Accessibility links

Баспаcөзге шолу. 08.03.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдар Алматы әуежайында тағы да апатты жағдай тіркелгендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда мүлікті заңдастыру акциясы барысында заңбұзушылықтар орын алғандығына тоқталса, тағы бір басылым голландиялық саяхатшы жаяулатып Шымкент қаласына жеткендігіне мән беріп отыр.

Алматы әуежайында тағы ұшақ апатты жағдайға ұшырағандығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Бұл жолғы оқиғаға да тиек болған АН-24 ұшағы болды» делінген мақалада. Қырғызстан Республикасының “AvіaTrafіkCompanі” авиакомпаниясының иелігіндегі АН-24 ұшағының доңғалақтары дәл қонатын кезде сыр берген. Әуежай қызметкерлерінің айтуынша ұшақ бортында төрт ұшқыштан басқа ешкім болмаған. Бұл соңғы апталарда болған екінші апатты жағдай. Өткен аптаның басында Шымкенттен ұшып шыққан АН-24 ұшағы Алматы әуежайына тура осындай апатты жағдайда қонған болатын. Қону алаңына ұшақ доңғалағы тиер-тиместен резинасы жарылып, айдалаға ұшып кеткен. Шайқалып әрең тоқтаған ұшақтан 13 жолаушы мен үш ұшқышты құтқарушылар түсіріп алған болатын» деп жазды «Айқын» газеті.

«Караван» газеті болса Қазақстанда мүлікті заңдастыру акциясы барысында заң бұзушылар орын алғандығына тоқталып өтіпті. «Аталған аймақтағы айлакерлер өз мүлкімен қоса, өзгелердің саяжайларын, жолдарды, тіпті көпірлерге дейін заңдастырып алғысы келген» делінген мақалада. «Осыған орай қаржы полициясына 15 материал қылмыстық іс қозғау үшін өткізілді. Тексеру барысында белгілі болғандай, гараж кооперативінің төрағасы 24 гаражды заңдастырып алмақшы болса, тағы біреусі 12 гаражды иемденіп алуға талпыныс жасаған. Сондай-ақ, бақша шаруашылығының бір басшысы оншақты саяжайды заңдастырып алғысы келіпті. Тағы бір азамат ондаған жылдар бұрын салынған көпірді иемденуге талпынып көрген. Оралда мүлікті заңдастыру акциясы барысында бұдан өзге де қызықты мәліметтер тіркелді» деп түйіндейді «Караван» газеті.

Сонымен қатар, басылымдар Қазақстандағы сайлау науқанын да жіті қадағалап отыр. Мәселен, «Литер» газеті Патриоттар партиясының сайлау қорында 4 теңге қалғандығына мән беріп өтіпті. «Орталық сайлау комиссиясының тамыздың 1-не сәйкес мәліметіне қарағанда, қорында шамамен 127 миллионы бар Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы әртүрлі шараларды ұйымдастыруға шамамен 94 миллион теңгені жұмсаған. «Нұр Отан» партиясы шамамен 137 миллионның 127 миллионын ұсатыпты. Қорында 85 жарым миллионы бар «Ақ Жол» соның 60 миллионнан астамын жұмсаған. «Руханият» партиясы 2 жарым миллион, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы – 9 мың 30 теңге, «Ауыл» - 12 миллионнан астам қаржыны үгіт-насихат шараларына пайдаланған» деп жазды «Литер» газеті.

“ZONAKZ” тәуелсіз интернет сайты болса Қазақстандағы электрондық ақпарат құралдары сайлауға түсіп жатқан жеті партияның қызметін қалай көрсетіп жатқандығына тоқталып өтіпті. «Тамыздың 2-не жасалынған мониторингке сәйкес, телеарналарда насихатталу жағынан «Нұр Отан» партиясы алда келе жатыр. Аталған партия жөнінде эфирде жарық көрген материалдардың жарымынан астамы мемелекеттік телеарналардан көрсетілген. Бұл уақытта Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының эфирге шығуы салыстырмалы түрде азайған. Оның есесіне «Руханият» партиясының ақпараттық насихаты артқаны байқалады - эфирге шыққан материалдар саны 65 пайызға көбейіпті. «Ақ Жол» партиясының жұмысына қатысты материалдардың дені мемлекеттеттік телеарналарда көрсетілген» деп жазды “ZONAKZ” тәуелсіз интернет сайты.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті голландиялық азамат Еуропадан жаяулап Қазақстанның Шымкент қаласына жеткендігіне мән беріп отыр. «37-жастағы Ян Врооманс шымқалаға жету үшін 9 аяқ киім ауыстырыпты» делінген мақалада. «Кәрі құрлықтан Қытайға дейін жаяу жүруді жоспарлаған саяхатшы өткен жылдың күзінде сапарға аттанған болатын. Осы уақытқа дейін сегіз мемлекеттен өткен ол қазақ топырағына аяқ басқан. – Осы сапарым арқылы мен өзімнің жаңа қабілеттерімді ашып немесе көзқарастарымды өзгертіп келемін. Ақтөбеден Шымкентке дейінгі аралықта маған күннің ыстықтығы мен халықтың жылылығы қатты әсер етті, - дейді Ян Врооманс. Енді саяхатшы Алматы қаласына қарай жол тартады» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG