Accessibility links

Бас прокуратура оппозициялық партияның үгіт материалында заңға қайшы тұстар бар деп отыр


Қазақстандағы оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия дайындаған сайлауалды бейнероликтерде формальді түрде әлеуметтік араздық туғызатын нәрселер бар. Бұл туралы Астанада Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов хабарлады. Ал партия өкілдерінің айтуынша, билік ролик әсерінен қорқып, өзге сылтау тауып отыр.

Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісовтың айтуынша, қазір оппозициялық партияның сайлау кезіндегі үгіт мақсатындағы видеоматериалдарына сараптама жүргізіліп жатыр.

«Әлі соңғы нәтижесі дайын емес. Бірақ, біздің пікірімізше, алдын ала мәлімет бойынша, роликтерде формалды түрде әлеуметтік араздық туғызатын нәрселер бар», - деді Бас прокуратура өкілі.

Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Уәлихан Қайсаров бұның басқа мақсаты бар деп санайды:

- Бас прокуратура роликтерді дұрыстап қарап, нағыз сол көтеріп отырған мәселеден ешнәрсе таба алмай, бірақ, сол роликтерді жоюдың жолын табу үшін, басқа мәселе көтеріп отыр. Біз бас прокуратураға берген кезде бір мәселемен бердік, олар алдын ала болсада басқа мәселеге байланысты жауап беріп отыр. Роликтің жүрекке әсер ететін қуаты мол. Билік халық роликті қарап, партияны бұдан да қатты қолдайды деп қорыққандықтан роликті қалай болса да телеэкранға жібергізбеуді ойлап отыр.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық даулармен айналысатын қоғамдық кеңесіне Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан арыз түскен. Партия өкілдерінің айтуынша, мемлкеттік «Қазақстан», жартылай мемлекеттік меншіктегі «Хабар» және жеке меншіктегі «КТК», «31 арна» телекомпаниялары оппозициялық партияның үгіт-насихатқа арналған бейнероликтерін көрсетуден бас тартқан. Қоғамдық кеңес мүшелері болса роликтерде белгілі адамдарды көрсету үшін сол адамдардан жазбаша рұқсат алу керек, беті бүркемеленседе Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің жүзін тануға болады дегенді алға тартты. Кейбіреулер роликті көрсетуге тыйым салатын басқа себеп тапты. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия сарапшысы Марат Башимов та бұл роликтер әлеуметтік араздықты тудырады дегенмен келіседі.

- Роликтерді беруге болмайды. Өйткені, ол біздің Конституция баптарына да, халықаралық шарттарға да сәйкес келмейді. Өйткені, адам құқықтары бостандыққа шектеледі. Қандай мәселе: ұлттық қауіпсіздік үшін заңмен бірге, біреудің құқықтарын қорғау үшін, мынадай аразшылдық адамдардың арасында жасамас үшін. Мысалы, жай көрсетсе гольф ойнап жатқанын, маған да гольф ұнамайды, бірақ гольфті байлар ойнап жатыр, ана жақта мынадай болып жатыр дегенде ол әлеуметтік аразшылдықты қозғап тұр. Содан кейін «Сендер халыққа беріңдер бәрін!» деп айтып тұр. Қараңыз, қазір халық байларды соғамыз деп жүгіріп шықса, ол сондай араздықты туғызып басқа адамдардың құқықтарын бұзады. Өйткені, оның өз меншігі бар, - дейді Башимов.

Жеке меншіктегі «31 телеарна» заңгері Ермек Қуанышевтің түсіндіруінше, сайлау туралы заңға сәйкес насихат жасағанда адамның бетін оның жазбаша рұқсатынсыз көрсетуге болмайды. Даулы роликтің бірінде Шымкенттегі ВИЧ індетін жұқтырған бала көрсетіледі. ВИЧ жұқтырған баланың әкесі Қанат Әлсейітов оппозиция баланы көрсетпес бұрын рұқсат алуы керек еді дейді. Ал, партия өкілдерінің айтуынша, олар бейнероликтегі белгілі тұлғаларға зиян тигізбес үшін олардың бетін бүркемелеп көрсеткен. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Уәлихан Қайсаров прокуратураның алдын ала берген мәліметінің өзі заңға қайшы деп отыр:

- Қалай болса да сотқа береміз. Заң бойынша, сот 5 күн ішінде мәселені қарап, шешімін шығару керек. Сосын, егер сотта дұрыс шешім шықпаса, онда бәрін шет елден ОБСЕ-дан, ТМД-дан келген бақылаушыларға материалдарды береміз.

Оппозициялық партия өкілдері, даулы роликтерде билік басында болған белгілі тұлғалардың байлығы мен кедейлердің күн көрісі салыстырмалы түрде көрсетілгенін айтады. Ал, есімін атағысы келмеген мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы өкілінің айтуынша, дәл осындай роликтер араздықты туғызбайды:

- Әлеуметтік теңсіздік араздықты тудырды деп жатыр, онымен мен келісе алмаймын. Ол барлық жерде бар жағдай. Біреулер Австрияда Вена сарайында вальс билеп жатса, екіншілер шахтада қара жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанда парламент Мәжілісінің сайлауы 18 тамызда өтеді.
XS
SM
MD
LG