Accessibility links

Кришна діни қоғамы Қарасай ауданының билік орындары енді қалған үйлерді құлатпақ деп отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Кришна санасы» діни қауымдастығының баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев «әзірге бұзылмай тұрған 3 үй парламенттік сайлаудан соң бұзылуы мүмкін, демек қауымдастықтың кейбір мүшелері алдағы қыс қарсаңында баспанасыз қалады» деп алаңдаушылығын білдірген мәлімдеме таратты. Және осы діни ұйым өздерінің жерге қатысты дауын дін комиетінің төрағасы Ералы Тоғжановтың шеше алмағанына қынжылып, «енді Қазақстан президентіне ғана жүгіну қалған шығар» деп отыр. Алайда, Қарасай ауданы әкімшілігінің өкілдері «Кришнайттер баспанасыз емес, олардың қалада үйлері бар» дейді.

Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Кришна санасы» діни қауымдастығының алғашқыда 50 гектардай жері, отыздан астам үйлері, 50 шақты сиыры бар шаруа қожалығы іспеттес құрылым еді, енді жергілікті биліктің «бұл заңсыз» деп сотқа барген шағымынан соң, сот үкімі негізінде жиырмадан астам үйлер бұзылып, арты осы діни қауымдастық пен билік арасындағы теке-тіреске әкелді.

Жұма күні Кришнайттердің баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев: «Былтырғы қарашадан бастап алғашқыда 14 үй, биыл маусымда 12 үй барлығы - 26 үй бұзылғалы бері, діни қауымдастықтың көптеген мүшелері баспанасыз қалды. Олар мынау жазғы мезгілде шатырларда, дәліздерде көршілердің үйінде қонып жүр. Алда қыс алыс емес, егер парламенттік сайлаудан соң қалған үш үйіміз бұзылса біздер қайда баратынымыз белгісіз. Басында билік бізге Алматыдан діни ғибадат етерлік үй салуға 30 сотық жер береміз деп еді, кейін бос жер жоқ деген сылтаумен оны да бермей қойды. Ал республиканың дін жөніндегі комитет төрағасы Ералы Тоғжанов «менің жер мәселесін шешетін құзырым жоқ, ал сіздермен дін өкілі ретінде жұмыс істеуге дайынмын» деп біздің мәселені шешуден бас тартты. Енді біз мәселені шешуге құзырлы билік өкілін іздеп жүрміз. Егер таппасақ Қазақстан президентіне жүгінетін шығармыз. Ал биліктің осыған дейін берген уәделері жай әшейін кезекті ойындары екеніне көзіміз жетті. Бәлкім, іс осылай кете беретін болса, Қазақстанда бір діни азшылық топ азаятын шығар», - деген мазмұндағы мәлімдеме таратты.

Мән-жайды Қарасай ауданынының ішкі саясат бөлім бастығы Рыскүл Жеңісбаевадан сұрағанымызда, ол кісі:

«Оның бәрі заңсыз құрылыс нысандары. Олардың қолдарында ешқандай жердің актісі, не құрылыс салуға берген рұқсат қағаздары жоқ. Еш жерде ол құрылыс нысандары тіркелмеген. Сондықтан оларға заңды түрде жасаңдар деген сәулет құрылыс басқармасынан да, жер комитетінен де бірнеше рет ескертулер берілген. Оны олар орындамады. Сосын бір жарым жылдан бері біз оның иесі емеспіз деп анда қашып, мында қашып жүріп, енді соттың шешімімен «бұзылсын» дегенде, иесі боп табыла қалды. Ол жерлердің барлығы заңсыз иеленген. Негізінде, бұл жерлерді сатқан сол жердегі «Птицевод» саяжай төрағасының бұларға сатуға құқығы жоқ еді. Ол да заңды бұзып отырған адам. Біздің олардың дінінде ешқандай шаруамыз жоқ, дау тек қана заңды бұзғандықтан шаруашылық жағында» деген жауап берді.

Ал «Кришнайттер, мына қыс қарсаңында баспанасыз қалдық деп отыр ғой» дегенімізге Рыскүл Жеңісбаева:

«Оның бәрі өтірік сөз. Келіп қарасаңыздар болады. Мысалы, оларда кімдердің үйлері бұзылды, солардың Алматыда да, басқа жерлерде де пәтерлері бар. Сіз түсінсеңіз, мысалы, қазір бәленбай жыл ата-бабамыз осы жерде өсіп-өнсек те, он сотық жерге қол жеткізе алмай жылап-еңіреп жүргендер көп осында. Ал енді олардың бас-басында бір емес, екі-үш пәтерден бар. Алматыда, Текеліде, мына жердегі «50 лет КазССР» деген елді мекеннің қасында «Селекция» дейді, сол жерде де пәтерлері бар. Ал үйсіз далада қалды дегені – бос сөз. Үйсіз далада қалдық дегеннің бәрі Ресейдің адамдары, бәрін Россиядан жинап әкеліп сонда қойып қойған» деп жауап берді.

Діни ұйымдағылар арасында ондай шетелдік азаматтардың барлығын Кришнайдтердің баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев те растап отыр.

«Ондай ресейліктер бар, бірақ олар заңды түрде тиісті тіркеулерге отырған, бізді осы жөнінде қаншама рет тексерді десеңізші. Рас, біздің кейбіреулерімізде жеке пәтерлер де бар. Бірақ, билік біз кезінде өз қаражатымызға сатып алған үйлерді енді заңсыз деп бұзып, орнына ешқандай төлемақы бергісі жоқ. Мысалы, сіздің де сатып алған саяжайыңыз бар шығар. Сол саяжайға салған үйіңізді заңсыз деп бұзып, сізге саяжайға төлеген қаражатыңызды қайтармай қойған сияқты ғой. Содан қашқақтау үшін әртүрлі сылтау айтады, бірақ ешбір кезде бізде заңсыз адамдар тұрған кездері болмаған», - дейді М.Варфоломеев.

Сөйтіп, Алматы облысы Қарасай ауданындағы Кришнайттер мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. ОБСЕ ұйымына төрағалыққа ұмтылған Қазақстан барлық діндердің теңдігі мен еркіндігіне кепілдік береміз деп отырып, аздаған «Кришна санасы» қауымдастығының мәселесін ешбір шеше алмай отыр. Қазір «Кришна санасы» діни қауымдастығының Қазақстанның бес облыс орталықтарында өкілдері бар. Ал олардың елдегі жалпы саны мыңға тарта адам екен.
XS
SM
MD
LG