Accessibility links

Рахат Әлиев өз ашық хатында Анастасия Новикованың марқұм болғанын жазып отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан қоғамының назарында тұрған Рахат Әлиев төңірегіндегі дау-дамайды жоғалған адамдар тізімі тағы бір кісімен толығып отыр. Биылғы наурыз айынан бастап алты айдан бері қайда екені белгісіз боп отырған «Нұрбанктің» бұрынғы басқарушы қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің қатарына енді Алматыдағы жекеменшік телеарналардың бірінде тележүргізушісі болып қызмет атқарған Анастасия Новикова деген әйел есімі қосылды. Қазақстандық кейбір басылымдар оның Рахат Әлиевке жақын ортада болғаны туралы жазды. Туыстарының айтуынша, Новикованың хабар-ошарсыз кеткеніне екі жылдан асыпты. Өткен аптаның соңында бірқатар баспасөз құралдары осы әйелдің мәйіті Шымкент қаласының маңында табылған деген ақпарат таратты.

Жергілікті кейбір басылымдар мен ақпарат агенттіктері Шымкент қаласының маңында Анастасияның мәйіті табылғанын және ол ДНК сараптамасынан өтіп жатқандығын хабарлап отыр. Қазақстан ішкі істер министірлігінің баспасөз басшысы Бағдат Қожахметов әлгі ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Ол тамыздың 6-күні «Азаттық» тілшісінің қойған сұрағына:

- Бұл туралы ресми мәлімдеме жақын бір-екі күнде жарияланады, - деген қысқа жауаппен шектелді.

Әйткенмен, Б.Қожахметов Новикованың жоғалуы туралы іс пен Рахат Әлиевке қатысты іс арасында байланыс барлығын айтты.

- Новикованың жоғалғаны біздің тергеушілердің «Нұрбанктың» төңірегіндегі адам жоғалу оқиғасын тергеу барысында ашылып отыр. Сондықтан, оған Рахат Әлиевтің қатысы бар деген сөз айтуға болады, - деді ҚР ІІМ өкілі.

Ал тамыздың 5-күні Рахат Әлиев өзінің бұрынғы қайын атасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған ашық хатында «менің немере бауырым Данияр мен оның әйелі –Анастасияның қазасын сіздің жандайшаптарыңыздың саудаға салып, оған мені қатыстырғысы келгені - шектен шыққан арсыздық» деп жазыпты. Бір атап өтерлігі, бұған дейін Новикованың хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы жазылғанымен, оның бұл дүниеде жоқ екендігі туралы хабар Әлиевтің ашық хатында айтылып отыр.

Новиковаға қатысты қазақстандық басылымдарда жарық көрген журналистік зерттеу мақалаларда Рахат Әлиев пен Анастасия Новикова арасында тым жақын қарым-қатынас болуы мүмкін екенін айғақтайтын жайттар келтірілген.

2002 жылы жазда Алматыға Тәшкеннен келген Өзбекстан азаматшасы Анастасия Новикова Қазақстандағы Рахат Әлиевтің иелігіндегі «Алма-Медиа» холдингінің құрамына кіретін КТК, НТК телеарналарында тележүргізуші боп қызмет атқарыпты. Сол жылдың аяғында Австрияның Вена қаласына барған Новикова, 2003 жылы ақпан айында туыстарына жазған хатында өзінің жүкті екендігін хабарлапты. Ал наурыз айының 29-күні Данияр Жақсыбекұлы Естенмен некеге отырады. Бұл неке Қазақстанның Венадағы елшілігінде тіркелген екен. Сол жылы маусым айының 18-күні Грекияға қоныс аударған А.Новикова, 24 тамыз 2003 жылы Ливан астанасы Бейрут қаласында босанып, дүниеге қыз бала әкеледі. Айтпақшы, Бейрутте Рахат Әлиевтің шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан әкпесі тұратынына назар аударады Новикова жайлы жазып жүрген Қазақстандық басылымдар.

Ташкендегі туыстарына соңғы хатты интернет арқылы 2004 жылдың шілде айында жазған Новикова содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Оны іздеп әртүрлі орындарға арыз-өтініш түсіріп, сұрау салған Анастасияның ағасы Владимир Медведев Қазақстанның «Время» газетінің тілшісі Геннадий Бендицкийге сұхбат берген кезде, «Рахат Әлиевті суреттен танып, оны Настяның үйінде көргенін айтыпты» дейді қазақстандық тәуелсіз журналист Розлана Таукина.

«Владимирдің редакцияға әкеп табыстаған электронды пошта арқылы жазған хаттарын саралап қарасаңыз Настя Рахаттан нәрестелі болғандығы анықталады», - дейді журналист Бендицкий.

Настя өз хатында Венада жүріп Данияр Естен деген азаматқа тұрмысқа шыққандығын жазыпты. Бірақ, барлық хаттарында шешесі мен ағасын «менің кімге тұрмысқа шыққанымды айтпаңыздар» деп, қатаң ескерткен екен. Ал Венадағы елшілікте жүргізуші боп қызмет істеген Данияр Естен 2005 жылы мамырдың 12-күні сол Венада жол апатынан жұмбақ жағдайда қаза тапқан.

Розлана Таукина Настяның Даниярмен некесі жалған, көзбояушылықпен жасалған неке деген ой айтады.

«Анастасия Рахаттан нәресте босанады да, Рахаттың қасында жүргенін қалай да заңдастыру үшін оны сол Данияр Естенмен некелестірген. Данияр - Рахат Әлиевтің немере інісі», – дейді тәуелсіз журналист Розлана Таукина.

Ал, журналист Бендицкийдің айтуынша, Анастасия алдымен нәрестеге босанып, сонан кейін Даниярмен тұрмыс құрған көрінеді. Сондықтан, «ол сәбиді Даниярдың баласы деп айту қиын» дейді журналист.

Қазір 3-4 жасар боп қалған қыз бала осы күндері Алматы маңындағы бір елді мекенде Данияр Естеннің анасының қолында тәрбиеленіп келгені туралы ақпарат бар.

Анастасия 9 желтоқсан күні жазған хатында «ертең оның туған күні, біз оны күтіп жүрміз» деп қызының әкесін айтыпты. Осы орайда, қазақстандық басылымдар, Рахат Әлиевтің де туған күні 10-шы желтоқсан екенін атап өткен. Ал Данияр Естен 1973 жылы шілденің 19-күні дүниеге келіпті.

Із-түзсіз жоғалғанына екі жарым жылдан асқан «Анастасия Новикованың мәйіті Шымкент қаласының маңынан табылыпты, оны ДНК сараптамасына салып жатыр екен» деген ақпарат өткен аптаның соңында кейбір баспасөз құралдарында жарияланды. Егер мәйттің табылғаны рас болса, оның ДНК құрамының сәйкестігін жоғарыдағы аталған 3-4 жасар қыздан қан алу арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ, әлгі сәбидің Рахат Әлиевке жақындығы бар ма деген сауалға да жауап алуға болар еді. Кішкентай қызды іздестірумен айналысып жүрген «Время» газетінің тілшісі Дилярам Аркин қазіргі кезде «ол қызды Рахат Әлиевтің туыстары жасырып жүр» дейді.

Ал, Анастасияның ағасы Владимир «қарындасымның жоғалып кетуіне Рахат Әлиевтың қатысы бар» деп, «Нұрбанктің» бұрынғы басқарушысы Жолдас Темірәлиевтің жоғалуына байланысты Рахат Әлиевті Қазақстанға қайтаруды талап етіп жүрген, Жолдастың зайыбы Армангүл Қапашевамен бірге Австрия үкметіне жолданған үндеу-хатқа қол қойыпты.
XS
SM
MD
LG