Accessibility links

Рахат Әлиев жаңа мәлімдемесінде өзінің бұрынғы қайын атасы билеп отырған елдің полицейлік мемлекетке айналып бара жатқанын айтады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан президентінің бұрынғы үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев өзіне тиесілі интернет сайттарының бірінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елшілеріне арналған мәлімдемесін жариялады. Онда ол «Қазақстан өзінің даму бағытында демократиялық бағыттан ауытқып, монархиялық, нақтысын айтсақ, полицейлік үлгідегі мемлекетке айналып барады» деген алаңдаушылық білдіреді. Сонымен қатар ол өзінің үстінен ашылған қылмыстық іс себебін «ресми адамдардың арасынан Назарбаевқа мәңгі президенттіктің халықаралық қауымдастық арасында теріс әсер тудыратынын мен ғана айтып едім, сондықтан мені қудалау басталды» деп түсіндіріпті. Алайда оның бұл соңғы мәлімдемесін қазақстандық кейбір сарапшылар «ол өзінің осы уақытқа дейін жасаған өрескел әрекеттерін саяси сылтаумен жуып-шайғысы келіп отыр» десе, кейбір сарапшылар «ол осындай мәлімдемелері арқылы Қазақстан билігіне ықпал етіп, өзіне тиімді жағдай ұтқысы келіп отырғандығын аңғартады» дейді.

Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында бірнеше жыл істеген Қазақстанның бұрынғы елшісі әрі президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің соңғы мәлімдемесін қысқаша айтсақ, ол - «жолайырықта тұрған Қазақстанның алдында екі жол ғана бар: бірі - демократиялық даму бағыты да, екіншісі – диктатура. Ал ОБСЕ-ге төрағалық екінші бағытқа жол бермеуі керек еді. Өкінішке орай, Қазақстан басшылығы менің ойымша тығырыққа апаратын екінші бағытты таңдап алды. Өмір бойғы президенттік, қоғамдық басқару институттарын жою, тәуелсіз басылымдарды жою, арнаулы қызмет органдары мен күштеу құрылымдарына кең мүмкіндіктер беру елді шын мәнінде полицейлік мемлекетке айналдырды» дей келіп, Әлиев мырза өзінің үстінен ашылған сот ісін «президентке қарсы шыққаным үшін биліктің маған қарсы жасап отырған арандатушылық әрекеті» деп түсіндіреді. Сөйтіп ол батыс елшілерінің назарына «Қазақстанды біртұтас Европалық құндылықтардан ауытқуын әлі де тоқтатуға болады» деген ой тастайды. Әлиевтың жаңа мәлімдемесі жайында қазақстандық бірқатар саясаткерлер мен саяси сарапшылардан пікір сұраған едік.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Әміржан Қосанов бұл мәлімдемеге байланысты «қайын атасы мен күйеу бала арасындағы отбасылық кикілжің ағайынгершілікпен реттеуге келмейтіндігін аңғартады» деген баға береді.

«Біраз уақыт қоғамда не Нұрсұлтан Назарбаев оның осы уақытқа дейін қоғамда әртүрлі сан-саққа жүгіртіліп жатқан сөзіне өзінің нақты жауабын береді, не болмаса туысқандар ретінде тіл табысады деген әңгіме болды. Рахаттың мына соңғы мәлімдемесіне қарағанда, екінші жағдайы жүзеге аспай жатқан сияқты. Қалай болғанда да президенттің отбасылық дамай үлкен қоғамдық саяси астар алып кетті. Ал Рахат Әлиевтің соңғы атқарған қызметтерін ескерсек, ол дау халықаралық дәрежеге шығып кетті», - деді Қосанов.

Ал тәуелсіз сарапшы Досым Сәтпаев болса Әлиев қолында бар компромат арқылы билікке ықпал етіп, саудаласқысы келіп отыр деген байлам жасайды.

«Оның қолында қазір Қазақстан билігіне әсер ету тетіктері бар. Бірінші тетік - ондағы бар компромат. Екінші тетік - оның қазір шетелде жүргендігі және сол арқылы халықаралық қауымдастық пікіріне әсер ету мүмкіндігі. Ол әу бастан өзін президенттің саяси оппоненті етіп көрсетіп жүр. Және барлық жерде өзінің басындағы соңғы оқиғаларға саяси реңк беріп, осы оппоненттігімен түсіндіріп бағуда. Осы хаттың жариялануын мен өз басым сол халықаралық қауымдастық пікірін өз пайдасына өзгертуге деген ниеттен деп ойлаймын. Биыл Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық мәселесі талқыланатынын ескерсек, осы хат арқылы Рахаттың сол процеске әсер еткісі келгендігін көруге болады. Сол арқылы ол өзінің әлі де сахнадан кетпегендігін ескерткісі келгендей. Бірақ, оның демократия, сөз бостандығы туралы айтқандарына, егер оның 2001 жылғы әрекетінен Қазақстан элитасының біразы демократиялық оппозицияға кеткенін ескерсек, Қазақстан жұртшылығы онша сене қоймайды», - дейді Досым Сәтпаев.

Әміржан Қосанов бұл даудың бәріне президент жариялы түрде жауап беруі керек деп санайды.

«Президент бұл мәселенің ағын – ақ, қарасын – қара деуі керек! Егер де Рахат Әлиев өзінің «сүттен ақ, судан таза» екенін дәлелдесе – бір гәп, ал егер де оны дәлелдей алмаса, әрине, мұның бәрі оның осы күнге дейін жасаған өрескел әрекеттерін саяси сылтаумен жапқысы келетінінің бір ғана дәлелі болады», - деді Қосанов.
XS
SM
MD
LG