Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ вирусын жұқтырған тағы 4 бала анықталды


Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы эпидемология бөлімінің жетекшісі Светлана Ли, сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында, ВИЧ вирусын жұқтырған тағы 4 баланың анықталғанын хабарлады. Сонымен, облыс бойынша ВИЧ індетіне шалдыққан бала саны 123-ке жетті.

Облыстық СПИД орталығы өкілінің айтуынша, ВИЧ вирусы жаңадан табылған балалардың екеуінің жасы үште, біреуі төртте, енді біреуі жеті жаста екен.

«Уақыт өткен сайын ВИЧ вирусы бар балалар саны өсіп келеді, ал оның қандай себебі бар екенін қазір айту қиын. Өйткені, бұл біз үшін де өте түсініксіз болып тұр», - дейді Светлана Ли.

СПИД орталығының дәрігері Талғат Есенбеков ВИЧ дертіне ұшыраған балалар туралы ақпарат күнделікті облыс әкімдігіне, облыстың денсаулық сақтау департаментіне және тиісті министрліктерге жіберіліп тұратынын айтады.

«Бірақ, ВИЧ/СПИД ауруына ұшыраған ересек адамдар туралы ақпараттар жіберілмейді, өйткені бұл басқа жағдай», - дейді ол.

Дәрігер Т.Есенбековтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері облыста ВИЧ індетін жұқтырған 1020 адам анықталған болса, солардың 123-і балалар болып отыр.

Осы облыстағы «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық ұйымының төрағасы Сағадат Масауров балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыруына облыстағы қан құю станциясы және бұған кезінде жеткілікті көңіл бөлмеген облыстағы денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшысы кінәлі дегенді айтады.

Биылғы маусымның 26-сы күні Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға жаппай ВИЧ індетінің жұғу оқиғасына қатысты қылмыстық істі қараған Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық соты Нұрсұлу Тасмағамбетова бастаған облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшыларына шартты түрде жаза беріп, тағы 15 дәрігерді 3-8 жыл аралығында бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Ал ВИЧ індетін жұқтырған балалар мен олардың ата аналары және ауыр жазаға кесілген дәрігерлер бұл сот үкімімен келіспей, әділеттілік іздеп облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірген еді. Оңтүстік Қазақстан облыстық сот алқасы бұл шағымды тамыздың 3-і күні қарап, жасы кәмелетке толмаған балалары бар 4 дәрігерге жазаларын өтеуді кейінге қалдыруға, ал қалған 11 дәрігерге қатысты аудандық сот шығарған үкімді еш өзгеріссіз күшінде қалдыруға шешім шығарды.

Бүгінгі жағдаймен облыста ВИЧ індетін жұқтырған 123 баланың 9-ы осы дерттен көз жұмған болса, бір бала оқыс жағдайда қаза болған. Ал бір баланы американдық отбасы АҚШ-қа алып кеткен, тағы бір баланы қазақстандық отбасы асырап алған.
XS
SM
MD
LG