Accessibility links

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 9-ыншы тамыз күні терроризмге қарсы әскери жаттығуларын бастайды. Оған аталған Ұйымға мүше 6 мемлекеттен шамамен 6,5 мыңдай әскер жұмылдырылады. Әскери жаттығулар Қытай территориясында басталып, көп ұзамай Ресей жеріне көшіп, 17-нші тамызда аяқталуға тиіс. Шанхай Ұйымының өкілдері мұндай әскери жаттығулардың үшінші бір мемлекетке немесе халықаралық ұйымға қарсы бағытталмайтынын әлденеше рет мәлімдеген болатын. Бірақ, кейбір бақылаушы ондай мәлімдемеге онша сенбейді.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің “Бейбіт миссия-2007“ деп аталған терроризмге қарсы ең ірі әскери жаттығуларына жұмылдырылатын 6,5 мыңдық әскери күшті әуеден 80 соғыс ұшағы мен тікұшағы қолдайтын болады. 9 күнге созылатын жаттығулар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында басталып, Ресейдің Челябинск облысында аяқталуға тиіс.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – Қытай мен Орта Азияның 4 мемлекеті (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан) және Ресейдің ортақ шекараларындағы сенімді нығайтып, ішкі проблемалардың шешімін бірлесіп қарастыру мақсатымен 1996-ншы жылы құрылды. Міне содан бері ШЫҰ өзінің мүмкіндігін кеңейтті, ал осы аптада басталатын әскери жаттығулар – оған мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың кеңейе түскенін растаса керек.

Данкан Иннес-Кер (Duncan Innes-Ker) – Лондондағы экономикалық зерттеулер Орталығының Қытай бойынша сарапшысы. Оның атап көрсетуінше, терроризмге қарсы күрес – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы үшін ең басты мәселенің біріне айналды.

Д.ИННЕС-КЕР: “Исламшылдардың террористік топтарына қарсы күрес – осы ұйымның ішкі ынтымақтастығын шынында да нығайта түсетін санаулы мәселенің бірі”.

Шанхай Ұйымы терроризмге қарсы күреске 1999-ыншы жылы ден қоя бастады. Сол жылы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында болып өтті. Дәл сол уақытта Қырғызстанның қауіпсіздік күштері елдің оңтүстігіне бұзып кірген ислам содырларымен арпалысып жатты. Қытай өзінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында ұйғырлардың сепаратистік қозғалысын басып-жаншып жатса, Ресей - 1990-ыншы жылдардағы “ІІ-інші чешен соғысының” басталуы қарсаңында тұрды.

Мэтью Клементс (Matthew Clements) - штаб-пәтері Лондонда орналасқан “Джейннің ақпараттық тобындағы” Еуразия бойынша редакторы. Оның пікірінше, қазіргі және осыған дейінгі әскери жаттығулар Орта Азия аймағында болуы мүмкін проблемаларға жол бермеу мақсатында жоспарланды.

М.КЛЕМЕНТС: “Менің ойымша, әсіресе заңсыз есірткі саудасының кең етек жайғаны ескерілетін болса, бұл тыныштығы бұзылуы мүмкін бірден-бір аймақ. Орта Азияның ауған апиыны үшін орталыққа айналғаны анық. Сонымен қатар бұл аймақта Ферғана жазығы тағы бар, Ресейдің оңтүстітігінде немесе Қытайдың батысында тұрақтылық проблемасы бар”.

Дегенмен де, М.Клементс терроризмге тойтарыс беру үшін “Бейбіт миссия-2007” әскери жаттығулары ауқымының тым үлкен көрінетінін атап көрсетті. Бірақ, сонымен бірге, әскери жаттығуларды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы ішіндегі әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатымен де осылайша кең өткізуі мүмкін деп сенеді.

Алайда, бұл әскери жаттығулардың ауқымы - кейбір сарапшыны ол жаттығулар тек террористік құрылымдарға ғана қарсы бағытталмаса керек деген ойға қалдырады.

Стивен Бланк (Stephen Blank) - АҚШ армиясының Әскери Академиясындағы Стратегиялық зерттеулер Институтының ұлттық қауіпсіздікті зерттейтін профессоры. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында ол тек жеке басының пікірін ғана айтатынын және өзінің осы пікірі әскери Академияның немесе АҚШ армиясының көзқарасымен ұштаса қоймауы мүмкін екенін ескертіп, Шанхай Ұйымының әскери жаттығуларына мынадай түсініктеме берді.

С.БЛАНК: “Бұл жаттығулардың ауқымы кеңейіп барады және сарапшылардың көпшілігі ол жаттығулар терроризмге қарсы күресуді ғана немесе тек Орта Азия аймағымен ғана шектеледі деп ойламайды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының шеңберінде 2005-інші жылдың тамызында Ресей мен Қытайдың бірлесіп өткізген әскери жаттығулары ауқымының зор болғандығы соншалықты және олардың әскери техникасы мен кәдімгі соғыс қимылдарының театрын біріктіргені соншалықты – жұрт ол жаттығулар Орта Азияда бола қоюы мүмкін күтпеген жағдайға емес, Тайвань мен Кореяға қарсы бағыттылған болар деп ойлап қалды”.

Профессор Бланктің мұндай пікірін растайтын бір жайт: “Бейбіт миссия-2007” жаттығуларына қатысатын әскери күштердің басым бөлігін Қытай мен Ресей бағыттаса, Қазақстан мен Тәжікстаннан және Қырғызстаннан шектеулі ғана әскери бөлімдер қатысады, ал Өзбекстан – тек бақылаушыларын ғана жіберіп отыр.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің басшылары келесі аптада, 16-ншы тамыз күні осыдан 8 жыл бұрын терроризмге қарсы күреске ден қою туралы келісімге келген Бішкек қаласында бас қосуға тиіс.
XS
SM
MD
LG