Accessibility links

Қазақстанда маусымдық жұмысқа келген шетелдік еңбек мигранттары өз құқықтарының жиі бұзылатынын айтады

  • Нәйла СҰЛТАН

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, жыл өткен сайын елге жұмыс іздеп көршілес мемлекеттерден келетін шетелдік азаматтардың көлемі артып отыр. Өткен жылы Қазақстанға келген шетелдік еңбек мигранттарының саны алдыңғы кезбен салыстырғанда 2 есеге артқан. Елге сырттан келетіндердің 90 пайызын ТМД елдерінің азаматтары құраған. Өткен жылы Қазақстан «Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария етуге байланысты рақымшылық туралы» Заң қабылдап, біржолғы арнайы шарамен 165 мыңға жуық шетелдік азамат заңды тіркеуге алынған болатын. Алайда, бұл шара елдегі шетелдік мигранттарының проблемасын түбегейлі шешіп тастаған жоқ.

Қазақстанға Өзбекстаннан биыл көктемде маусымдық жұмыс істеп, табыс табуға келген Мәлік Абдрафимовтың қолында еңбек мигранты екендігін дәлелдейтін заңды құжаты жоқ. Мәлік мұнда келген соң өзі сияқты өзбекстандық 4 адаммен бірге Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы бір темекі шаруашылығына жұмысқа жалданады:

- 6 сәуірде Самарқандтан шығып, 10 сәуір күні Шелек ауылына келіп түстік. Бізді бригадир алып келгенде құрылыста істейсіңдер, айлығы 300 АҚШ доллары деген еді. Алайда, құрылыс жұмысы болмағандықтан, темекі жұмысын игеріп кеттік. Қожайын айлықты темекі өткізгеннен кейін беремін деген соң, артына қарамай кетіп қалдық. Себебі, темекіні күз мезгілінде өткізеді. Ал ақшасы жаңа жылға дейін түседі. Оншама уақыт тоса алмайтындықтан біз екінші жерден жұмыс тауып алдық.

Осылайша Шелек ауылында 3 ай темекі шаруашылығында істеген еңбегіне ақша ала алмаған Мәлік өзімен бірге еріп келген төрт отандасымен Алматының іргесіндегі Талғар қаласында бір тұрғынның жеке үй құрылысына жалданыпты. Бұл жолы олар жұмысқа кіріспес бұрын, қожайынмен келісім-шартқа отырған:

- 1 қыркүйек айына дейін бұл жердегі құрылыс аяқталады. Қазір 3 бөлмелі үй соғып жатырмыз. Айына 300 АҚШ долларын төлейді. Істегеніме 1,5 ай болды. Шығыннан бөлек жанұяма 500 доллар алып барамын. Алғаш Өзбекстаннан 25 жастан 40 жасқа дейінгі 53 адам келгенбіз. Солардың 40-ы елге қайтып кетті. Кейбір қожайындар темекіге салып қояды. Жұмысты істетіп алған соң, ақшасын бермей алдайды. Сондықтан олар 1-2 ай жұмыс істеп қайтып кетіп жатады. Көп жағдайда бізді құрылысқа деп алып келеді де, осында темекі жұмысына салып қояды.

Мәліктің Қазақстанға заңсыз жолмен келгені – оның өз еңбегін даулап, заң орындарына жүгінуіне тұсау болып тұр. Қожайынның ауызша берген уәдесіне сеніп, бір рет аузы күйген Мәлік ендігі жолы тиісті тіркеумен келмек ойы барын айтады. Ал оның тағы бір отандасы - өзбекстандық азамат Тұрсын Тохтахунов Қазақстаннның ішкі істер министрлігінде 3 айға уақытша тіркеліп, қазір Алматының орталығындағы бір құрылыс нысанында жұмыс істеп жүр. Мұнда ауыр жұмысқа жалданып жүрген Тұрсын өзінің заңды құжаты болғанымен, еңбекақы төлеміне келгенде Мәліктің басындағы жағдай кезігетінін айтады:

- Біз жұмыс істеуге құлшынып-ақ келеміз. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, ауыр құрылыс жұмыстарын істетіп алған қожайындар, айдың аяғында жалақыңды бермейді. Мәселен, ауыр шелекпен 14-ші қабатқа су алып, қайта түсіп көріңізші. Қандай қиналыс. Біз оған да шыдаймыз. Себебі, бала-шаға біздің аузымызға қарап отыр. Ал бірақ, сол еңбегіңді бағаламайтын қожайындарға қалай жыныңыз келмейді?!

Өткен жылы Қазақстанда қабылданған «Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария етуге байланысты рақымшылық туралы» заңға сәйкес ішкі істер органдары 2006 жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсан аралығында оларды жария ету жөнінде бір жолғы акция жүргізген еді. Аталған аралықта барлығы 164 856 адам есепке алынған. Олардың басым бөлігін, яғни 71,2 пайызын Өзбекстанның, 14,5 пайызын Қырғызстанның, ал 6,5 пайызын Ресейдің азаматтары құраған. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда қазіргі кезде маусымдық жұмысқа жалданып жүрген 300 мыңнан астам өзбекстандық азамат бар. Соның 70 пайызы – еңбек мигранты ретінде заңды тіркеуде екен.
XS
SM
MD
LG