Accessibility links

Маловодное елді мекеніндегі оқиғаға қатысты сот ісі қайта басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Биылғы жылдың наурыз айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Маловодное елді мекенінің «Казатком» ауылында жергілікті тұрғындар арасында болған қақтығысқа байланысты бұған дейін өткен сот ісінде ауыл тұрғыны Махмахановтар үйін өртеуге қатысы бар деп айыпталған екі жігіт сот үкімімен үш жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Алайда, Махмахановтар отбасы бұл жазаны тым жеңіл екенін айтып, сотқа аппеляциялық шағым түсірген еді. Сол шағым бойынша Есік қаласындағы аудандық сот сейсенбі күні Маловодное оқиғасына қатысты сот ісін қайта бастады.

Осы сот процесіне қатысып қайтқан ұлтшыл-патриотшыл бағыттағы қазақстандық бірқатар саяси-қоғамдық ұйымдардың жетекшілері сәрсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Республикалық «Ел болашағы» халық қозғалысының төрағасы Бағдат Әріпов сот жиынына Махмахановтар отбасынан олардың туысымыз деген екі әйелдің келгенін, болған оқиғаның куәгері ретінде екі полиция қызметкерінің шақырылғанын жеткізді.

«Біз Маловодное елді мекенінде болған қақтығыстың себептері мен салдарын зерттеу мақсатында арнайы комиссия құрып, оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатыстырылса деген талап өтінішімізді облыс басшыларына жолдаған едік. Алайда, оған ешқандай жауап болмады, ақыры талабымыздың аяқсыз қалғанын білдік», - деді ол.

Б.Әріпов заң орындары ауыл тұрғыны екі азаматты атып өлтірді деген қылмысқа күдікті, қазірде жасырынып жүрген Тахир Махмахановты тауып ұстап әкеліп, сот процессін кеңейтілген тұрғыда жүргізуі керек деп санайды.

«Ал Махмахановтар отбасының сотқа аппеляциялық шағым түсіргені - ұят іс болды», -дейді ол.

«Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымының төрайымы Гүлбахрам Жүнісова осы Маловодное елді мекенінің «Казатком» ауылында қырық жылдан бері тұрып келе жатқан Махмахановтар отбасының бұл елді мекеннен басқа жаққа көшетін болғаны туралы хабарды естігенін жеткізді. Өйткені, жәбірленуші ретінде соттың алғашқы отырысына Махмахановтар отбасынан ешкім қатыспады, тек туысқаны боламыз деген екі әйел және олардың адвокаты ғана қатысты. Сот отырысын басқарушы судья келесі сот жиынына қайткен күнде Махмахановтар отбасынан біреуінің қатысу керектігін айтты дейді ол.

Ал «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожа-Ахмет қайтадан басталған сот ісіне куәгер ретінде тек екі полиция қызметкерінің қатысып отырғандығына байланысты бұл жолы сот әділ шешім шығарады дегенге өзінің күмәнін білдірді. Ол сондай ақ Есік қаласында өтіп жатқан сот процессіне жергілікті билік араласып отырған сыңайлы деген пікір білдірді.

Сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Керімтай Таңатарұлы ұлтшыл-патриотшыл ұйымдардың Маловодное оқиғасына қатысты мәлідемелерімен таныс екендігін айта келе, жергікті билік сот жиынына, оның қандай шешім шығаратынына ешқандай араласпайтындығын жеткізді.

«Сот қандай шешім шығарады - оны өзі шешеді, оған біздің еш араласымыз жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, аудан әкімі көп кешікпей Махмахановтар отбасының басқа жаққа көшірілетіндігі туралы хабарды растаған жоқ, бірақ мүлдем жоққа да шығармады.

«Әрине, олар ол жерде ұзақ тұра алмас, қалайда қазір қазақстандық құқық орындары тарапынан күдікті адам ретінде іздестіріліп жатқан Тахир Махмаханов табылса, онда сот процессі басқаша жүретін болуы керек», - деді аудан әкімі.

Маловодное елді мекенінің «Қазатком» ауылында болған оқиғаны өз көзімен көрген Мұрат Нүсіп осы жолы сот әділ шешім шығарады дегенге өзінің онша сенбейтіндігін айтады.

«Қазақстанда әділ сот деген жоқ, барлығы сатулы», - дейді ол.

Махмахановтар отбасының арыз-өтініші бойынша шілденің 24-і күні басталған сот ісі шілденің 25-і күні жалғасып, сол күні кешке сот төрешісі шілденің 31-іне дейін сот ісінде үзіліс жариялады.
XS
SM
MD
LG