Accessibility links

Оппозициялық партия сайлаушыларға арналған өз мақаласы үкіметтік газетте «күзеуден өтіп» жарияланғанына наразылық білдіріп отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Дүйсенбі күні Алматыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия көсемі Жармахан Тұяқбай Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың атына ресми шағым түсіргенін мәлімдеді. Онда Тұяқбай мырза үкіметтен қаржыландырылатын «Казахстанская правда» газетінің бас директоры Владимир Квятковскийді әкімшілік жазаға тартуын талап етеді. Оған партияның үгіт-насихат материалын «Казахстанская правда» газеті Орталық сайлау комиссиясы бекіткен мерзімнен кешіктіргені және әлгі материалдың үштен бірі түпнұсқадан өзгертіліп, «цензуралық түзетулермен басылғандығы» себеп болған.

Оппозициялық партия көсемі Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, әу баста «Казахстанская правда» газетіне басуға берілген сайлау алды жарнамалық материал 48 сөйлемнен тұрған екен.

- 27-шілде күні басылуы керек осы материалды газет басшысы Олег Квятковский 28 шілде күні, өз еркімен 16 сөйлеміне түзетулер енгізіп, өткір айтылған жерлерін жұмсартып, кейбір жерлерде «мемлекет жемқорлыққа белшесінен батқан, полицейлік жүйеге айналды» деген сөздерді мүлдем алып тастап басыпты, - деді Ж.Тұяқбай.

Жармахан Тұяқбай бұны «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарын өрескел бұзу әрі ой еркіндігін тежеп жасалған цензуралық әрекет деп бағалап, Бас прокурордың, мәдениет және ақпарат министрінің, Орталық сайлау комиссиясының төрағасының атына шағым-арыз жібергені туралы мәлімдеп отыр.

- Біз Бас прокуратураға осы оқиғаға байланысты құқықтық баға беріп, «Казахстанская правда» газетінің басшыларын жазаға тарту, газетке осы материалдың бастапқы нұсқасын қайта бастыру туралы тиісті нұсқау беруін өтіндік. Әрине, біздің өтініш-арызымыз қаншалықты орындалады немесе орындалмайтынын біз білмейміз. Шынын айтқанда, осы мәселеден біз пайда да көргіміз жоқ, үгіт-насихатымыздың басты арқауы еткіміз де келмейді. Біз осы нақты заң бұзушылықтардың барын, ондай заң бұзушылықтар күннен-күнге көбейіп бара жатқандығын, егер де билік шынымен осы жолы әділетті сайлау өткізді деген баға алғысы келсе, бұны тоқтату керектігін ескерткіміз келеді, - деді оппозициялық партия төрағасы.

Сонымен қатар Тұяқбай болған жайтты газет басшысының өз еркімен жасаған түзетулері деп санамайды:

- Менің ойымша, бұл жерде редакцияның өзі осындай заң бұзушылыққа барып, батыл қадам жасады деп ойламаймын. Бұл жерде сол газеттің құрылтайшылары, билік органдарының тапсырмасы бойынша жасалды ма деген күмән бар.

Оппозиция көтеріп отырған даулы мәселеге қатысты дүйсенбі күні «Казахстанская правда» газетінің басшылығынан қандай да бір түсініктеме алмақ болған талпынысымыз нәтиже бермеді.

Бұл биылғы сайлау науқаны кезінде қазақстандық оппозицияның өзінің заңды құқығының бұзылғаны туралы алғашқы наразылығы емес. Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның телеэфир үшін дайындаған «Бір мемлекет, екі тағдыр» атты сайлау алды жарнамалық бейнематериалдарын ел аумағына хабар тарататын 4 бірдей телеарна – арасында мемлекеттік, жартылай мемлекеттік және жеке меншік компаниялар бар - көрсетуден бас тартқан болатын.

- Ол роликтерде Конституцияға қарсы келетін, не елдегі тыныштықты бұзуға бағытталған, я болмаса мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіру бағытындағы ешқандай іс-әрекеттер жоқ. Біз бар болғаны елдегі күнделікті шынайы жағдайды айтып, бір жағынан шіріген байлыққа батып жатқан топтың, ал екінші жағынан көпшілік халықтың бүгінгі бишара күнкөрісінің арасындағы қарама-қайшылықты ғана көрсетуге тырысқанбыз. Ол - бүгінгі шырылдап тұрған шындық! Оған ешкім ешнәрсе дей алмайды. Бірақ, соның өзінде, ол роликті биліктің телеарналарының жібермей қоюы, ол да менің ойымша, біздің қарқынымыздан, біздің принциптігімізден, біздің өткір мәселелерді қоя білуімізден биліктің қорқып, әлгіндей жайтпен келіспейтін ой-пікірді халыққа жетпесін деген әрекеті деп білемін, - дейді Тұяқбай.

Оппозицияның осы телероликтерін көріп, талқыға салған «Сайлау кезеңіндегі ақпараттық дауды реттеу қоғамдық кеңесі» қабылдаған шешімде «бұл роликте партияның бағдарламасы уағыздалмаған, екіншіден, қоғамдағы әлеуметтік алауыздықты қоздырады, сондықтан телеарналарда көрсетуге жатпайды» делінген екен. Бірақ, әлгі шешімге өз наразылығын білдірген оппозиция басшыларының бірі Ораз Жандосов ондай қоғамдық кеңестің ролі мен орны жайында «Сайлау туралы» заң мен Конституцияда айтылмағанын алға тартып, «осы қоғамдық кеңес шешімі қаншалықты заңға сәйкес келеді?» деген сауалды Орталық сайлау комиссиясына жолдап отыр. Оппозиция басшыларының осы айтылған мәлімдемелеріне қатысты Бас прокуратура әзірге жауап берген жоқ.
XS
SM
MD
LG