Accessibility links

Ливия түрмесінде 8 жыл қамауда отырған болгариялық 5 медбике мен палестиналық дәрігер Болгарияға жеткізілді


Ливия түрмесінде 8 жыл болғаннан кейін, болгариялық 5 медбике және палестиналық доктор бостандыққа шығарылды. Оларды Болгария астанасына француз ұшағы жеткізді. Ливия елі ол медбикелерді “балаларға әдейі ВИЧ ауруы инфекциясын жұқтырған” деп айыптаған болатын. Ливияның Еуропа одағымен жақсы байланыс орнатуына және Ливияға медициналық көмекке уәде берілгеннен кейін ғана тұтқындар босатылды.

Ливиялық 400-дей балаға ВИЧ инфекциясын әдейі жұқтырды деп айыпқа ілінген ол 5 медбике - Кристина Валчева, Нася Ненова, Валентина Сиропуло, Валя Червеняшка, Снежана Димитрова және палестиналық дәрігер Ашраф әл- Хазоуз еді. 1999-шы жылдан Ливия түрмесінде қамауда отырған олар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған болатын. Мойындаулар болса, күш көрсету арқылы алынған еді, дейді олар.

Оларды Франция үкіметі ұшағымен Франция президентінің жұбайы Сесилиа Саркози және Еуропа одағы Сыртқы істер бойынша комиссионері Бенита Ферреро-Уалднер ханым Софияға жеткізген болатын.

Болгария президенті Георги Парванов артынша ол медициналық 6 қызметкерге кешірім жасау жөніндегі қарарға қол қойған еді. Палестиналық докторға өткен маусым айында Болгария азаматтығы берілген болатын. Брюссельде болса, Еуропа комиссиясының президенті Хосе Мануил Барросо істің осылайша шешілуі Ливия мен Еуропа одағы байланыстарын толықтай реттеуге мүмкіндік туғызды, деп бұл босатуды қызу қуаттады.

Барросо сондай-ақ ол 6 медиктің босатылуы Ливияның ВИЧ-пен ауырған балаларына медициналық көмектерді жақсарту шараларына да тікелей байланысты болды, деді.

Ливия Сыртқы істер министрі Абдел Рахман Шалғамның Триполиде айтуынша, 6 медицина қызметкері босатылғаннан кейін көмектер пакетін ұсына отырып, Еуропа одағы мен Ливия арасында толық әріптестік орнатуға келісілген. Аталған істің қорытындысы екі жақ арасында апталарға созылған дипломатиялық келісімдерден кейін мүмкін болған еді.

Франция презиндеті Николас Саркози шілденің 25-і, сәрсенбіде Ливияға баратындығын айтты. Саркози мырза Ливияның халықаралық қауымдастыққа қайта қосылуына көмектеспекші.

Франция президенті Николас Саркози өз сөзінде:

“Мен мына мәселені нақты растай аламын. Еуропа одағы да, Франция да Ливия еліне аз да болса қаржылай көмек көрсеткен жоқ”, - деді Саркози.

Бұл мәлімдеме Ливия Сыртқы істер министрі Абдел Рахман Шалғамның бүгін жасаған мәлімдемесіне қайшы келіп отыр. Ол өз сөзінде Ливияның ВИЧ-пен ауырған балалары отбасына жасалған өтемақы қорына Еуропа одағы мен Франция өз үлесін қосты, деген еді. Аталған мәлімдеме сонымен бірге бұдан бір апта бұрын Ливия ресмилері тарапынан жасалған мәлімдемеге де қайшы.

Заңгер Идрис Лағаның айтуынша, 460-тай отбасының әрқайсысы 1 миллион доллар көлемінде өтемақы алған екен. Ол қаржы Бенғази халықаралық қорынан берілген екен. 2006-шы жылы құрылған аталған қорды Еуропа одағы мен АҚШ, Болгария, Ливия және Британия қаржыландырып келеді. Көмек алған отбастары 6 медицина қызметкеріне жарияланған өлім жазасын айыптаған қарарға қол қойды. Содан кейін Ливияның Жоғарғы соты ол өлім жазасын өмірлік түрмеге отырғызумен алмастырған еді. Одан екі күн кейін, яғни 19-шы шілдеде Болгария елі әлгі медиктердің өз жазаларын Болгарияда өтеуін сұрап, Ливияға ресми өтініш жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG