Accessibility links

«Қазақгейт» туралы сұрақтар интернет форумнан алынып тасталады


31 шілдеден бастап Интернет форум кезінде саяси партия көшбасшылары ең көп түскен сұрақтарға жауап береді. Бұл туралы Астанада Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев хабарлады. Оның айтуынша, электронды үкімет порталындағы «2007 жылдың 18 тамызындағы сайлаулар» деген бөлімде сүзгіден өткен сұрақтар тұрады.

24 шілдеден бастап әрбір тілек білдіруші www.e.gov.kz адресі бойынша электронды үкімет порталындағы «2007 жылдың 18 тамызындағы сайлаулар» деген бөлімге саяси партиялардың көшбасшыларына өз сұрақтарын жіберіп жатыр. Электронды үкімет порталында жұмыс істеуге мүмкіншілік беріп отырған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, порталдан партиялар туралы мәліметті және сайлауға қатысу мүмкіншілігі туралы мәлімет алуға болады:

- Қазақстандықтар партия туралы мәлімет алуына болады, форумға қатысуға болады, өз пікірін қалдыруға болады және партияларға сұрақ жіберуге болады.

Қазір Қазақстанда интернетке қосылған 460 қоғамдық пункттері тегін жұмыс істейді. Осыған орай «Азаттық» радиосының сұрағына берген жауабында Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев қазақстандықтардың 5-10 пайыз интернетке кіре алатынын айтты.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Сәкен Сәрсенов интернетке қосыла алатын адамдар санаулы екенін мойындайды.

- Киоскілер, негізінен, облыс орталықтарында орналасқан.

Астанадағы интернет кафелердің бірінде отырған студент Жанар Шәріпова интернеттің мүмкіншілігі көп болғанымен, оны пайдаланатын саны Қазақстанда тым аз дейді:

- Интернет-форум жаңа мүмкін пайдалы да шығар, бірақ қазақстандықтардың барлығының интернетке қосылатын мүмкіншіліктері жоқ және пункттер тек қалада, ал ауылдағыларға ондай мүмкіншілік жоқ болып тұр.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов болса, халықтың интернетпен қамтылу көрсеткіші төмен болса да, бұл мүмкіншілікті пайдалану керек деген пікірде:

- 5-10 пайыз болсын, әр мекемеде, әр үйде болмаса да, енді, интернет бар ғой, Интернет-кафе деген бар...

Үкіметтің веб-порталына 26 шілдеге дейін 2 күн ішінде 100 сұрақ түсіпті. Астаналық студент Жанар Шәріпова осы мүмкіншілікті пайдаланғысы келеді:

- Мен билік партиясына сұрақ қояр едім: неғып біздің Қазақстан ресурсқа бай ел, бірақ тек билікке жақын адамдар қалтасын байытып жатыр, ал халықтың көп бөлігі кедей. Ал оппозицияға қояр сұрағым: олар билікті сынай береді, ал өздерінің нақты ұсыныстары неге жоқ...

Осы орайда «Азаттық» тілшісі веб-порталға келетін сұрақтар сүзгіден өтпей ме деген сауалды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Сәкен Сәрсеновқа қойған еді:

- Президенттің саясатына сын айтылса немесе мәселен, «Қазақгейт» туралы сұрақ болса, қойыла ма?

- Біз ондай сұрақтарды алмаймыз, барлық сұрақ қойылады, бірақ лексикалық нормаға сәйкес емес және жәбірлеу, кемсіту мазмұнындағы сұрақтар алынып тасталады.

Интернет форум кезінде 31 шілдеден 8 тамыз аралығында саяси партия көшбасшылары аса өзекті мәселелерге жауап бергелі отыр. Партия өкілдерінің тұрғындардан түскен сұрақтарына жауабы «Қазақ радиосы» арқылы бір жарым сағат бойы тікелей эфирде берілмек.
XS
SM
MD
LG