Accessibility links

Электронды «Сайлау» жүйесі дауыс беру нәтижесінің әділ болатынына кепілдік бере ме?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Кезінде электронды «Сайлау» жүйесіне тәуелсіз сарапшы болған Қазақстандық бірқатар информатика мамандары бейсенбі күні Алматыда Қазақстанның электронды сайлау жүйесін сынға алып, мәлімдеме жасады. Олар бұл «жүйенің жұмысына іштен адам араласа алатындықтан оған сенім аз» деп отыр Алайда сынаушылардың бұл айтқандарымен Орталық сайлау комиссиясының мамандары келіспей отыр.

Қазақстанның электронды сайлау жүйесінің жұмысына сенімсіздік танытып, мәлімдеме жасап отырған информатика мамандары – техника ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Қайрақбай мен ақпарат технологиялары маманы Жандос Қашымбай электронды «Сайлау» жүйесін жақсы білетіндерін айтады. Қайрақбай мырза ешқандай партия мүшесі болмай тұрған кезінде осы электронды сайлау жүйесіне тәуелсіз сарапшы болған екен. Қазір ол оппозиция қатарына өтіпті. Ал екінші маман – Қашқымбай мырза ешқандай партия қатарында жоқ. Екеуі де электронды сайлау жүйесінің жұмысына сенімсіздік танытып отыр.

- ОБСЕ ұйымының 1990 жылы қабылдаған Копенгаген құжатына сәйкес, сайлау барысында сайлаушының құқығы бұзылған кезде оны реттеу тетігі мен процедуралары қарастырылуы керек, ал Қазақстанда сайлаушының даусы электронды дауыс беру жүйесінде дұрыс есептелмеген жағдай анықталса, ол өзінің құқығының бұзылғанын қорғай алмайды. Себебі, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мырза бізге «оның шағымын тексерудің не технологиялық, не құқықтық негізі жоқ» деп жауап берді, - дейді Қайрақбай мырза.

Орталық сайлау комиссиясының осы электронды «Сайлау» жүйесіне жауапты мемлекеттік кәсіпорынның директоры Самат Уәлиев бұған былай деп жауап берді:

«Электронды жүйемен адам өзінің қалауына дұрыс дауыс бергенін қалай дәлелдейді деген сұрақтар айтылады. Ал, қағаз бюллетеньмен дауыс бергенде қалай дәлелдейді? Мысалы, біздің жауабымыз, егер сайлаушы өзінің дұрыс дауыс бергенін көре алатын болса, жалпы дауыс беруде құпиялық жойылады. Ал біздің жүйеде ол тексере алады. Дауыс беріп болған соң, 1, 2-ні басқанда төрт сан шығады, ол сайлаушының тексеру саны деп аталатын арнайы «код». Кейін сайлау аяқталған соң, тексеру хаттамасын ілген кезде, сайлаушының таңдаған үміткерлерінің тұсында сол сайлаушының жаңағы төрт саны, яғни «коды» жазулы тұрады. Сол кезде сайлаушы өзінің қалауының дұрыс екенін тексере алады. Міне, біздің жүйенің артықшылығы осында».

Ал Қайрақбай мырза болса осындай электронды сайлау жүйесін жасаған профессор Макаровтың айтқан пікіріне сүйене отырып, бұл жүйенің әлсіз жерін айтып отыр.

«Оның бағдарламасының кейбір тұстарына қосымша белгілер қоюға болады екен, демек толығымен бағдарламаның жұмысын адам өз қалауынша, өзіне ыңғайлы бағытта өзгерте алуы әбден мүмкін», - дейді ол.

Сөйтіп, информатика маманы «бұл жүйе сырттан жақсы қорғалғанымен, іштен қорғалмаған» деген тұжырым жасайды. Алайда Орталық сайлау комиссиясының мамандары Қайрақбай мырзаның бұл айтқандарымен келіспейді.

«Мен осы электронды сайлау жүйесін кіргізген авторлардың бірімін. Осы жүйені мемлекеттік комиссия тексерген кезде тәуелсіз сарапшылар тобын құрдық қой. Солар өздерінің қортындысын берген, ол жерде барлық сұрақ шешіліп, барлығы қолдарын қойған. Соның негізінде барып мемлекеттік комиссия бұл жүйені іске қосып отыр. Оның арнаулы сертификаттары бар. Мен өзім осы жүйені пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды басқарғаннан кейін, бұл жүйеге іш жағынан ешқандай адамның арласуы мүмкін емес деп кепілдік беріп отырмын ғой. Ешбір программист ешқандай программаны өзгерте алмайды. Бұл жүйенің әрбір модулі жеке-жеке автономды түрде, бір-біріне байланыссыз жұмыс істейді. Дауыс беру жүйесі бір бағдарламада жұмыс істейді де, сайлаушылар тізімі басқа бағдарламада, екеуінде екі адам отырады. Олар бір-бірінің не істеп отырғанын білмейді. Сондықтан, бұл іштен де жақсы қорғалған деп айтуға болады», - дейді Орталық сайлау комиссиясының маманы Самат Уәлиев мырза.

Бірақ, Қайрақбай мырза Қазақстанның электронды «Сайлау» жүйесінің 2004 жылы қабылдағалы бері ешқандай аудиттік тексерістен өтпегенін алға тартады. Осылардың бәрін қорыта келіп, Қайрақбай мырза Қазақстанның электронды «Сайлау» жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді және Қазақстанның «сайлау барысы мен дауыстарды санау мейлінше ашық өтеді» деген, өз мойнына алған міндеттемелерін ақтамайды деген тұжырым жасайды. Ол сайлаушыларды сайлауда тек қағаз бюллетендермен дауыс беруге шақырады.

Ал электронды «Сайлау» жүйесіне жауапты мемлекеттік кәсіпорынның директоры Самат Уәлиев мырза «жылда аудит өткізу - шарт емес» деп отыр.

«Егер жүйеге қандай да өзгертулер енгізілген болса, онда аудит өткізсе болады. Ал бұл жүйеге ешқандай өзгертулер енгізілмеген, сондықтан оны жылда тексерудің қажеттілігі шамалы. Мысалы, мен бір айдан бері ОБСЕ ұйымының сарапшыларымен жұмыс істеп жатырмын. Оларға барлық құжаттарды көрсетіп жатырмын. Олардың бізге қоятын ешқандай кінәсі жоқ», - дейді Самат Уәлиев мырза.

Қазақстанда электронды дауыс беру «Сайлау» жүйесін енгізген 2004 жылдан бері осы жүйе төңірегіндегі дау-дамай басылған емес. Осы орайда атап өтерлік бір жағдай, компьютерлік технологиясы дамыған деген Жапония мен АҚШ елдерінде, тіпті миллиардтан асатын тұрғыны бар Қытайда да электронды сайлау жүйесі қолданылмайды.
XS
SM
MD
LG