Accessibility links

Алматының Қарасу елді мекенінің тұрғындары жергілікті биліктің әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялайтындарын мәлімдеді


Биылғы жылдың шілде айының 6-сы күні Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі коллегиясы Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты Қарасу елді мекенінің бір топ тұрғындарының жерге қатысты аппелециялық шағым-арызын қарап, бұл жөніндегі Жетісу аудандық сотының сәуірдің 4-і күнгі шешімін өзгеріссіз қалдырды. Аудандық сот Қарасу елді мекенінің 13 отбасына ешбір өтемақы не басқа жақтан тұрғын үй-баспана берместен, осы жерден оларды күшпен көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Сот шешімінде тұрғындардың жерді заңсыз басып алып, сол жерге өз бетімен баспана тұрғызғаны айтылған.

Алайда осы Қарасу елді мекенінің тұрғыны Жақсыгүл Жаржанова, шілденің 23-күні Алматыда журналистермен болған кездесуде, қала әкімшілігі шенеуніктеріне алданып, кейін соттан әділ шешім болмағанына ызалы әрі наразы болған 13 отбасы мүшелерінің ең соңғы қадамға, яғни аштық жариялауға баратындарын мәлімдеді.

«Қазақстанның әрбір азаматына заң бойынша тұрғын үй-баспана салып алуына 10 сотық жер тегін берілуі тиісті, біз соны ғана сұрап отырмыз, үкіметтен не әкімшіліктен одан артық басқа нәрсе сұрап отырғамыз жоқ», - дейді Жақсыгүл.

Оның айтуынша, Қарасу елді мекенінің 13 отбасына Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімінің шешімі бойынша 1998-ші жылы үй салып алуға жер учаскелері берілген. Тұрғындар 2002-ші жылға дейін баспана тұрғызу жұмысымен жүріп, енді жер учаскесін заңдастыру мақсатында құжаттардың соңына түседі. Алайда, олар барлық жерде өздерінен ақша талап етіп, басқадай бюрократтық кедергілерге жолыққанын айтады.

«Ақыры 2005-ші жылы әкімшілік өкілдері жерді заңдастырып береміз деп, 13 отбасының әрқайсысынан 10 мың доллардан деп есептеп, 130 мыңдай доллар ақша алды. Бірақ 2006-шы жылы тұрғындар жерді заңдастыруға байланысты қалалық жер комиссиясына екі рет құжаттарын тапсырса да бізді заңдастырмай құжаттарымызды кейін қайтарды», - дейді Қарасу тұрғыны Ж.Жаржанова.

Қарасу елді мекенінің тағы бір тұрғыны Бақытжан Төлегеновтың айтуынша, 2006-шы жылы маусым айында қалалық әкімшілік аукцион арқылы осы жерді «Абажур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 70 миллион теңгеге сатып жіберіпті. Ал осы жерді сатып алған фирма бұл жерге сауда-байланыс орталығын саламын деп уәде етіпті. Алайда Қарасу елді мекенінің тұрғындары биылғы жылдың қаңтар айында шыққан «Крыша» газетінен «Абажур» фирмасының осы жерді 7 млн долларға сатпақ ниетте екендігін оқып-білгендерін айтады.

«Бірақ, біз сотқа шағымдансақ та, сот бізден гөрі қалталылардың құқығын көбірек ойлайды екен, оған көзіміз әбден жетті», - дейді Ж.Жаржанова.

Қарасу елді мекені тұрғындарының басындағы осы қиындықты шешу өте қиын екенін қоғамдық ұйым өкілдері де айтып отыр.

«Өйткені, қалалық әкімшіліктегі шенеуніктердің сөзін қандайда сот теріске шығара алмайды, қазіргі қала әкімі секілді тек қалаға ғана емес, күллі елге танымал адам тұрғында сот түк те істей алмайды», - дейді «Бірлік» қоғамдық қорының төрайымы Дәметкен Әленова.

Қарасу тұрғындары үшін қалған жалғыз мүмкіндік енді аштық жариялау ғана дейді ол.

Қарасу елді мекені тұрғындарының осы жағдайына қатысты Алматы қаласы әкімшілігі басшыларынан қандай бір түсініктеме алу мүмкәін болмады. Ал қалалық жер қатынастары басқармасының басшылары әкімшіліктегі бір маңызды жиында жүргендіктен «Азаттық» тілшісінің сауалына жауап беруге уақыт таппады.
XS
SM
MD
LG