Accessibility links

Қазақстандық журналистердің қоғамдық ұйымдары республикалық БАҚ-дарында сайлау алды жағдайындағы саяси партиялардың бәсекесі қалай айтылып жатқанына мониторинг өткізді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстандағы телерадиохабарларын таратушылар қауымдастығы мен Қазақстанның журналистер одағы биылғы жылғы шілденің 18-інен тамыздың 5-і аралығында сайлау алды тақырып қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында қалай хабарланып, таратылып жатқандығына мониторинг өткізген қортындысын жариялады.

Қазақстандағы телерадиохабарларын таратушылар қауымдастығының президенті Айдар Жұмабаевтың айтуынша, шілденің 18-і мен тамыздың 4-і аралығында сайлауалды тақырып республикалық 26 мерзімді басылымда, 8 электрондық ақпарат құралында және 16 интернет сайтында қалай айтылып жатқандығына бақылау жасалған. Осы уақыт ішінде әлгі басылымдарда сайлау тақырыбына арналып 949 мақала, ақпараттық материалдар жарияланған болса, теле-, радио арқылы жиыны 800-дей хабар эфирге шыққан.

Шілденің 18-інен тамыздың 4-і аралығында республикалық ақпарат құралдарында ең көп айтылған саяси партия «Нұр-Отан» партиясы болып отыр. Бұл партия туралы 1345 рет айтылыпты. Бұдан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы туралы 922 рет айтылған. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы туралы 780 рет айтылыпты. Осы уақыт ішінде ең аз айтылғандар - «Ауыл» партиясы және Қазақстан патриотшылар партиясы болып отыр. Бұл партиялар туралы небәрі 300-дей рет ғана айтылыпты.

Алайда, А.Жұмабаевтың пікірінше, сайлау алды жағдайында сайлауға түсуші саяси партиялар баспасөз беттерінде өздерінен гөрі бәсекелес партияға көбірек мүмкіндік беріліп отырғанын немесе өз мүмкіндігі шектеліп жатқанын айтып, бір-бірін айыптаған айыптаулар да аз емес көрінеді.

«Бұған баспасөз бен ақпарат құралдары кінәлі емес, өйткені, егер «Нұр Отан» партиясы туралы көбірек айтылып жатса, онда осы партияның сайлау алдында көбірек іс-шара ұйымдастырып өткізіп жатқандығы, ал бұның ақпарат құралдары арқылы ақпарат ретінде хабарланып жатқандығы болмақ», - дейді Жұмабаев.

Сондай-ақ ол аталға мерзім ішінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөздің 99 проценті заң бұзушылық жасаған жоқ дегенді айтады.

«Өйткені, сайлау алдында елдегі бұқаралық ақпарат құралдары сайлау тақырыбында этикалық норманы қатаң сақтауға уәде етісіп, бұл жөніндегі Хартияның негізгі принциптерін адал орындауға келіскен болатын», - дейді А.Жұмабаев.

Ал Қазақстан журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, сайлау алды жағдайында қайсыбір саяси партиялардың материалдарын мерзімінен кешіктіріп жариялаған немес қандай да бір түзетулер жасаған жайттар кездескен.

«Мысалы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының берген материалдарын кешіктіріп басқанымен қоймай, ол материалға түзету жасаған «Казахстанская правда» газетіне қатысты болды. Бұған қатысты партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың газет редакциясын сайлау заңын бұзды деп айыптап, Қазақстанның Бас прокурорына шағымданғанын білесіздер», - деді С.Матаев.
XS
SM
MD
LG