Accessibility links

Чехия Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты дамытқысы келеді

  • Досан БАЙМОЛДА

Чехия Республикасының Қазақстандағы төтенше әрі өкілетті елшісі Милан Седлачек сейсенбі күні Алматыда қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде екі ел арасындағы қарым-қатынаста экономика саласы маңызды рөл атқарып отырғанын айтты.

«Өткен жылы Чехияның Қазақстанға шығарған экспорт көлемі 100 млн доллардан асып жығылған болса, биылғы жылдың алғашқы 5 айы бойынша жағдайымен бұл көрсеткіш 50 млн доллардан асып отыр», - деді чех елшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Чехия арасындағы экономика саласындағы ең бір жемісті жоба - Чехияның аты әлемге әйгілі «Шкода» үлгісіндегі жеңіл аутокөліктерінің Қазақстанда, Өскемен қаласындағы «Азия-Авто» кәсіпорынында құрастырылуы болмақ.

«Өткен 2006-шы жылы «Шкода» үлгісіндегі 2000 мыңдай жеңіл аутокөлік осы зауытта құрастырылып, қазір Қазақстан қалалары мен жолдарында зымырап жүр», - деді М.Седлачек.

Елші М.Седлачектің айтуынша, 1997-ші жылдан бері Чехия Қазақстанда құны 45 миллион чех кроны боларлық бірқатар бірікен жобаларға қатысты. Мысалы, 1997-2001 жылдары Алматы-Астана бағытындағы темір жолды жаңалау және Астана қалалық көлік-жол жағдайын жақсарту жобалары.

«2003-2005 жылдары Чехияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қазақстандағы ауыз су мәселесіне қатысты жобаны қаржыландырған. Бүгінгі күні Қазақстанның ішкі рыногында чехтың 30 компаниясы жұмыс істейді, ал Чехия Қазақстанға кірігізген инвестиция жағынан 30-шы орында», - деді Чех елшісі.

Сондай-ақ Чехияның Қазақстандағы елшісінің орынбасары әрі консулы Светослава Данешованың айтуынша, Чехия Республикасының жоғарғы оқу орындары қазақстандық жастарға есігін айқара ашып отыр. Тек биылғы жылы Қазақстаннан 100-ден астам студент Чехияның жоғарғы оқу орындарында экономика, саясаттану, кино өнері, физика, химия мамандықтарын игеру мақсатында аттанған.

«Ал Чехия үкіметі жыл сайын бакалавр, магистр және доктарантура бағдарламасының әрқайсысына 4 қазақстандық студенттен арнайы шәкіртақы тағайындайды, өткен жылы осы бағдарлама бойынша 13 студент оқыды», - деді С.Данешова.

Чехия елшісі М.Седлачектің айтуынша, 1994-ші жылдан бері Чехия үкіметі Қазақстанның Ақтөбе облысында тұратын этникалық чех отбасыларын олардың тарихи отаны болып саналатын Чехияға көшіру ісімен айналасып келеді. Осы уақыт ішінде 700-дей адам Қазақстаннан Чехияға қоныс аударыпты.

«Ал өткен бейсенбіде тағы 57 адам Чехияға біржолата көшіп барған. Осында қалған 170-дей адамды көшіру жұмысы алдағы қыркүйек, қазан айларында іске асырылмақшы», - деді ол.

Сондай-ақ М.Седлачек Қазақстан мен Чехия арасында өз шешімін таппай отырған бір мәселе барлығын айтты.

«Кезінде Совет Одағы мен Чехословакия елдері арасында жасалған келісім бойынша, 152 миллион доллардың қарызын Қазақстан жағы өтеуі тиіс болатын, алайда бұл мәселе осы уақытқа дейін өз шешімін таппай отыр», - деді елші.

Биылғы жылдың мамыр айының 1-інен бастап Алматы және Прага қалалары арасында аптасына бір рет «Боинг-757» ұшағы тікелей ұшатын әуе қатынасы іске қосылды.

«Бұл әуе жолы екі елдің кәсіпкерлері мен саяхатшыларының тікелей араласуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр, алдағы уақытта бұл рейстің санын көбейту мәселесін көтермекшіміз», - деді Чех елшісі М.Седлачек сөзінің соңында.
XS
SM
MD
LG