Accessibility links

ВИЧ індетіне қатысты сот үкіміне наразы Шымкенттік дәрігерлер жұмысқа шығудан бас тартып отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру оқиғасы бойынша дәрігерлерді айыпты деп таныған биылғы жылдың маусым айының 26-сы күнгі сот үкіміне наразы болған Шымкент қаласындағы екі балалар ауруханасының реаниматолог-дәрігерлері бірнеше күннен бері жұмыстарына шықпай отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәуелсіз кәсіподағы ұйымдары федерациясының төрайымы Лариса Хорькова бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында қазіргі жағдаймен қаладағы екі балалар ауруханасында барлығы 7 реаниматолог-дәрігердің бірнеше күннен бері жұмысқа шықпай отырғанын, әлгі екі ауруханада тек бір-бір реаниматолог-дәрігердің ғана қалғандығын хабарлады.

Л.Хорькованың айтуынша, дәрігерлер бұдан бұрын осы қызметтерінен кетпек ниетін білдірген арыз-өтініштерін кәсіподақ ұйымдарына берген екен, енді олар жұмысқа шықпай отыр.

«Бұл, бір жағынан, ВИЧ індетіне қатысты өздерінің әріптесі болатын дәрігерлерді айыпты деп таныған сот үкіміне наразылықтары болса, екінші жағынан, енді ол дәрігерлерің алдағы өмірлері мен тағдырларына алаңдаушылықтарынан туып отырған жайт», - дейді Л.Харькова.

Сот үкімімен айыпты деп танылған дәрігерлердің құқығын қорғаушы, солардың атынан облыстық сотқа аппеляциялық шағым-арыз дайындаған адвокат Мұсатай Бектасов Шымкенттік дәрігерлердің жаппай жұмыстарынан кете бастауы - ВИЧ оқиғасына қатысты шыққан сот үкімінің тікелей салдары деген пікір айтады.

«Егер де бүгін 7 дәрігер жұмысқа шығпаған болса, ертеңгі күні 25 дәрігер жұмысқа шықпай қалуы мүмкін», - дейді адвокат.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетін жұқтырған балалар мен олардың ата-аналарының құқығын қорғаушы «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрағасы Сағадат Масауров ВИЧ індетіне қатысты сот үкімі әділ болмаған деп санайды.

«Ең ауыр жаза алуға тиісті облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшыларының жеңіл жазамен құтылды», - дейді Масауров.

Тамыздың 3-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының алқасы балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру туралы істе сотталған 15 дәрігердің аппеляциялық шағымдарын қарап, өзінің шешімін жариялауы тиіс. Алайда, тамыздың 1-күні облыстық прокуратура сот алқасынан осы іске қатысты алғашқы сатыдағы соттың дәрігерлерге шығарған үкімді өзгеріссіз, күшінде қалдыруды сұрап талап-өтініш жасапты.

Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалардың жалпы саны 123-ге жетті. Осы кезге дейін олардың 10-ы қайтыс болған болса, ВИЧ вирусы тағы да 14 ананың бойынан табылған.
XS
SM
MD
LG