Accessibility links

Қырғызстанда 11 адамға ауруханадан ВИЧ дерті жұққаны анықталды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қырғызстанның Ош аймағында 11 адамның СПИД және ВИЧ дерттеріне шалдығу себептерін ресми билік зерттеуде. Ол ауырғандардың 9-ы балалар екен. Жергілікті денсаулық сақтау саласы басшыларының біразы қызметінен кетірілді. Кейбіреулері жұмыстағы салғырттығы үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Қырғызстанның Ош аймағының Нукат ауруханасында 11 адамнан СПИД белгілері табылған. Және бұл ауруға шалдыққан 9 баланың барлығы да екі жасар немесе тіпті одан да жас болып шықты. Аурухананың бас педиатры мен аймақтық педиатрия орталығының басшысы да жұмысынан кетті.

Қырғыз Денсаулық сақтау министрлігінде жарық көрген түсініктеме-мәлімдемеге қарағанда, 2005-ші жылы балалар бөлімінің басшысы Толон Шайназаровқа ауруханадағы екі балаға ВИЧ қоздырғышының жұқтырылғаны үшін сөгіс жарияланған екен. Бұл ақпаратты президент әкімшілігі жанындағы денсаулық ісі бойынша басшысы Қасымбек Мамбетов те растап отыр. Аталған қатерлі аурудың таралуына немқұрайдылықпен жол бергендерді жазалауды сұрап, президент әкімшілігінің басшысы Медет Садырқұлов Бас прокурор кеңсесіне өтініш жолдады.

Ауруханадағы салғырт жұмыстан ВИЧ қоздырғышы таралып отырған Қырғызстан Орта Азиядағы жалғыз ел емес. Бұл орайдағы ең қиын көрсеткіш Қазақстанның оңтүстік облысында кездесіп отыр. Онда кем дегенде 118 бала және 14 ересек адам осы сырқатқа шалдыққан. Қан құю, қан алу істерінде таза жабдықтарды қолдануға салғырттық жасағаны үшін жергілікті денсаулық сақтау саласының 21 қызметкері мен басшылары қамалған еді. Ал, өткен жылдың соңында, Тәжікстанның бір ауруханасында кем дегенде 6 адам, оның бірі 4 жасар бала, ВИЧ-СПИД дертіне шалдыққан болатын.

Мұндай дертті жұқтыру фактілері жөнінде Түркменстан мен Өзбекстаннан мәлімет алу қиын. Себебі ол үкімет басшылары өз елдеріндегі жағымсыз хабарларды сыртқы әлемге шығармауға тырысады.

Аталған ауру түрлерінің ұрымтал жағдайда жайылуына байланысты Қазақстанда қан алу, қан құю ісін мұқият тексеру, бақылауға алу, сондай-ақ ол үдеріске қолданылатын жабдықтардың тазалығын мұқият зерттеу қолға алынған. Енді міне Қырғызстан мен Тәжікстандағы аталған жағдайлар бұл елдерде де қатаң тазалық шараларын сақтауға алып барса керек.
XS
SM
MD
LG