Accessibility links

Баспасөз шолуы. 07.28.2007 жыл

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Шымкенттегі ВИЧ дерті оқиғасына байланысты шыққан сот шешімінен кейін дәрігерлер арасында басталған наразылық шараларының жалғасы туралы жазыпты. Сондай-ақ, газетте Рахат Әлиевке қатысы бар деп есептелініп отырған тағы бір адамның із-түзсіз жоғалып кеткендігі жайында ақпарат жарияланған. Ал бір газетте жақын арада Қазақстанда әйелдер мен ерлерге арналған купе вагондарының пайдаланылуға берілетіндігі туралы жазылыпты.

Шымкенттегі ВИЧ дерті оқиғасына байланысты шыққан сот шешімінен кейін қаладағы дәрігерлер арасында басталған дабыраға «Время» газеті мән берген. «Шымкенттегі сотталған дәрігерлердің туған-туыстарының мазасыз отырғанына бірнеше күн болды. Жақын күндері Оңтүстік Қазақстанға Жоғары соттың төрағасы Қайрат Мами келмек. Халық оның қабылдауында болуды көздеп отыр. Дәрігерлер ісіне байланысты сот ісіне қатысушылардың аппеляциялық шағымдарын 31 шілдеде қарау қарастырылған. Дәрігерлер тағдырының қалай шешілері белгісіз, әзірше сотталған дәрігерлердің әріптестері қарап жатқан жоқ. Қаланың реаниматолог, анестезиолог және педиаторлары жұмыстан шығу туралы өтініштер берген» делінген газетте.

Сондай-ақ, «Время» газеті осы санында Ішкі істер министрлігінің жоғалған Нұрбанк топ-менеджерлерінен бөлек, КТК телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Анастасия Новикованы да іздестіріп жатқандығына тоқталған. «Рахатгейт деп аталып кеткен қылмыстық іске байланысты іздестіру шараларынан хабардар етіп отырамыз деген уәделерге қарамастан, Ішкі істер министрлігі кейбір фактілерді жариялауға асығар емес. Қазір бізге полицияның із-түзсіз жоғалып кеткен екі емес, үш адамды іздестіріп жатқаны белгілі болды. Осы қыста жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің тізімі енді әйел есімімен толықты. КТК телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Анастасия Новикова бұдан екі жарым жыл бұрын Венада, Рахат Әлиев Австрияда елші болып тұрған кезде жоғалып кеткен деген ақпарат бар» деп жазды «Время» газеті.

16 шілде күні Украина жерінде аударылған Қазақстан поезының апатқа ұшырауының нақты себептерін Украина үкіметінің жасырып отыр деген ақпарат «Литер» газетінде баяндалыпты. «Қазақстандық поездың Украинада аварияға ұшырауын зерттеу украин мамандары арасында да жанжал тудыруда. Мысалы, «Қазфосфат» компаниясымен әріптес «Сереп» украин компаниясының пікірі үкіметтік комиссия мүшелерінің пікірінен ерекшеленіп отыр. Сондай-ақ, поезд аударылған аймақта жүрген есімі әлемге әйгілі ғалымдар да үкіметтік комиссияның уәждеріне күмән келтіруде. «Қазфосфат» директоры Қайрат Шатбақовтың айтуынша, қазақстандықтар посткеңестік кеңістікте фосформен жұмыс істеуде ең біліктілердің қатарында. «Қазфосфат» өкілдері апат болған жерге 19 шілде күні келгендерімен, оларды әлгі күнге дейін зерттеу құжаттарымен таныстырмаған» деп жазды «Литер» газеті.

Сондай-ақ, «Литер» осы санында Қазақстанда жолаушыларды тасымалдайтын поездарда ерлер мен әйелдерге арналған арнайы вагондардың пайда болғанына да көңіл аударыпты. «Отбасында әйелдері мен күйеулері арасында кикілжіңдер тумасы үшін және жолаушыларға ыңғайлы жағдайлар жасау үшін темір жол басшылығы біржынысты купелерді айналымға енгізетін болды. Жолаушылар орындарға «жігіттер – солға, қыздар - оңға» деген принцип бойынша емес, қалаулары бойынша орналасатын болады. Купелерді әйелдер және ерлер деп бөлу тек қызғаншақ жұбайларға ғана емес, гигиена мәселелеріне де байланысты болып отыр. Алдыңғы кезде әрбір поездта тек бір-бірден ғана осындай вагондар болса, кейіннен олардың қатары өсе түспек» делінген газетте.

Ал «Кub.кz» интернет басылымы «Вашингтон пост» газетінде «Жергілікті жер дауы Қазақстан үшін халықаралық жанжалға дейін өсті» деген атаумен жарық көрген мақала жариялапты. «Барлығы да Кришна санасы қоғамы мен жергілікті әкімшілік арасындағы жер дауынан басталды. Алайда бұл оқиға біртіндеп Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына кіру жоспарларына тосқауыл қоятындай халықаралық жанжалға айналды. Маусымдағы акциядан бір апта бұрын Қазақстандағы Дін істері жөніндегі комитеттің төрағасы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Румынияда өткен отырысында өз еліндегі дін туралы заңның посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында «ең либералды» екендігін мәлімдеді. Алайда кришнаиттер үйінің алғашқы қиратылуынан кейін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының кейбір мүшелері энергетикалық ресурстарға бай, Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін бұл елдің демократиялық жетістіктеріне күмәнмен қарайтындықтарын айтты. Ал мамыр айында Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымындағы және Австриядағы елшісі Рахат Әлиевті қамауға алу жөнінде шығарған ордері Қазақстанның беделіне тиген екінші соққы болды» делінген мақалада.
XS
SM
MD
LG