Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.21.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясы мен үлескерлер арасындағы дау-дамайға тоқталса, енді біреуі Қарағанды облысындағы балалар лагерлеріндегі тәрбиешілердің бассыздық әрекеттеріне мән берген. Ал бір басылым Қостанай облысындағы құрылыстарға құрылысшылардың орнына сотталған адамдардың тартылғандығын жазыпты.

Бір топ алматылықтарды «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясының алдап кетіп, үлескерлердің араша сұрап қалалық әкімшілікке барып, ол жақтан ешбір көмек ала алмағанына «Время» газеті мән беріпті. «Бастамашыл топ осы мәселе бойынша қала басшылығының араласуын көздеп әкімшілікке екі рет барған. Соңғы рет әкімнің орынбасары Серік Сейдуманов үлескерлерге 18 шілде күні «Алматыинвестстрой» басшысы Дмитриенконың, қалалық құрылыс департаментінің, қаржы полициясының және т б. қатысуымен біріккен отырыс ұйымдастыратындығы жөнінде уәде берген. Әкімнің орынбасары өз уәдесін орындап, отырыс өткізілді. Алайда айтарлықтай нәтиже шықпады. Ал осы отырысқа қатысқан әкімшіліктің өкілі бізге телефон арқылы үлескерлерге үлкен көмек көрсетілгенін жеткізді» деп жазды «Время» газеті.

Сондай-ақ, «Время» газеті «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметі арасында өтіп жатқан сот процесіне де тоқталыпты. «Қазір екі жақ та Алматының ауданаралық экономикалық сотында өздерінікін дәлелдеу үшін соттасып жатыр. Соңғы отырыста судья Гүлнар Мейіржанова қайта экспертиза жасау жөнінде шешім қабылдады. Бұл экспертиза қытай вагондарының адам денсаулығына зиян келтіретін заттар шығаратындығын не растауы, не жоққа шығаруы тиіс. Алайда кеше Алматы ауданаралық экономикалық сотына шағымданушы, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметінен шағым түсті. Онда сот шешімінің негізсіз шығарылғандығы, өйткені мұндай экспертиза жүргізуге тек Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қызметінің ғана құзіретті екендігі және ондай мәліметтің бұған дейін шағымданушы жағының тапсырғандығы жөнінде жазылған» делінген газетте.

Ал Қарағанды облысындағы лагерлерге демалуға келген балалардың тәрбиешілерден әр түрлі қорлық көріп, оның арты айқай-шуға ұласқаны жөніндегі мақала «Литер» газетінде жарияланыпты. «Облыс орталығынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан «Орленок» лагерін сауықтыру тұрмақ, енді балалар лагері деуге де келмейтін шығар. Демалу уақыты кезінде қарағандылық оқушылар көңілді ойындар ойнап, саясатқа шығып, алаудың маңында көңілденудің орнына үнемі соққы мен кемсітушіліктерді көріп отырған. Өз әрекеттерін тәлімгерлер тәрбие берудің жаңа әдісі ретінде түсіндіруде. Мұның балаларға жасаған қатыгездік екенін не нәтижелі ноу-хау екенін енді сот шешетін болады. Қарағандыда мұндай оқиғалар бірінші рет кездесіп отырған жоқ» деп жазды басылым.

Сондай-ақ, «Литер» газетінің осы санында Қостанай облысында құрылыстың өзіндік құнын түсіру үшін құрылыс алаңдарында сотталған адамдардың еңбегін пайдаланғандығы жөніндегі мақала жарық көріпті. «Самғал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан үй құрылысына құрылысшылар бригадасын сарбаздар автоматтың жетегімен әкелген. Жұмыс уақыты біткесін дәл солай сотталған адамдар өздерінің қатаң тәртіптегі колониясына қайтады. Бұл облыс орталығында тұрғын үй құрылысы бағдарламасының кезекті рет тоқтап қалу алдында тұрғанын көрсетті. Егер сотталған адамдардың еңбек күші гастербайтерлардан да арзан екенін ескерсек, онда шаршы метр бағасын түсірудің де мүмкіншіліктері жоқ емес. Бір жағынан, бұл құрылыстардағы жұмыс күшінің жетіспей жатқандығымен қатар, оның ушығып отырғандығын да көрсетіп берді» деп жазды «Литер» газеті.

«Айқын» газеті Атырау облысындағы шетелдік компаниялардың облыс әкімінің араласуы арқасында алдағы уақыттан бастан жұмысқа қазақстандық жұмысшыларды көптеп тарта бастайтынына тоқталыпты. «Облыс әкімі Бергей Рысқалиев шетелдік компаниялардың шектен шығуына енді жол бермейтін маңызды құжатқа қол қойды. Турасын айтсақ, облыс басшысы «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тодд Леви және «Аджип» компаниясының аумақтық директоры Лучанно Васкес қазақстандық мамандарды кәсіби даярлау және халықты жұмыспен қамту жөнінде ынтымақсатық Меморандумына қол қойды. Бұл құжат сайып келгенде, бірнеше жылдан бері біздің өңірге бауыр басып, қалталарын қалыңдатқан шетелдік мамандардың орнын қазақстандық мамандар алмастырып, болашақта алпауыт компаниялардың қолынан келген жобаларды өзіміздің елдің білікті азаматтары да жүзеге асыратын күні де алыс еместігін айқындаса керек» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG