Accessibility links

Рахат Әлиевтің меншігінде болып келген газет жабылмақ


Қазақстанның кейбір ақпарат көздері елдің Автриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің меншігіндегі медиа-холдингке бағынышты “Газета.kz” апталық газетінің жабылатынын хабарлады. Қазақстан ақпарат министрлігі газеттің жабылатынына өздерінің қатысы жоқ екенін айтып отыр. Ал, бірқатар тәуелсіз журналистер басылымның жабылуы газет құрылтайшыларының ішіндегі шешім және қаржылық қиындықтармен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады.

Қазақстанда Рахат Әлиевке тиесілі тағы бір ақпарат көзі жабылатын болды. Газеттің редакторы Алексей Гостев жергілікті ақпарат көздеріне бұл жайлы берген сұхбатында: «газеттің жабылатыны туралы шешім әлі шыққан жоқ, бірақ маған бірінші тамыздан бастап газет шығарылымын тоқтататыны туралы жазғы демалысқа шыққан адам айтты. Дүйсенбі күні газетті шығартпай тастады. Бұл туралы басшыларыммен сөйлесе алмадым, олар менімен байланысқа шыққан жоқ. Біздің ұжым толығымен жұмысқа шығып жүр, себебі біз жұмыстан босатылатынымыз туралы құжаттарға қол қойған жоқпыз ғой. Егер шынымен газет жабылатыны туралы бұйрық келсе, біз құқығымыз бұзылды деп есептеп, тиісті заң орындарына шағымданамыз деп ойлаймын» деп жауап берген екен.

«Азаттық» радиосы осы мәселеге байланысты Қазақстан ақпарат және мәдениет министрлігімен байланысып мән-жайды сұрағанымызда, министірліктің бөлім бастығы Алмас Жолтаев:

- Бізде «Газета.kz» басылымын жабу туралы ешқандай шешім шыққан жоқ», - деп жауап берді.

Қазақстандық тәуелсіз журналист әрі «Қатер астындағы журналистер» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина газеттің жабылуын оның негізгі құрылтайшысы Рахат Әлиевтің басындағы соңғы саяси дау-дамаймен байланыстырады.

«Мендегі бар мәлімет бойынша, бұл газеттің жабылуына не сот жүйесі, не биліктің еш қатысы жоқ. Мұндай шешімді газеттің құрылтайшылары, ішкі басшылық қабылдаса керек. Дегенмен де негізгі құрылтайшысы – Рахат Әлиев қазір шетелде, ол өзіне тиесілі қаржыларының негізгі бөлігін сол шетелге шығарып үлгерген деген дерек бар. Ал енді шетелден газетке қаржыны қалай жеткізу мәселесі – инвестиция ма, жоқ басқаша бағалануы керек пе - түсініксіз болса керек. Сондықтан бұл газеттің жабылуы - экономикалық себептерге байланысты деп ойлаймын. Екіншіден, бұл газеттің жабылуына Ұлттық қауіпсіздік комитеті де септігін тигізсе керек. Себебі, шетелде «бүйректен – сирақ» шығаруға тырысып жүрген Рахат Әлиев болсын, не оның қасындағы Шуховтар болсын, осы ақпарат құралдары арқылы Қазақстан ақпараттық кеңістігінде белгілі бір саясат жүргізгісі келетіні байқалды. Сондықтан қауіпсіздік комитеті «алдын алу мақсатында» осы газет пен интернет сайттың жабылуына кеңес берсе керек деп ойлаймын», - дейді Р.Таукина.

Ағайынды Шуховтар Рахат Әлиевке тиесілі «Караван» газетінің редакторлары және қазір олар да Венада тұрып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір сайттарда қазір Венада жүрген Рахат Әлиев пен оның қасындағы нөкерлері арасында өзара енші бөлісуге қатысты тартыс басталып кетті деген мәліметтер жарияланды. Соған қарағанда, «Қазақстандағы Рахат Әлиевке тиесілі тағы бір ақпараттық құралдың жабылуы сол тартыстың салдары да болуы мүмкін» дейді кейбір сарапшылар.
XS
SM
MD
LG