Accessibility links

Қазақстан оппозициясы биліктен Рахат Әлиевке қатысты істі халыққа жариялауды сұрайды


Дүйсенбі күні Алматыда Қазақстандағы оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшылары Рахат Әлиевті Қазақстанға экстрадициялау мәселесіне байланысты мәлімдеме жасап, елдің билік орындарынан Австрия сотына Қазақстан тарапынан табысталған құжаттарды халыққа жариялауды сұрады. Оппозиция өкілдері «егер құжаттар заңсыз дайындалғаны белгілі боса, не қандай да куәларды сатып алуға тырысқаны анықталса, Бас прокурор Рәшид Түсіпбаев пен Ішкі істер министірі Бауыржан Мұхамеджанов тез арада отставкаға кетулері тиіс» деп санайды.

Қазақстан оппозициясы қазірде шетелде жүрген Рахат Әлиевті тамыздың 8-күні бостандыққа жіберген Австрия сотының шешіміне билік тарапынан әлі ешқандай ресми көзқарас, не кесімді әрекет болмай отырғанына қынжылыс білдіріп отыр.

«Бұл істі біз бұлайша қалдырмаймыз. Билік Венадағы сотқа құжаттарды әзірлегенде әдейі жасап отыр ма, әлде біліктілігі мен тәжірибесі жетпей отыр ма? Кейбіреулер Рахат Әлиев пен «Ақ орданың» айналасындағылардың келісімі де бар деп айтады... Оның бәрін қазір ашып айту қиын, куә жоқ. Бірақ, бұл істі аяқсыз қалдырмайтынымызды, түбінде Әлиевті елге әкеліп осында соттауға халықтың алдында, қоғамның алдында біз уәде береміз», - деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшыларының бірі Төлеген Жүкеев.

Бұған аталған партияның тағы бір басшысы Болат Әбілов өз пікірін қосады:

«Рахатты қазір соттамасақ, ол тағы бірдеме жасайды. Ол өзі келмейді, анау «Әл-Кайданың» жасырын ұйымдары сияқты, оның да Қазақстанда адамдары бар деп ойлаймыз».

Оппозиция басшылары дәл қазіргі кезде Рахат Әлиевті Қазақстанға әкеліп соттау - қоғам үшін принципті түрде маңызды деп отыр. Сонымен қатар олар Рахт Әлиевті шынымен соттауға биліктің құлқы онша болмаған-ау деген күмән танытады.

«Осы мәселедегі биліктің әрекетіне қарасаңыз – таң қаласыз. Рахат Венада, ал билік оған «сен елге қайт, біз сені соттағалы жатырмыз» дейді. Сөйтіп, Рахатты ұстамақ болған арнайы топ ұшақпен Венаға барады. Осыған қарап, прокуратура не ішкі істер министрлігі мамандарының кәсіби деңгейі өте төмен бе деген ой келеді», - дейді Болат Әбілов.

Оппозиция басшылары Австрияның Рахат Әлиевті Қазақстанға бермеуінде екі себеп бар деп отыр.

«Біріншіден, Қазақстан тарапының Австрия жағына табысталған, Рахат Әлиевтің кінәсін әшкерелейтін құжаттар дәлелді болмаған, екінші себеп, Австрия соты, олардың өздері айтқандай, Қазақстанның сот жүйесі әділ болады дегенге сенбейтіндігі», - дейді оппозиция.

Сондықтан олар Қазақстан жағы Австрияға берген құжаттарды халыққа жариялауды талап етіп отыр. Сонымен қатар, оппозиция басшылары Қазақстан билігін аталған мәселеде принципті түрде кесімді әрекеттер жасап, Австриядағы елшіні кеңес үшін елге қайтарып алып, мұндағы Австрия елшілігіне наразылық нота табыстауға үндеді.

Ал Австрия соты бостандыққа жіберген соң Лондонға, туыстарына барып тынығуды жоспарлаған Рахат Әлиев болса, батыста еркіндікте жүр. Биылғы жылғы қаңтар айының соңында жоғалып кетулеріне Рахаттың қатысы бар делінген «Нұрбанк» басшылары - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтен әлі күнге хабар–ошар жоқ. «Банкқа шабуыл жасамақ болды» деген айыппен жауапқа тартылған полицияның арнайы жасақ мүшелеріне қатысты сот ісі белгісіз мерзімге үзіліс жариялаған. Ал, Әлиевке қарсы қылмыстық іс ашылып, оның өзі халықаралық іздеуге берілген соң, оның меншігіндегі «Нұрбанк» акционерлік қоғамы акцияларының басым бөлігіне Рахаттың бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің иелігіне өтті.

Қазір Дариға осы банктың директорлар кеңесіне мүше. Сонымен қатар ол Рахатқа тиесілі «Алма Медиа» холдингідегі бұқаралық ақпарат құралдарын да алып жатыр деген болжам айтылып жүр. Рахат осыған дейін жасаған өзінің бір мәлімдемесінде «мен өз меншігімдегі ешқандай бұқаралық ақпарат құралдарын сатпаймын» деп айтқан болатын. Ал соған тиесілі деп саналатын «Казахстан тудей» агенттігінің интернет сайты тамыздың алтысынан бері жабық, расталмаған деректер бойынша ол да жаңа меншік иесіне ауысып жатқанға ұқсайды. Рахаттың меншігіндегі тағы бір ақпараттық құрал – gazeta.kz сайты да жабылып қалған.

Жалпы, Рахатқа тиесілі бұқаралық ақпарат құралдарының кімге, қалай өтіп жатқандығы туралы ресми ешқандай хабар таратылмайды. Бірақ, оппозиция көсемдерінің бірі Болат Әбілов қазір олардың барлығы жаңа меншік иесіне өтіп жатқанын айтады.

«Рахат Әлиев өзіне тиесілі медиа-холдингті ешкімге аударып жазбады, ешкімге сатпады да. Қазір оның иелігіндегі меншікті тартып алу әрекеттері боп жатыр. Оның медиа-холдингі өте қымбат болса керек. Ол кезінде «Қазақмыс» өкілдерінің өзіне келіп, медиа-холдингті сатуын өтінгенде, өзінің оларға сатпай қойғанын мәлімдеген еді. Қазір оның меншігіндегі дүниелерді, кезінде ол өзі басқалардан қалай тартып алса, енді оның өзінен де солай тарып алып жатыр. Қазір «Караван» газеті мен КТК телеарнасын басқаруға Қазақстан президенті аппаратының адамдары келіп басшылық жасай бастады. Менімше, Рахаттан оның меншігінің бәрін тегін тартып алды», - дейді Әбілов.

Қазақстан заң орындары қозғаған қылмыстық іс бойынша, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке биылғы жылдың қаңтар айында өзінің меншігіндегі «Нұрбанктің» бұрынғы қызметкерлері Әбілмәжін Ғылымов, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлады деген айып тағылып отыр. Темірәлиев пен Хасеновтың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Мамыр айында Қазақстан заң орындары өзіне қарсы қылмыстық іс қозғаған соң, мемлекеттік қызметтен алынған Рахат Әлиев Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарып отырған қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын сынап мәлімдеме жасады. Ал маусым айының басында, Қазақстанның сұрауы бойынша, Австрияның заң орындары Әлиевті Вена қаласында ұстады. Арада 1 күн өткенде, Р.Әлиев 1 млн еуро кепіл ақша төлеп және өзін Қазақстанға беру мәселесі Вена сотында шешілгенше өзінің ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген соң, полиция оны босатқан болатын. Ал Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жариялаған Қазақстанның сұрауы бойынша тамыздың 8-күні оның ісін қараған Вена соты Қазақстанның өтінішін қанағаттандырмай тастады.
XS
SM
MD
LG