Accessibility links

Түркияда парламент сайлауындағы жеңістің ізінше Әділет және даму партиясы саяси проблемаларға кезікті


Түркиядағы кезектен тыс парламент сайлауында үлкен басымдықпен жеңіске жетіп билік басында қалған исламшыл бағыт ұстанатын Әділет және даму партиясының алдында шешімі кезек күттірмейтін талай проблема тұр. 22-нші шілде күні кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге мәжбүр еткен тағы бір саяси дағдарысқа жол бермеу үшін түрік премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған өте байыпты да сындарлы саясат ұстануға тиіс.

Р.Т.Ердоғанның алдында кесе-көлденең тұрған ең бірінші проблема – Түркияның жаңа президентін сайлау. Мемлекет басшылығына өзі сыртқы істер министрі Абдулла Гүлді ұсынып, оған парламенттің қарсы болуы – парламент сайлауын мезгілінен бұрын өткізуге себеп болды.

Парламенттегі зайырлы мемлекеттік құрылымды қолдайтын оппозициялық депутаттар әйелі сыртта басына орамал байлап жүретін нағыз мұсылман Абдулла Гүлге онша сенбейді. Міне осы А.Гүлді президент тағына қайта ұсынуы тағы да саяси дағдарысқа соқтыруы ықтимал. Әділет және даму партиясына президент тағына өз үміткерін сайлау үшін парламентте көпшілік дауыс - 3/2 дауыс керек. Анкарада журналистермен кездескенінде Р.Т.Ердоған президент мәселесін “үлкен жанжал туғызбай-ақ” шешуге болады деген ойын айтып, қарсыластарымен уәжге келуге әзір екенін байқатты. Сонымен бірге премьер-министр президент сайлауына қайта түсуге тұра ма, жоқ па, оны Абдулла Гүлдің өзі шешсін дегенді алға тартты.

“Экономист” журналының Түркиядағы тілшісі Амберин Заман (Amberin Zaman) ханым “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында атап көрсеткендей, егер Абдулла Гүл президент сайлауына қайта түсетін болса, онда Р.Т.Ердоғанды күрделі жағдайға қалдырады.

Түркия премьер-министрінің алдында тұрған екінші маңызды проблема - елді Еуропа Одағының мүшелігіне әзірлеу үшін заңнамалық және әкімшілік реформаларды жалғастыру, сонымен қатар экономикалық дамудың қазіргі қарқынын бәсеңдетпеу. Ресми Брюссель мүшелікке әзірліктің бұрынғы екпінін қалпына келтіру қажеттігін ресми Анкараның есіне салды. Еуропа Одағын кеңейту мәселесі бойынша арнаулы өкіл Олли Рен өткен дүйсенбі күні журналистерге былай деп мәлімдеді.

О.РЕН: “Біз Түркияның жаңа үкіметі шұғыл жасақталады деп күтеміз және ең маңыздысы - жаңа үкімет заңнамалық және әкімшілік реформаларды қайтадан қолға алып, толыққанды әрі нақты нәтижелерге жете алады деп күтеміз”.

“Экономист” журналының тілшісі Заман хаман Түркия экономикасының жылына 7 пайызға тең қазіргі даму қарқынын “жаман емес” деп бағалайды әрі осы қарқын - Әділет және даму партиясының жексенбі күнгі сайлауда жеңіске жетуінің ең басты сыры болып табылады.

А.ЗАМАН: “Әділет және даму партиясының билікке қайта оралуының ең үлкен сырының бірі – ол экономикаға жан бітіріп алға бастырды, ол факты. Ортақолды түрік, әсіресе тым кедей түріктер тұрмысының түзеле бастағанын көрді. Міне осы жұртты демеу үшін Әділет және даму партиясы көп іс атқарды. Егер ауыл-аймаққа бара қалсаңыз, оны Сізге жұрттың көпшілігі айтады”.

Болашақта Р.Т.Ердоғанның алдынан шығатын үшінші маңызды проблема – Түркияның оңтүстік-шығысындағы күрт бүлікшілерінің мәселесі. Соңғы бірнеше жылдан бері жаңа парламенттің құрамында алғаш рет күрд депутаттары бар. Олардың саны бас-аяғы 27. Заман ханым ол депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр деп есептейді. Оның атап көрсетуінше, күрд депутаттары өздерінің іс-әрекетімен “күрд жанжалын” бейбіт келіссөз арқылы шешуге болатынына Түркия халқының көзін жеткізуге тиіс. Түркиядағы “күрд мәселесі” Ирақтың солтүстігінде Күрд автономиясының пайда болуымен күрделене түсті. Түрік халқының көпшілігі оны елдегі күрдтердің тәуелсіздік беруді талап етуіне түрткі болады деп біледі. Осы күні түрік армиясы Ирақ шекарасының бойына шоғырланып, Ирақтың солтүстігіндегі күрд партизандарының бекіністеріне соққы беруге сақадай тұр. Бірақ 1990-ыншы жылдардан бері қарай Түркия қарулы күштерінің Ирақ жеріне 29 рет жорық жасап, партизандардың көзін жоя алмағанын жақсы білетін Р.Т.Ердоған соғыс қимылдарын онша қолдамайтын тәрізді.
XS
SM
MD
LG