Accessibility links

Өзбекстанда түрмеде қайтыс болған Шухрат Диоровтың мәйіті отбасына тапсырылып, марқұм өткен аптада (18-інші шілде күні) жерленді. Ол елде бүлік шығаруды мақсат еткен ислам қозғалысының “дем берушісі” деген айып бойынша бас бостандығынан айрылған болатын. Марқұмның жанұясы Шухрат Диоровтың түрмеде туберкулезден қайтыс болғанын хабарлады. Адамның құқын қорғайтын қайраткерлер бұл оқиға Өзбекстанның түрмелерінде туберкулездің адамның денсаулығы мен өміріне қатерлі түрінің кең етек жайғанын аңғартады деп мәлімдейді.

Туберкулезден қайтыс болған кезде 9 жылға кесілген 52 жастағы Шухрат Диоровтың түрмеде отыруына әлі 2 жыл уақыт қалған еді. Ол 2000-ыншы жылы қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, оның ішінде “Өзбекстанның конституциялық билігін күштеп құлатуды көздеді” деген айып бойынша жазаға тартылды. Мұндай айыптар, көбіне, тыйым салынған ұйымдардың мүшелеріне тағылады.

Жанұясына Ш.Диоровпен түрмеде көрісуіне соңғы рет рұқсат берілуінен 2 жылдан көп уақыт өткенде, 18-інші шілде күні милициядан оның жанұясына телефон соғылып, Ш.Диоровтың түрмеде қайтыс болғаны хабарланды. Милиция өкілі марқұмның денесін 2 сағаттың ішінде жеткізіп беретінін хабарлап, оның жанұясынан астыртын әрі дереу жерлеуге әзір болуын талап етті. Шухрат Диоровтың анасының жақын құрбысы болып табылдатын Дилором Исоқова былай деп мәілмдеді.

Д.ИСОҚОВА: “Жанұясы оның өлгені туралы қаралы хабар алды. Оның мәйітін бері жіберіп, телефонмен хабарлады. “Өлікке ешкімді жақындатпайсыңдар, тек жақындарына ғана көруге, қоштасуға рұқсат береміз!” деп ескертті. Олар марқұмды таңсәріде жерлеу керектігін қатаң тапсырды: “Ешкімге ауыз ашпайсыңдар! Болмаса қиын жағдайға тап боласыңдар!” деп ескертті”.

19-ыншы шілде күні “Азаттық” Радиосы өзбек ішкі істер министрлігінің қылмыстарға қарсы күрес бөлімінің шенеунегімен байланысып, Ш.Диоровтың қаза болуы себебін сұрағанда, шенеунек Диоровтың қайтыс болғаны жайынан тіпті бейхабар екенін мәлімдеді. Адам құқығын қорғайтын тәуелсіз “Езгүлік” ұйымының жетекшісі Васила Иноятова Ш.Диоровты жерлеп болғаннан кейін оның жанұясына жолықты. Оның хабарлауынша, марқұмның жанұясынан Диоровтың туберкулезден қайтыс болғаны туралы құжатқа қол қоюын сұраған. В.Иноятованың сөзіне қарағанда, Ш.Диоров туберкулезді түрмеде жұқтырып, түрме басшылығы оған жанұясымен көрісуіне 2,5 жылдай рұқсат бермей келді.

Туберкулез – ауа арқылы, жөтел, түшкіру арқылы оңай жұғатын бактериялық сырқат. Жалпы туберкулез шамамен 300 доллардай тұратын дәрі-дәрмекпен 6 айдың ішінде емделетін дерт. Алайда, тиесілі ем дер кезінде қолданылмаса, бактерия – түрлі дәрі-дәрмекке төтеп бере алатын басқа түрге, мысалға – қысқаша MDR-TB деп белгіленген түріне өзгеріп салады. Туберкулездің бұл түрі - әлдеқайда көп уақытты және әлдеқайда қымбат емді, шамамен 4.5 мың доллар тұратын дәрі-дәрмекпен емдеуді талап етеді. Бірақ Ш.Диоровтың туберкулездің қандай түрінен қайтыс болғаны белгісіз. Марқұмның жанұясынан естіген В.Иноятованың хабарлауынша, Ш.Диоров түрмеге дейінгі салмағынан 2 есе азып, құр сүйегі қалған көрінеді. В.Иноятова Ш.Диоровты аман алып қалуға болатын еді деп санайды.

В.ИНОЯТОВА: “Менің пікірімше және оның жанұясы мен балаларының ортақ пікірінше, егер оларға оның сыртқаттанып қалғанын дер кезінде хабарлағанда, оны емдеп алуға болар еді. Шухрат Диоров – тойып тамақ ішпеуден, дәрігерлік көмек пен дәрі-дәрмектің жетіспеуінен қайтыс болды”.

Адамның құқын қорғайтын тәуелсіз белсенділердің мәлімдеуінше, туберкулез -Өзбекстанның түрмелерінде кең етек жайған дерт, туберкулездің бүкіл елге кең жайылуына да осы түрмелердегі туберкулез эпидемиясы себеп болып табылады. Өзбекстанның қылмыстық жазалау жүйесі – сырт көзден мүлде жабық “патшалық”. Ресми билік өкілдері түрмелерде қанша адамның жазасын өтеп жатқанын ашық хабарламайды. Бірақ кейбір мәліметке қарағанда, 65 мың адам отырғанға ұқсайды.

Жазасын өтеп жатқандардың қаншасы туберкулезбен ауырғаны туралы ешқандай ресми немесе бейресми мәлімет жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдар үшін өзбек түрмелеріне кіретін ешқандай мүмкіндік, ешқандай жол жоқ. Өткен жылдың қарашасында Өзбекстанның сыртқы істер министрі Владимир Норов ондай ұйымдарға ресми Ташкент өз түрмелерінің есігін айқара ашып береді деп ант-су ішкен болатын. Міне содан бері өзге халықаралық ұйымдармен бірге Халықаралық Қызыл Крест Комитеті де Өзбекстанның түрмелеріне жол таба алмай босқа әуре-сарсаңға түсті. 20-сыншы шілде күні “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілі Пьер-Эммануэль Дакро (Pierre-Emmanuel Ducruet) Өзбекстан билігімен арадағы келіссөздің “өте ұзаққа созылғанын” және “ешқандай нәтиже бермегенін” атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG