Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.26.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Қазақстанның Батумидегі мұнай терминалының 100 пайыз акциясын сатып алуға ұмтылып отырғанын жазса, енді бір газет партиялардың парламент сайлауы алдында тіл мәселесін саяси құрал ретінде пайдаланып жатқандарын жазған. Ал тағы бір басылым Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаевтың Венаға сапарына тоқталған.

Қазақстанның Батумидегі мұнай терминалын толық сатып алғалы жатқандығы жөнінде «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Қазақстанның Кавказдағы экспансиясы сәтті жалғасуда. Жақын уақытта республикамыз Батумидегі мұнай терминалының толыққанды иесіне айналады. Әзірше Қазақстан терминалдың тек жартысына ғана иелік етеді. Мамандардың пікірінше, Қазақстанның мұндай қадамы кавказдық маршруттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жағымды рөл атқармақ. Батумидегі терминалдың Транскавказдық мұнай тасымалы дәлізінің басты құраушысы екені және жыл сайын 15 миллион тонна мұнай өнімдерін жегіп бере алатындығы белгілі» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаевтың 26 шілде күні Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Вена қаласындағы тұрақты кеңесінде еліміздегі баспасөздің жағдайы туралы жасайтын баяндамасына «Жас Алаш» газеті мән беріпті. «Қазақстан мұнайы, газы және басқа да жерасты байлықтарымен Еуропаға күлшелі баладай сүйкімді көрінгенімен, біздегі баспасөз бостандығына Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының қояр талаптары да бар. «Шекарасыз репортерлер» атты аса беделді халықаралық ұйымның әлемдегі елдердің сөз бостандығы мен ақпарат алу еркіндігін сараптап жасаған тізімінде Қазақстанның 128-ші орынды місе тұтуы көп жайды аңғартса керек. Оның үстіне өзге емес, Мәдениет және ақпарат министрінің бір өзі елдегі бірнеше ақпарат құралымен соттасып жатқанын ескерсек, еуропалықтар Ертісбаевты құда күткендей күтіп ала қоймасы да анық» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика мамандағының білім гранттарына тапсырған 10 абитуриенттің артынан ол мамандыққа гранттардың бөлінбегенінен, оқуға түсе алмай, дал болып жүргендігіне «Время» газеті тоқталыпты. «Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ирина Голодованың айтуынша, білім министрі Түймебаевтың мұндай бұйрығы электронды поштаға 18 шілде күні түскен, ал абитуриенттер бұл оқиғаны 22 шілдеде бір-ақ білген. Ол мемлекеттің Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің шығармашылық мамандық иелерін білім гранттарынан алғаш рет айырып отырғанын айтты. Барлығынан бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесінде 103 пен 118 балл аралығында жинаған, жақсыға оқитын студенттерге обал болды. Көбінің оқуға төлейтін ақшалары болмағандықтан, олар не істерін білмей отыр. Білім министрлігінен алданып қалған жастар енді прокуратураға шағымданбақ» деп жазды «Время» газеті.

Алдағы уақытта Сауд Арабиясының «Мекке» телеарнасының Қазақстанда хабар тарата бастайтындығына «Айқын» газеті мән беріпті. «Ислам дініне қарсы бағытталған әрекеттердің көбейіп кеткені белгілі. Олардың қатарында Дания басылымдарында жарияланған Мұхамед пайғамбарымызды келемеж ететін суреттерді, Америка түрмелеріндегі мұсылман тұтқындарды қорлау, қасиетті Құран кітабын аяқасты ету секілді оқиғаларды жатқызуға болады. Осындай қиын тұста арабиялық телеарнаның ТМД елдерінде де хабар таратуға шешім қабылдағаны құп алар жайт. Қазір зайырлы мемлекет саналатын Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы Исламның хақ жолын таңдағандар. Ендеше, телеарна бөлімшесінің ашылуын Қазақстан көрермендері де асқан ықыласпен күтері рас» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал саяси партиялардың парламент сайлауы алдында өз бағдарламаларында тіл мәселесіне көңіл бөле бастағанын «Түркістан» газеті жазыпты. «Болғанынан боладысы қызық сайлаудың мінберінен әр түрлі үн қатқан партиялардың бағдарламаларымен таныса отырып, бұның алдындағы Мәжіліс сайлауы мен Президент сайлауы кезіндегі сайлау алды бағдарламаларынан қашық кетпегендігін байқаймыз. Барлығы да әлеуметтік мәселелерді алға тартқан. Әлеуметтің көңіл-күйі дұрыс болуы үшін, оның жағдайы осал болмауы керек дейді қай-қай партия да. Бұдан екі жыл бұрын партиялардың көбінің бағдарламасында мемлекеттік тіл мәселесі қалыс қалған еді. Бұл жолы партиялардың барлығы да тіл саясатын айналып өтпегендігі байқалады. Бірақ дегенмен, мәселені шешудің жолын әркім әртүрлі ұсынады. Алайда, нақты шешім жоқ » деп жазды «Түркістан» газеті.

Сондай-ақ, «Түркістан» газетінде «Қазақфильм» киностудиясының көшірілетіндігі туралы мақала да жарық көріпті. «Бұрынғы жылы орнын суытып, жаңа мекенге «Қазақфильмнің» көшпеуге еркі өзінде емес. Оны көшіргісі келіп жатқан да – Үкімет. Үкіметтің көзқарасына сүйенсек, «Қазақфильм» көшпей, оның ісі алға жылжитын емес көрінеді. «Қазақвудты» жасағысы келетіндер де, «Қазақфильмнен» айырылғысы келмейтіндер де көп. Жалпы жаңа Голливудтың дүниеге келуі қазаққа зиян емес. Артық та болмайды. Ал ұлттық құндылығымыз болып саналатын «Қазақфильмнің» ғимаратын сақтап қалу – ұрпақ алдындағы борышымыз» делінген газетте.
XS
SM
MD
LG