Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.27.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жұма күні жарық көрген басылымдар қазақстандықтардың мемлекеттік рәміздерді жөнсіз пайдаланып жатқандары жөнінде жазыпты. Сондай-ақ, бір газет саяси партиялардың жақын күндері интернет-конференция өткізетіндіктеріне тоқталса, енді біреуі жер учаскелері үшін «Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорны мен алматылықтар арасында алдағы уақытта үлкен тартыстың болатындығын жазыпты.

Қазақстанда мемлекеттік рәміздердің орынсыз, жөнсіз қолданыла беретініне «Литер» газеті мән беріпті. «Мемлекеттік рәміздерді ерінбеген өз қажетінше пайдалануда. Жалау, герб сияқты биліктің атрибуттары қарапайым азаматтарға қатты ұнайды. Олар мұндай белгілерді күнделікті өмірлерінде пайдаланғысы келеді. Бас прокуратурадағылардың пікірінше, егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, онда герб пен жалау алдағы уақытта киімдер, дәптер беттері мен конфет қабықтарында да бейнеленуі мүмкін. Бас прокуратурадағылар шенеуніктердің тез арада халықты патриоттық сезімге тәрбиелеуге кірісуі керектігін айтып отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Осы жайындағы мәселені «Айқын» газеті де айналып өтпеген. «Бас прокуратура мемлекеттік рәміздерге қатысты заң бұзушылықтарды жою жөнінде Индустрия және сауда министрлігіне ұсыныс енгізіп, ондай жайттарға жол берген лауазым иелерін жазаға тарту туралы мәселе қоюға мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар, премьер-министр мен мемлекеттік рәміздер жөніндегі мемлекеттік комиссияға анықталған ахуал жөнінде арнайы ақпараттық хат жіберіліпті. Аталған заң бұзушылық қатарында мемлекеттік рәміздерді, олардың бейнелері бар материалдық дүниелерді лицензиясыз жасау немесе негізсіз лицензия беру, лицензия беру мерзімінің бұзылуы жайттары жиі кездеседі» делінген газетте.

Сондай-ақ, «Айқын» газеті Орталық сайлау комиссиясының саяси партияларға арнап интернет-конференциялар ұйымдастырып жатқанына да тоқталған. «Өткенде Елбасының өзі бастап, интернет-конференция өткізгеннен кейін ғаламторда салынған осы соқпақпен жүріп өтуге құмартушылар қатары елімізде көбейе бастаған. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы да бұл үрдістен шет қалмауға шешім қабылдағаны мәлім. Осылайша, ұлы доданың думаны интернет «көшелеріне» де келді. Кеше Орталық сайлау комиссиясының бұл шарадағы бас көмекшісі Ақпараттандыру және байланыс агенттігі өзінің жүз пайыз әзірлігін жариялады. Сонымен, алдағы аптаның сейсенбісінде парламенттік үлкен бәйгенің жүлдесінен дәмелі жеті партияның басшылары жұртшылықтың өздерінен көптен сұрағысы келген, бірақ бата алмай жүрген сауалдарына жауап беруді бастамақ» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал Жер Кодексіне өзгерістер енгізгенінің арқасында «Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорны құзіретінің кеңейетіндігі «Новое поколение» апталығында баяндалған. «Алматыжер» мемлекеттік кәсіпорны ескі әуеніне қайта көшті. Ол алдында өзіміз айтып келгендей, халықтан ұзақ жылдар бойы жерді заңсыз тартып алып келген болса, енді осының бәрін заңды түрде жүзеге асырмақ. Елде конституциялық өзгерістер жүріп жатқан кезде, Жер Кодексіне өзгертулер қабылданып, ол күшіне жым-жылас, тыныш қана еніп кете барды. Сондықтан да қоғам қайраткерлері мен Бас прокуратураның жердің заңсыз алынуына қарсы күрестері жеңіліс тапты десе де болады. Ал біз, бұқаралық ақпарат құралдары, айналымға еніп кеткен «азаматтардың меншігін заңсыз тартып алу» деген сөз тіркесін қолдана алмаймыз. Енді, біздің өкінішімізге орай, барлығы заңды» деп жазды «Новое поколение» апталығы.

Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданындағы басып алынған жерлерді тұрғындардың қаланың шетіндегі жерлерге айырбастап жатқандығына «Караван» газеті тоқталыпты. «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғындары Алматы басшылығын шегіністер жасатуға мәжбүр етті. Бұрын басып алынған жерлердің орнына, шенеуніктер, енді оларға жаңа жер учаскелерін беруде. Алайда барлығына бірдей емес. Бүлікшіл ықшамаудан екі лагерге, жер алғандар мен жер алмағандарға бөлініп кеткен. Алайда жер алғандардың саны аздау. Ал Шаңырақтың бір бөлігі жер иелену бақытына ие болғандарды халықтық идеяны сатқандар деп атап жүр» делінген газетте.

Ал «Шаңырақ», «Бақай» сияқты ықшамаудандардағы үйлерді биліктің заңдастырудан бас тартып отырғандығы туралы мақала «Жас қазақ» газетінде жарық көріпті. «Енді бірнеше күнде мүлікті жария ету науқаны аяқталады. 1 тамызға дейін жасырған мүлік-мүкәмалын заңдастырып үлгергендер еш қылмысқа қатысы жоқ, тап-таза, пәк болып шыға келмек. Бұған дейін ұрлаған-жырлаған болсаң да, жетім-жесірдің несібесін тартып алып, еларалық келісімдер арасынан миллиондарды «сындырған» болсаң да, өтірік тендерлер өткізіп түйені түгімен жұтсаң да, кешірілесің. Ал тауыққорасы барлардың пысықтау бөлігі пара беріп болса да, бейнетті мүлкін заңдастырып үлгерген, қалғанының тауыққорасын еш мәмілеге келместен-ақ, полициясын жетектеген жауыз бульдозерлер күреп тастап жатыр. «Газдың үстінде», «судың жағасында», «тоқтың астында», әйтеуір, сылтау жетеді» деп жазды «Жас қазақ» газеті.
XS
SM
MD
LG