Accessibility links

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев «БАҚ туралы» жаңа заң ОБСЕ стандартына сай болатындығын мәлімдеді

  • Досан БАЙМОЛДА

Шілденің 26-сы күні Австрия астанасы Вена қаласындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымы - ОБСЕ-нің тұрақты кеңесінің отырысында баяндама жасаған Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Ермұқамет Ертісбаев, алдағы уақытта елдегі «БАҚ туралы» заңға енгізілуге жоспарланып отырған өзгертулерге ОБСЕ-нің бірқатар ұсыныстары қабылданатын болады деп тұрақты кеңеске қатысушыларды сендірді.

Е.Ертісбаев өзінің баяндамасында бүгінгі күні Қазақстанда қолданыстағы заңнамаларда билік өкілінің ар-намысы мен ар-ұжданына тікелей әсер ететін жала жабу, қорлау не жәбірлеу мәселелері заңнамада үлкен жауапкершілікке тартылатындығы көрсетілгендігін, ал егерде осы мәселеге БАҚ араласқан болса, онда ол қатаң жазаланатын баптар барлығын айта келе, заңға енгізілетін өзгертулерге БАҚ-дарына қатысты осы баптарды алып тастау жөнінде ұсыныс жасағандығын мәлімдеген. Сондай-ақ, министр Қазақстанда БАҚ-ты монополдыруға болмайтын және Электрондық ақпарат құралдарын тіркеу туралы бапты алып тастау мәселелерінің қарастырылып жатқандығын жеткізген.

Мәдениет және ақпарат министрінің бұл мәлімдемесінен бір аптадай уақыт бұрын, Қазақстанның журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев және сөз еркіндігін қорғау жөніндегі «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Қалеева министрге сауал хат жолдап, «БАҚ туралы» заңға енгізілмек өзгертулер мен толықтыруларды ОБСЕ мінберінен жариялардан бұрын алдымен елдегі журналистер қауымына таныстырылуы қажет екендігін ескерткен еді.

«Ең дұрысы, министр Е.Ертісбаев әуелі бұл заңға енгізілгелі отырған өзгертулерді Қазақстандағы журналистерге таныстыруы керек еді. Енді міне, ол демократ адамның бейнесінде ОБСЕ мінберінде Қазақстанның баспасөз заңы қандай болатындығы туралы мәлімдеме жасап тұр. Бір жағынан, оның айтқаны шынымен іске асса - құба-құп, ал екінші жағынан, сәл түсініксіз болып тұр», - дейді «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының төрайымы Розлана Тәукина.

Тәукинаның айтуынша, Қазақстанда биылғы жылы билік өкілінің ар-намысына тиді деп айпталып, жаза тартқан 5 журналист бар болса, былтыр бұндай жағдайға ұшыраған журналистер саны 10 болған.

«Әділ сөз» халықаралық қоры жанындағы ақпараттық талдау орталығының жетекшісі Ғалия Әженова министр Е.Ертісбаевтың айтқан сөздері шынымен орындалса, онда бұл қазақстандық журналистер үшін жақсы жаңалық хабар боларын айтады.

«Алайда, ол кісінің биік мінберден айта салуы бір басқа да, ал айтқан сөздерінің қалай, қашан орындалатындығын нақты деректермен толықтырып жеткізу бөлек мәселе болмақ», - дейді Әженова.

Венаға аттанар алдында Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында «БАҚ туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулардың заң жобасы жаңа сайланған парламент мәжілісінің қолына, бәлкім, келер жылы барып қалар деп айтқан болатын. Ал қайсыбір қазақстандық ақпарат құралдарына министр бұл жоба биылғы жылы қазан айында барып түсетіндігін айтыпты.
XS
SM
MD
LG