Accessibility links

Заңгерлер Алматыда жерге байланысты коррупциялық сипаттағы іс-әрекеттердің етек жайып бара жатқанын айтады


Алматыда жеке меншік иелігіндегі жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа деп алу тәсілдері соңғы кездері бопсалау боп барады деп мәлімдеді, сейсенбі күні Алматыда қазақстандық заңгерлер Сергей Злотников пен Виталий Воронов. Сондай-ақ олар соңғы кездері белгісіз адамдар өздеріне телефон шалып, бұл іске араласпай, тыныш жүрулерін ескерткенін айтады.

«Алматыдағы заңгерлік қауымдастығының» президенті Виталий Воронов соңғы кездері қалада жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа деп алу жабық түрде, ешқандай тендерсіз өткізілетінін айтып, мұны осы мәселенің төңірегінде жемқорлықтың кең етек алуынан деп түсіндірді.

«Жеке меншіктегі жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа деп алу тәсілдері арсыз түрде, бопсалау түріне айналып барады. Мысалы, біреудің жерін алу үшін кейбір үйлерді өртеп жіберу немес өртеп жібереміз деп, тікелей қорқыту, қитұрқылықтан гөрі, тұрпайылыққа жақын ғой», - деді В.Воронов.

Ал істің бұлай бет алуына «ықпалды қаржылық топтар кінәлі» дейді, «Трансперенси Қазақстан» атты жемқорлыққа қарсы күрес қорының атқарушы директоры Сергей Злотников.

«Ол топтардың әртүрлі деңгейдегі байланыстары да мықты, қаржылары да көп. Оның үстіне, қазір Алматыда пәтер, жер саудасы өршіп тұр. Бұл процеске не қоғамдық бақылау, не жергілікті билік тарапынан еш бақылау жоқ. Сондықтан, бұл процестің неге апаратынын толық болжау қиын болғанымен, қазірдің өзінде экологияға, қоғамға зияны тиіп жатқаны анық», - дейді С.Злотников.

Воронов қазірде құқықтары бұзылған кейбір қазақстандықтардың осы мәселеде соттан да әділдік таппай отырғанын айтады.

«Соттағы жүгенсіздік - шектен шыққан жүгенсіздік! Адамдар сотқа басқаға шағымданып келеді, ал соттың өзіне кімге шағымданып, кімнен заңға араша сұрайсыз?! Ал олардың кейбір іс бойынша қабылдаған шешімдерін заңгерлер емес, қарапайым заң факультетінің студенті ешқандай сауатсыз екенін анықтаған болар еді. Біз араша түсіп жүрген кейбір жеке меншік иелерінің жерлерін «мемлекеттік мұқтаждыққа» деп жергілікті сот шешімдері де шығарылған. Бопсалаушылардың сотқа да ықпал етерлік тетіктері бар боп тұр ғой. Ол ақша ма, жоқ басқадай тәсілдер ма, бәрібір», - дейді заңгер Воронов.

Сондай-ақ заңгерлер соңғы кездері өздерін телефон арқылы қорқыту әрекеттері де болғанын айтады.

«Осыдан екі бұрын телефон арқылы бізді қорқытпақ та болды. Араласпаңдар, сендер білесіңдер ғой, бастарың қандай пәлеге қалатынын дейді. Егер осындай әрекеттер жақтаушылар мен заңгерлерге қарсы боп жатса, қарапайым адамдар не істемек? Сондықтан, біз сіздерге жүгіне отырып, бұл мәселені әлі де болса құтқаруға болады деп сенгіміз келеді», - деген заңгерлер бұқаралық ақпарат құралдарына жүгініп отыр.
XS
SM
MD
LG