Accessibility links

Адамның шыққан тегі – Африка құрлығы деген болжам ғалымдар арасында айтысты жалғастырып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Адамның шығу тегі жөнінде екі түрлі пікір бар. Оның бірінің дәлелдеуінше, адамзат Африкадағы бір адам кіндігінен таралған. Екінші теория бойынша, әлемнің әр түкпірінде, әртүрлі жағдайда алғашқы адам баласының түрлі ұрпақтары дами келіп саналы адамзаттың ұрпағын қалыптастырған. Кембридж университетінің Зоология департаментінде Андре Маника бастаған ғалымдар тобы әлемнің барлық түкпірлерінде, шамамен 6000-нан аса адамның бас сүйектерін зерттумен айналысқан болатын. Ондағы мақсат - жоғарыдағы қос теорияның бірі ғана шындыққа жанаса ма, жоқ әлде екеуі де дұрыс па деген сауалды зерттеу еді. Зерттеу нәтижесі “Начур” журналында таяуда жарық көрді.

Зерттеу тобының айтуынша, Африкадан алыс жерлердегі адам бас сүйегінің пішіні оңтүстік-шығыс Африкадағы үлгілерден айтарлықтай ерекшелене қоймаған. Мұның өзі адамзат баласы Африкадағы бір адамнан таралған деген тұжырымды қуаттайды, дейді Маника. Бұл теорияны қолдаушылардың айтуынша, кезінде алғашқы адамдар осы жерде 150 мың жылдай тұрып, өсіп-өніп, түрлі бұтақтарға бөлініп, көбейгеннен кейін, жер бетіне таралып кеткен. Ғалымның сөзіне қарағанда, Оңтүстік Америкада тұратын жергілікті тұрғындар мен Аустралияда өмір сүретін жергілікті тұрғындар арасында генетикалық өзгерістер өте аз. Ал, Африкаға жақын жерлердегі адамзат баласының тектік жағынан әртүрлілігі байқалады екен.

Дей тұрғанмен Уйсконсн университетінің маманы Джон Хаукс бұл тұжырымға сенбеуде. Ол ғалым адамның бас сүйегін өлшеудегі Маника жасағының әдістеріне күмән келтіруде. Маниканың айтуынша, бас сүйектің әртүрлілігі генетикалық әртектілікті дәлелдейді. Ал, Хаукстың дәлелдеуінше, қоршағаның ортаның да адамның әртүрлілігіне әсері зор. Бұл айтыс одан ары жалғасуда.
XS
SM
MD
LG