Accessibility links

Сайлауалды кезеңде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер нені көрсетіп отыр?


Сайлау өтуге 10 күн қалғанда Қазақстандағы бірқатар әлеуметтік зерттеу орталықтары халық арасында жүргізген сауалнама қортындыларын таныстырды. Олардың зерттеу қортындысында айырмашылықтар байқалады.

Алматыда орналасқан ‘Әлеуметтік технологиялар орталығы‘ атты зерттеу орны тамыздың 18-і күні өтетін сайлауға қатысты Қазақстанның 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларының 18 жастан жоғары 2 мыңдай сайлаушылары арасында сауалнама өткізіпті.

Осы орталықтың атқарушы директоры Асыл Абдуловтың айтуынша, сайлауға 10 күн қалғанда сайлаушылардың 40 проценттен астамы билік партиясы «Нұр-Отан» партиясын жақтап дауыс беретіндіктерін, ал осы билік партиясына оппозиция болып саналатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға сайлаушылардың 24 проценті дауыс беретіндіктерін білдірген.

«Ал қалған партиялардан тек «Ақ жол» демократиялық партиясы ғана парламентке өтуге меже ретінде қойылған 7 проценттік межеден өте алуы мүмкін, ал қалғандары көп төмен дауысқа ие болды», - дейді А.Абдулов.

Оның айтуынша, биліктің партиясы «Нұр-Отан» партиясына дауыс беруші сайлаушылар Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында байқалып отыр. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын қолдаушылар Алматы қаласында, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында бар дейді ‘Әлеуметтік технологиялар орталығының жетекшісі.

Қазақстандағы Әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау Институтының сарапшысы Андрей Ханның айтуынш, осы зерттеу орталығы Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 1200 адамның арасында сауалнама өткізіпті.

«Сауалнамаға қатысушылардың 61,5 проценті «Нұр Отанды» жақтап дауыс беретіндіктерін білдірген болса, «Ақ жол» партиясына 10,6 проценті, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын қолдап 7,4 процент сайлаушылар дауыс беретіндіктерін білдірді», - дейді А.Хан.

Сарапшы-маман А.Ханның айтуынша, алдағы сайлауда негізгі бәсеке үш партия, атап айтқанда, билік партиясы «Нұр Отан», «Ақ жол» демократиялық партиясы және Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиялары арасында өтуі мүмкін.

«Алайда, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 7 проценттік межеден өте алмай қалу қаупі тағы да бар», - дейді А.Хан.

Қазақстандық әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанова Қазақстанның 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларында 2500-дей сайлаушылар арасында өткізген сауалнама қортындысына жүгініп, сайлаушылардың 59,9 процентінің «Нұр Отан» партиясына дауыс беретіндіктерін, «Ақ жол» партиясына 6,4 процент, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 4,5 процент сайлаушылар дауыс беретіндігін айтып отыр.

«Бұл жолғы сайлаудағы парламенттегі орын үшін таласта «Нұр Отан» партиясымен бәсекелес бола алатын партиялар көрінбей тұр», - дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшім әлеуметтік зерттеу орталықтарының жүргізген бұл сауалнама қортындыларының ішінен Қазақстандық әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының (АСИП) болжамы сәл шындыққа жақын деп санайды.

Оның айтуынша, алдағы сайлау негізінде осы үш партия арасында өтетіні анық.

«Дегенмен, «Нұр Отан» кемінде 70 проценттік сайлаушылар дауысын қалайда алуға ұмтылады», - дейді саясаттанушы.

Өзі сайлау жұмысымен Қазақстан аймақтарын аралап жүрген Д.Көшім сондай-ақ сайлау алдында жергілікті әкімшіліктердің билік партиясы үшін жұмыс істеп жатқандығының куәсі болғандығын айта келе, соңғы кезде билік өзіне жақын тағы бір саяси ұйым - «Ауыл» партиясының сайлаушылар арасындағы беделін өсіруге күш салып жатқандығын атады.
XS
SM
MD
LG