Accessibility links

Алматыда бұзылатын тұрғын үй тұрғындары аштық жариялап жатыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыда Қабанбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысына жақын орналасқан №504-ші үйдің 5 тұрғыны өздері тұрып келген екі қабат ескі үй бұзылатын болғандықтан сол маңайға құрылыс салушы «Альпайр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Алматыжер» мекемесі ұсынып отырған өтемақыға көңілдері толмағандықтан, шілденің 9-нан бері аштық жариялап жатыр.

Аштық жариялаушылар ескі екі қабат үйдің алдында күннің ыстығынан, жауын-шашыннан қорғайтын шатыр құрып алып, соның астында бүктелмелі жайма-төсектерде жайғасыпты. Маңайды полиция қызметкерлері торуылдап бақылауға алыпты. Аштық жариялап жатқан 5 адамнының бірі - 21 жастағы Екатерина Попова өзінің осы екі қабатты ескі үйде туып-өскенін, тіпті бұл үйде өзінің шешесі де дүниеге келгенін айтады.

«Осы үйде барлық өмірімізді өткердік, енді қала әкімшілігінің рұқсатымен бұл үйді бұзғалы отыр, ал оның өтемақысы ретінде біздің әрқайсымызға ұсынып отырған жарты миллионға жуық АҚШ долларына көңіліміз толмайды», - дейді ол.

Шілденің 9-ынан бері аштық жариялап жатқан 5 тұрғынның тағы бірі Антонина Стрелцованың айтуынша, өздері тұрып жатқан осы ескі үйдің дәл алдына «Альпайр» фирмасы 5 жұлдызды қонақ үй салмақшы көрінеді.

«Салынғанына жарты ғасыр болған үйді бұзбақ болып отырған құрылыс фирмасы өтемақы ретінде әр шаршы метр үшін 7 мың АҚШ долларын, яғни жалпы аумағы 66 шаршы метр пәтерге жиыны 450 мың АҚШ долларын ұсынып отыр, ал біздің бұған көңіліміз толмайды. Біз Алматыда «алтын төртбұрыш» аталған ауданда тұрамыз. Сондықтан бізге дәл осы ауданнан осындай жаңа пәтер берсін, немесе пәтеріміздің әр шаршы метріне ең кемінде 10 мың доллардан төлесін деген талап қойып отырмыз», - дейді А.Стрелцова.

«Алматыжер» қазыналық кәсіпорны баспасөз қызметінің өкілі Александр Губерт «Альпайр» фирмасының тұрғындарға ұсынып отырған өтемақы мөлшері қазіргі нарық жағдайына толық үйлескен өтемақы деп санайды.

«Егерде тұрғындар бұған наразы болса, онда мәселені сот шешеді», - дейді ол.

«Альпайр» фирмасының құрылыс нысанындағы күзет бөлімінің инспекторы Тұрсын Мұсабаев аштық жариялап жатқан азаматтардың бұл қылығын заңсыз деп есептейді.

«Егер қандай бір үй ескіріп, қала көркіне көлеңке түсірерліктей болса, онда әкімшілік үйді бұзу туралы шешім шығарады, себебі ол оның жұмысы. Ал егер құрылыс салушы компания әр шаршы метрге 7 мың АҚШ долларын береміз десе, онда осындай ұсыныстан бас тартып отырған адамдарды түсіну қиын», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG