Accessibility links

Тәжікстанның астанасы – Душанбе қаласындағы мешіттердің 100-деген имамына өзінің қызметіне лайық екенін дәлелдеу үшін олардың діни білімін тексеретін арнайы емтихан тапсыруға бұйрық берілді. Қала әкімінің кеңсесі ескерткендей, емтиханнан ойдағыдай өте алмаған кез-келген имам қызметінен босатылады. Біздің жергілікті тілшіміздің хабарлауынша, қала әкімінің әлгі бұйрығы қала тұрғындары мен дін қайраткерлерін аң-таң қалдырды.

Душанбе қаласы әкімшілігінің дін істері бойынша бөлімінің басшысы Шамсиддин Нұриддинов, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында, емтиханнан өте алмаған мешіт имамдары жұмысынан босатылып, олардың орнына басқа имам тағайындалатынын хабарлады. Ш.Нұриддиновтың мәлімдеуінше, дін істері бойынша Тәжікстан Кеңесі емтихан алуды тамыз айының соңына қарай аяқтауға тиісті арнайы комиссияны тағайындады.

Ш.НҰРИДДИНОВ: “Егер дін істері бойынша Кеңес талап ететін болса, онда Душанбе қаласының және қала аудандары әкімшіліктерінің шенеунектері де емтихан алуға қатыса алады”.

Душанбе қаласының билігі жергілікті имамдардың діни білімі мен білігінің жетпейтініне қала тұрғындарының көп арызданатынын айтады. Бірақ, кейбір имамның пікірінше, емтихан алу – ресми билік үшін мұсылмандар басым қоғамдағы діни мекемелерді қысымға алудың тағы бір дәстүрлі амалы болып табылады. Хабибхон Азамхонов – Душанбедегі Сари Озио мешітінің имамы. Ресми биліктің имамдардан емтихан алу бастамасын ол өзі мен өзін қолдайтын дін қайраткерлерін қорлау деп бағалайды.

Х.АЗАМХОНОВ: “Мен мұны қабылдай алмаймын. Мен 30 жылдан бері имам болып қызмет істеймін. Емтихан алу туралы шешім жұртты өте ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Бұл демократиялық қоғам болуға тиіс қой, бірақ қысым күшейіп барады”.

Тәжікстанда ресми биліктің мешіттерге тиісуі бірінші рет емес. Өткен 3 жылдың ішінде Душанебеде жергілікті билік “тіркеуден өтпей жұмыс істейді” деп танылған бірнеше мешітті жапты. Онымен қарама-қатар Душанбе мен өзге қалалардың барлық имамына діндарларды азанға шақыру үшін бұдан былай дауысты күшейтетін құралды пайдалануға болмайтынын хабарлады. Өткен аптада Душанбенің “Қытай” ауданында лицензиясыз жұмыс істеген 2 мешітті бұздырды.

Осы күні Тәжікстан астанасында шамамен 300-дей мешіт бар. Олардың басым көпшілігінде мәдени, қоғамдық және әлеуметтік жиындар өткізіліп, жұрт намаз оқиды. Ресми билік бірқатар имамды мешіттерді намаз оқуға заңсыз пайдаланды деп айыптады. Көбіне имамдардың жергілікті халықтың арасындағы ықпал-беделі биік болады. Өйткені, жұрт мешітке күніне кемінде бір рет көп жиналады. Жұрт өзінің діни немесе әлеуметтік проблемаларын имамдармен ақылдасып-кеңесу үшін кешкі намаздан кейін жиі мешітте отырып қалады. Хабибхон имамның айтуына қарағанда, қала әкімінің емтихан алу жөнінде шешім қабылдауы да осындай ақыл-кеңестерге бөгет қоюды көздейді. Оның мәлімдеуінше, үкімет кейбір дін қайраткерін орнынан босатып, ресми билікке жақын немесе билікпен байланысы бар өзге имамдарды отырғызуды мақсат етеді. Бұқара халықтың діни немесе әлеуметтік проблемаларын жақсы білетін кейбір имам ресми билік тарапынан қудаланды.

Нұриддин Қаххоров – Душанбенің шетіндегі мешіттің “Ваһдат” деген лақап атымен белгілі көрнекті имамы. Ол ресми биліктің өткір сыншысы ретінде кең танылып, өткен айда үкіметтің қысымына тап болды. Мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитет Қаһһоровтың өткізген әңгімелерінің тіркеуін тәркілеп алды. Мемлекеттік комитет өкілдері мәлімдегендей, имамның пікілері Тәжікстанның тыныштығына қатер төндіреді.

Душанбе тұрғындарының кейбірі атап көрсеткендей, жеткілікті білімі бар имамдар емтихан тапсырудан еш қорықпайды. Алайда, ресми биліктің мемлекетке қатысы жоқ іске араласуы – сыбайластық жемқорлық пен пара алушылық терең тамыр жіберген Тәжікстан сияқты елде үлкен күдік туғызады. 32 жастағы Абдулло Наимов шенеунектердің бұл әрекетіне түбегейлі қарсы, оны діни лауазымдарды да “сатуға тырысу” деп есептейді.

А.НАИМОВ: “Біздің қоғамда жұрт жан-тәнімен кез-келген лауазымға жетуге тырысып бағады. Өйткені, жұрт үшін өзі мен өзінің жанұясы үшін жеткілікті табыс таба алатын санаулы ғана қызмет бар”.

Душанбе имамдарынан емтихан қалай алынады және шілде айының соңында жарияланып, 2 рет кейінге қалдырылған емтиханда имамдардан не сұрайтыны әлі белгісіз.
XS
SM
MD
LG