолдары көп, дәл соның қайсы екендігін анықтау үшін әлі де уақыт қажет етіледі» деді ол.

Ал бейсенбі күні Республикалық Денсаулық сақтау саласы жұмысшыларының кәсіподағы Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған осы ВИЧ індетіне қатысты шығарылған сот үкімінің әділ болмағанын мәлімдей келе, бұған қатысты істі қайтадан тексеру қажеттігін алға тартып, Қазақстанның Бас прокуратурасы, Жоғарғы Соты және Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияға арнап үндеу жариялады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ вирусын жұқтырған балалар мен олардың ата-аналарының құқығын қорғаушы, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қордың төрағасы Сағадат Масауров бейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында сот үкіміне наразы ата-аналар атынан сот үкімін өзгерту мақсатында аппеляциялық сотқа шағым түсіргенін, қазір шағым арыз облыстық соттың қарауында жатқанын айтты.

«Шағым-арызда бұрынғы облыстық денсаулық сақтау департаменті басшыларына жеңіл жаза берілгендігі дұрыс емес, керісінше, оларға ең ауыр жаза берілуі тиісті, ал қарапайым дәрігерлерге берілген сот шешімі қайта қаралсын деген талап қойылды», - дейді С.Масауров.

Бүгінге дейін облыста ВИЧ індетін жұқтырған балалар саны 119-ға жетіп, 10 бала осы дерттен көз жұмған, сондай-ақ 14 ананың бойынан осы ВИЧ індеті барлығы анықталып отыр.
XS
SM
MD
LG