Accessibility links

Қарасу елді мекенінің тұрғындары аштық жариялауларын тоқтатты

  • Досан БАЙМОЛДА

Бұған дейін Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының шешіміне өздерінің наразылықтарын білдіріп, шілденің 24-нен бері аштық акциясын өткізіп келген Алматы қаласының Жетісу ауданына қарасты Қарасу ауылының 13 тұрғыны тамыздың 1-нен бастап аштық акцияларын доғарды. Оған Қазақстанның бас прокуратурасының шілденің 31-і күні аталмыш мәселе бойынша шығарған қаулысы себеп болған.

Алматы қалалық прокуратураның азааттық істер жөніндегі басқармасының бастығы Жанболат Атанов, сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында, Қарасу елді мекені тұрғындарын сол жерден күшпен көшіру жөніндегі сот шешімінің орындалуына Қазақстанның бас прокуроры тоқтау салғанын жеткізді.

«Қазақстан Республикасы Бас прокурорының шілденің 31-і күнгі қаулысымен аталымыш іс бойынша сот шешімін орындау азаматтық-процессуалдық кодекстің 396- бабына сәйкес 3 ай мерзімге тоқтатылды», - деді прокуратура өкілі.

Оның айтуынша, енді прокуратура соттағы барлық іс қағаздарын өзіне сұрап алып, онымен жан-жақты танысу, зерттеу жұмыстарын жүргізбекші. Егерде прокуратура қандай бір заң бұзушылық болғанын анықтаса онда сотқа өзінің қарсылығын жасамақ.

Қарасу елді мекенінде шілденің 24-інен бері аштық жариялаған 13 тұрғынының бірі Жақсыгүл Жаржанова, сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында, бас прокурордың бұл қаулысымен осыдан бір күн бұрын қалалық прокуратура қызметкерлері әкеліп таныстырғанын айтты.

«Сондықтан, аштық жариялауды тоқтаттық, алайда бұл уақытша тоқтату, енді 3 ай бойы прокуратура не істейтіндігін күтеміз, одан нәтиже болмаса тағы да аштық жариялаймыз», - деді ол.

Қарасу елді мекенінің 13 отбасына 1998 жылы Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің шешімі бойынша үй, баспана салып алуға жер уческелері берілген еді. Тұрғындар 2005-ші жылы әкімшілік өкілдері жерді заңдастырып береміз деп, 13 отбасының әрқайсысынан 10 мың АҚШ долларынан есептеп, жиыны 130 мыңдай доллар ақша алғанын айтады. Ал 2006-шы жылы маусым айында Алматы қалалық әкімдігі осы 13 отбасы отырған жерді аукцион арқылы «Абажур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 70 миллион теңгеге сатып жібереді. Жерді сатып алған фирма бұл жерге сауда-байланыс нысанын саламын деп уәде еткенімен, ол жерге құрылысты салмастан, биылғы жылдың басында әлгі жерді 7 миллион АҚШ долларына сатамын деп газетке жарнама берген.

Міне, содан кейін «Абажур» фирмасы мен тұрғындар арасында сот дауы басталып, оның ақыры Жетісу аудандық соты тұрғындардың үй, баспаналарын бұзып, өздерін сол жерден көшіру туралы шешім қабылдайды. Бұл шешімді Алматы қалалық азаматтық істер жөніндегі алқасы да қарап, растаған соң, оған наразы болған Қарасу аулының 13 тұрғыны аштық акцияларын бастаған-ды.
XS
SM
MD
LG