Accessibility links

«Лад» қозғалысы парламент сайлауына қатысатын үміткерлер арасында славян өкілдерінің аз екенін айтады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күні бірқатар Интернет-сайттарда, Қазақстандағы «Лад» славян қозғалысының елдегі парламент сайлауына үміткер ретінде қатысатын депутаттар тізімінде славян тектілердің аз екені жайында мәлімдемесі жарияланды. «Славян текті фамилиялар тек 13,7 пайыз ғана. Және әр парламентік сайлаудан келесі парламенттік сайлауға орыс халқының өкілдері 5-6 пайызға азайып келеді. Ол дегеніңіз, Қазақстандағы орыс ұлт өкілдерінің беделінің азайып бара жатқандығының айғағы және бұл жергілікті биліктің этноцентристік саясатының салдары» деп жазылған бұл мәлімдемеде. Бірақ, Қазақстан халықтар ассамблеясындағы орыс-славян өкілдері «Лад» қозғалысының әлгіндей мәлімдемесімен келіспейді.

«Лад» славян қоғамдық қозғалысының атынан берілген мәлімдемге байланысты ұйымның төрағасы көкшетаулық Иван Климашенкомен хабарласу мүмкін болмады. «Лад» газетінің редакторы Максим Крамаренко әлгі мәлімдемеден бейхабар боп шықты. Ал Қазақстандағы «Орыс қауымдастығы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Юрий Бунаков, жалпы алғанда «ладтықтардың» айтқандарында негіз бар деген өз пікірін білдірді.

«Орыс ұлт өкілдерінің билік басында өте аз екені белгілі, мен онымен келісемін. Ал Қазақстандағы орыс ұлт өкілдері, меніңше, 30 пайыз, кейбір мәлімет бойынша одан да көп. Ал «ладтықтардың» есептеулері, олардың зерттеу жүргізуінің нәтижесі деп тану керек. Олар өздерінің мәлімдемелері арқылы бір нәрсе болса да түзеткісі келіп жатқандығын білдіреді. Одан не шығарын көрерміз», - дейді «Орыс қауымдастығының» төрағасы Бунаков.

Алайда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Чесноков «Лад» қозғалысының мәлімдемесімен келіспейді.

«Мен бұл мәлімдемемен түбегейлі келіспеймін! Сайлау алды жарыста мәслихат депутаттығына болсын, мәжіліс депутаттығына болсын, қалаймын дегендер еш шектеусіз жазылуға құқықты. 13,7 пайыз ешнәрсенің де көрсеткіші бола алмайды. Егер адамдар өздері арзыданып, депутаттыққа үміткер ретінде тіркеуін сұранбаса, оларды кім сайлауға қатыстырмай отыр екен? Ол орыс ұлт өкілдерінің өздерінің кінәсі болар еді. Ал егер партиялық тізімге кіргізбей жатса, әңгіме басқа. Ондай оқиға да тіркелген жоқ қой! Сондықтан бұл мәлімдеменің қандай да қыспақ туралы айтпағанда, еш негізі жоқ!» - дейді Чесноков.

Қазақстандағы «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы жетекшілерінің бірі Дос Көшім «Ладтың» мәлімдемесіне негізсіз байбалам деген баға береді.

«Олар осындай кез келген нәрседен байбалам сала беретін әдеттері ғой. Әйтеуір, бір нәрсені айту керек. Қазақстан заңы бойынша сайлауға кез келген азамат түсуге құқы бар. Кез келген партия өздерінің тізімдерін өздері дайындайды. Бұл жерде не мемлекеттің, не ұлтшылдардың еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Егер өздері белсенді түрде саяси жұмыс жүргізбесе, оны олар өздерінен көрсін. Сондықтан бұл жерде ешқандай ұлтшылдықтың да, басқаның да негізін көріп тұрған жоқпын», - дейді Дос Көшім.

Алматыдағы «Альтернатива» өзекті мәселелерді зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев та «Лад» мәлімдемесі негізсіз деп санайды.

«Мен мәлімдеме таратушылар дұрыс емес деп есептеймін. Себебі, кез келген партия қанша үміткер, қандай ұлт өкілдерін ұсынатынын өздері шешеді. Ал олардың партиялық бағдарламаларында ұлтаралық қатынас саясаты ашық жазылған. Сондықтан, мен партия басшылары сол саясатын бұзады дегенге сенбеймін. Сол себептен партия басшылығы бұл мәселеде қандай да этноценристік ұстаным ұстады дегенге сену қиын. Және партия қатарындағы орыс азаматтарының құқығы бұзылып жатыр деуге болмайды», - дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG