Accessibility links

Бішкекте Шанхай Ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті басталмақ

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары осы аптада Қырғыз астанасына жақын маңда бас қосуда. Жылдық бұл саммиттің осы жолғы отырысына Иран, Ауғанстан, Монғолия мен Түркменстан президенттері және Пәкістан мен Үндістанның жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ БҰҰ бас хатшысының орынбасары қонақ ретінде қатыспақшы.

Бейсенбі күні Қырғыз астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының 6-шы саммиті басталады. Оған қатысу үшін Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары келді. Ол саммитке Иран президенті Махмуд Ахмадинежад, Ауған президенті Хамид Қарзай Монғолия президенті Намбарин Енхбайар және Пәкістан мен Үндістанның жоғары лауазымды өкілдері қонақ, бақылаушы ретінде қатысады. БҰҰ бас хатшысының орынбасары Лин Паско да саммитте болмақшы. Ал, Түркмен президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың бұл басқосуға қатысуының өзі Бішкек саммитінің бір тарихи беті болмақшы. Ниязовтың билігі кезінде Түркменстанның ешқандай халықаралық ұйымға мүше болмастан, бейтарап саясат ұстанғаны белгілі.

Бішкек басқосуы кезінде Ресей президенті Владимир Путин ОПЕК-ке ұқсас газ картель-ұйым құруға ұмтылыс жасайтын болса, онда Түркменстанды саммитке қонақ ретінде шақыруға негіз бар, дейді мақала ауторы Брюс Паннер. Бұл мәселеге ыңғайлы түрде келген Қырғыз үкімет басшысы Алмазбек Атамбаев Қытайға жөнелтілетін газдың өз елі арқылы өту мүмкіндігін де қарастыруға Қытай президенті Ху Жиңтаоға ұсыныс жасаған болатын.

Мұндай ұсынысты Тәжік президенті де жасауы мүмкін. Ал, Түркмен елін газ мәселесіне байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымына кезектен тыс қабылдау оңай емес. Себебі, Монғолия, Пәкістан және Үндістан елдері ұйымға мүшелікке өтуге бірнеше жылдардан бері өтініш айтуда. Ресей және Қытай ресмилері Бішкек саммитінде ұйымға ешқандай жаңа мүше қабылданбайды, деп алдын-ала айтып та қойған болатын. Соған қарағанда Түркменстан әзірге ұйымда бақылаушы ел мәртебесіне ие болатын сияқты.

Ираннан жеткен хабарларға қарағанда, президент Ахмадинежад Бішкек сапарында Шанхай ынтымақтастық ұйымына өз елін толық мүше етіп қабылдауды тағы да сұрамақшы екен. Стефан Бланк - АҚШ-тағы Әскери соғыс стратегиясы зерттеу коллежіндегі ұлттық қауіпсіздік зерттеулер бойынша профессор. Оның айтуынша, Иранның бұл ұйымға таяу арада мүше бола қоюы қиын.

«Америкадан немесе басқа жақтардан өзіне шабуыл бола қалған жағдайда аталған мүшелікті Иран елі өзін-өзі қорғау ретінде пайдалануға тырысуы мүмкін. Өздерінің бейтарап болатындығын Ресей айқын аңғартқан еді. Американың Иранға соғысына қатты қарсы болса да, Ресей оған бөгет болмайды. Демек, Иранды ұйым құрамына мүшелікке қабылдау өте маңызды салада қиындықтар туындатуы мүмкін», - деді Бланк.

Мәдениет, экономика, банк, қауіпсіздік және басқа да салаларда әріптестік орнатып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер әскери салада да әріптестігін күшейте түсті.

«Бұл ұйым ынтымақтастығы неліктен артуда?» деген сауалдар қойылуда. Ең әуелі, Орта Азия мен Қытай арасын бірнеше мың жылдарға созылған көршілік және Орта Азия тарихының негізінен Қытайда жинақталғаны байланыстыруда. Ал, Ресей кейін араласа бастағанымен, Орта Азияға өткен екі ғасырда мықты ықпал жасай алды. Қазір де ТМД ұйымы - соған мысал, дейді сарапшылар. Шанхай ұйымы мүшелігі жағынан да, аймақ пен әлемге ықпалы жағынан да өсе түсетін түрі бар.
XS
SM
MD
LG