Accessibility links

Қазақстанда тағы бір тәуелсіз журналист мезгілсіз қазаға ұшырады


Сәкен Таужанов біраз уақыт «zonakz.net» Интернет-газетінде, ал биылғы жыл басынан «kub.kz» сайтында жарияланып келген өз мақалаларында Қазақстандағы ресми билікті де, оппозицияны да әжуа-мысқылмен өткір сынап жазатындығымен танымал болған еді. Интернеттгі «kub.kz» сайтында 28 шілде күні жарияланған ең соңғы мақаласын да Сәкен елдегі парламент сайлауы науқаны кезіндегі тірлікті суреттеп, билік партиясы мен оның көсемін мысқылмен сынап жазған болатын. Марқұмның кейбір әріптестері оның қазасы кездейсоқ жол апатынан болды дегенге күмәнмен қарайды.

Биыл жасы 37-ге шыққан Сәкен Таужанов көбіне интернет торында танылған журналист еді. Ол өзінің әжуә, мысқыл аралас ащы сынға толы мақалаларын ашық, өз атымен, тіпті суретімен басушы еді. Ол билікті де оппозицияны да өткір сынайтын...

Ресми билік органдары оның жол апатынан қаза болғандығын және қазір айыптының қамауға алынғанын айтады. Сәкеннің әйелі соңғы кездері жұбайының өмірінде ешқандай да ерекше оқиғалар, тосын телефон қоңыраулары болмағанын, күнделікті жұмысқа барып жүргенін айтады.

Сәкенмен бірге бірнеше жыл «zonakz.net» Интернет-газетінде істеген, сайт редакторының орынбасары Ғимран Ерғалиев марқұмды былайша еске алады:

«Сәкенмен біз бір жыл бірге zonakz.net сайтында істедік. Бір жыл ол біздің авторымыз болды. Жеке өз пікірін ашық айтатын жігіт болатын. Негізінен, ол өзі кәсіби журналист емес еді. Бірақ, жазатын мақалалары өте өткір, қазіргі заманға жаны ауырып, шындықты кесіп айтатын мақалаларында қазіргі көптеген өзекті мәселелерді көтеретін еді. Қаралы хабарға қайғырып отырмыз. Қаланың өмірі солай... қайғылы оқиға, машина басып кетіпті... Кездейсоқ болуы да мүмкін, қазір Алматыда машина айдайтын адамдар ешқандай тәртіпті сақтамайды. Ал Сәкенді біз білеміз, денелі, толық, үлкен жігіт, асықпай-саспай жай жүретін, жүгіру дегенді білмейтін».

Ал Сәкенмен сол интернет беттерінде пікір таластырып жүрген журналист Қазис Тоғысбаев Сәкен жайлы былай деп еске алады:

«Ол өзінің мақалаларында көп жағдайда билікке, президент Назарбаевтың режиміне соққы бере келіп, түптеп келгенде Назарбаевтың өзін ерлікпен, ымырасыз, қатқыл да ашық сынайтын. Жол апатынан қаза болды дейді ғой, бірақ мен оған сеніңкіремеймін. Оның күнделікті жұмысқа баратын жолы, уақыты белгілі, сондықтан оның көзін жоюдың «арнайы операция» жобасы іске асырылуы ықтимал екенін жоққа шығармаймын».

Қазақстандағы «Қатер төнген журналистер» қоғамдық қорының жетекшісі, тәуелсіз журналист Розлана Таукина да бұл қайғылы оқиға кездейсоқ болды дегенге күмән білдіреді.

«Былтырғы қыркүйектен бері Қазақстанда 7 журналист қаза болды. Бірақ, билікке қарсы пікір айтып жүрген журналистердің жол апатына ұшырауы жиілеп кетті. Мысалы, осыған дейін Пугаев, Нури Муфтах, Асхат Шәріпжан, Батырхан Дәрімбет, «Қазақгейт» материалдарын баса бастаған Оралдағы «Талап» газетінің редакторы Юрий Баев, енді міне Сәкен Таужан - барлығы жол апаттарынан қаза болды... Осыларға қарасаңыз, еріксіз көңілге еркін ойлы журналистердің жол апатынан қаза болуы тіпті жиілеп кеткен жоқ па деген сауал келеді», - дейді Розлана Таукина.

Марқұммен қоштасу тамыздың 3-күні таңертең оның Алматыдағы үйінде өтіп, сол күні жерленеді.
XS
SM
MD
LG