Accessibility links

Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» ұйымы белсенділерінің үстінен сот басталды


Тамыздың 1 күні Қарағанды қаласында «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жетекшілері мен белсенділерінің үстінен сот үдерісі басталды. Бұған дейін Қазақстанда сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылған «Хизб ут-Тахрирдің» қызметіне тиым салынған болатын.

Сәрсенбі күні Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында өткен жылы қыста тұтқындалған адамдардың үстінен сот басталды. Жарты жылға созылған тергеуден соң жинақталған қылмыстық іс 120 томнан тұрады. Іс бойынша 300-ден астам куә тыңдалды. Айғақ ретінде 35 мың үнпарақ, 627 дана діни әдебиет және қазіргі заманғы типографиялық 5 жабдық алынды деп хабарланып отыр. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ботагөз Ибраева осы қылмысты іс бойынша сотта 30 адам айыпталып отырғанын айтты:

- Олардың ішінде «Хизб ут-Тахрир» ұйымының Қазақстандағы көшбасшысы, партия бөлімдерінің аймақтық жетекшілері және астыртын баспамен қаржыландыруға жауапты адамдар бар.

Ибраеваның айтуынша, тергеуге көмек көрсеткен белсенділердің біреуі, жергілікті заңдарға сәйкес, қылмыстық жауапкершіліктен босатылыпты:

- Және кейбір жетекшілер мен белсенділер «Хизб ут-Тахрир» ұйымының экстремистік мазмұнын сезініп, тергеу органдарына қылмысты ашуға септігін тигізді. Олар өз еріктерімен БАҚ арқылы бұрынғы серіктерін партиядағы жұмыстан бас тартуға шақырды.

Олардың бұл үндеуіне құлақ асқан Алматы, Астана, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы 167 адам өз еріктерімен партиядан шығып, экстремистік мазмұндағы 5 мың дана әр түрлі әдебиет тапсырды, дейді қауіпсіздік комитетінің өкілі. Жалпы, «Хизб ут-Тахрир» ұйымы қызметінің Қазақстан аумағында тарауына байланысты әртүрлі пікірлер бар. Дінтанушылар оның басты себептерінің бірі ретінде әлеуметтік жағдайды атайды. Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Хизб ут-Тахрир» қауіпті ұйымға жатқызады:

- Біз пәтуа шығардық: Қазақстанда «Хизб ут-Тахрир» - зиянды ағым екені жөнінде. Олар елде халифат құрамыз дейді.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Божко, мемлекет діни экстремизмге демеу беретін ұйымдарға қарсы шара қолдануы қажет деп санайды.

- Өйткені, әдетте мұндай ұйымдар кейін лаңкестік ұйым болады, - дейді Божко.

Мәскеудегі ТМД-ның террорға қарсы Орталық жетекшісінің бірінші орынбасары Бексұлтан Сарсеков лаңкестік қаупі бар кейбір ұйымдар осы уақытқа дейін еркін қаржыландырылып келе жатыр дегенді айтады:

- «Хизб ут-Тахрирдің» қызметіне ТМД елдеріндегі 6 мемлекетте Жоғарғы сот шешімімен тыйым салынған. Бірақ, Лондонда олардың орталық штаб пәтері бар. Ол жерде ашық болғаннан кейін, олардың есеп-шоттары бар. Оларға қаржы бөлінеді.

Қазақстанда экстремистік және халықаралық лаңкестік деп табылған 13 ұйымның қызметіне тиым салынған. Олардың барлығы исламдық ұйымдар. Қазақстан заңдары бойынша азаматтар діни көзқарасы үшін заңмен қудаланбайды. Бірақ, оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов, Қазақстан билігі елдегі режимді күшейту үшін дін саласына тікелей араласып келеді деген пікірін айтады.

- Қазіргі мүфтидің өзін сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы мен сол кездегі ақпарат министрі тағайындаған. Сондықтан, билік баяғы әдетіне салып, басқаша ой айтатындарға тізесін батырып отыр, - дейді саясаткер.

Астана тұрғыны Әбдімүтәліп Бимұрзаұлы Ислам дініндегілердің арасынан жау іздеу ертеңгі күні кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікірде:

- Басқа протестанттық, христиандық немесе кришнаизм, буддизмнің ішінде келген біздің мемлекетімізге теріс пиғылды ағымдар, олардың ошақтары ұсталып жатқан жоқ. Тек қана, исламның ішінен ғана біз қазір жау іздеп жатырмыз. Мысалы, «Хизб ут-Тахрир» адамдарының кінәсіна өз басым күдігім бар. Бұның бәрі соңғы уақытта режимді күшейту үшін жасалып жатқан шара сияқты.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, биылғы жылғы көкек, мамыр айларында елде тағы да «Хизб ут-Тахрир» белсенділері қолға түскен. Оларға қарсы 9 қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG