Accessibility links

Қытай елінің төрағасы Астанаға келді


ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстандағы сапары барысында Қазақстан мен Қытайды қосатын «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының екінші бөлігі және Түркменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға апаратын транзиттік газ құбыры салынатындығы хабарланды. Бұл ақпарат тамыздың 18 күні Қазақстанда парламенттік сайлау жүргізіліп жатқан кезде хабарланды. Осыған орай, президент Назарбаев бұл сайлаумен Конституцияға енгізілген өзгерістер ешкімнің ұсыныстарын көшірмейтін тек қазақстандық бағыт болып саналады деген пікірін жеткізді.

Алдымен дәстүр бойынша екі ел басшылары жеке келіссөздер өткізді. Одан кейін өтетін екіжақты кеңейтілген келіссөздерде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао саясатқа тоқталды.

«Президент Назарбаевтың конституциялық реформалармен демократияландыруды жеделдету жөніндегі маңызды ұсыныстар Қазақстан халқының толық қолдауын тапты», деді Қытай басшысы.

Өз кезегінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай жағының сайлау мен конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдайтындығына алғыс білдірді.

«Бұл шаралар ешкімнің ұсыныстарын көшірмейтін, тек қазақстандық бағыт болып саналады», - деді Назарбаев.

Ал баспасөз мәжілісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикаға тоқталды. Оның айтуынша, келіссөздер арқасында жасалған маңызды жобалардың ішінде бірінші бөлігі салынып біткен Қазақстан мен Қытайды қосатын «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының екінші бөлігінің құрылысын және Түркменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға апаратын транзиттік газ құбырының құрылысын атауға болады.

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин журналистерге түсіндіріп өткендей, Түркменстаннан Қазақстан арқылы Қытайға апаратын транзиттік газ құбыры салынатындығы жөнінде келісім жасалды.

«Оның негіздемесімен инвестиция мәселесі шешілді десе болады», - деді ол.

Қазақстанның Өзбекстан шекарасынан басталып Қытай шекарасында аяқталатын бұл құбыр да екі кезеңмен салынады. 2009 жылы дайын болатын бірінші бөлікпен жылына 40 миллиард кубометр газ тасымалдауға болады, деп хабарланып отыр. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, екі жүйеде Қытай мен Қазақстан қаржыны тең бөлісіп төлейді және жобалардың мүмкіншіліктерін де теңдей пайдаланады.

ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао маңызды жобалардың ішінде «Қорғастағы» шекарааралық ынтымақтастық халықаралық орталығын және «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының екінші бөлігін атады.

Алдында хабарланғандай, «Қорғастағы» шекарааралық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық орталық Қытай жағынан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 300, Қазақстан жағынан 200 гектар жерде екі елдің тауар айналымын ұлғайтуға септігін тигізетін еркін сауда жасау үшін құрылған. Ал мұнай саудасы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің түсіндіруінше, «Атасу-Алашанькоу» құбыры арқылы жүргізіледі.

«Жобаның бірінші кезеңі 2005 жылдың аяғында бітіп пайдалануға берілген. Екінші бөлігін 2009 жылға дейін аяқтаймыз», деді Қарабалин. Оның айтуынша, бұған ресейліктер алаңдамағаны жөн.

«Өйткені, осылайша Қазақстан Шығыс бағытын күшейтіп отыр, бірақ бұл Батыс не басқа бағыттар әлсірейді деген сөз емес», - дейді «Қазмұнайгаз» жетекшісі.

Қытайдың ресми мәліметінше, Қытай Қазақстанмен қатынасын бастағалы Қазақстанға 8 миллиард доллар инвестиция салған. Тауар айналымы көлемі бойынша Қазақстан Қытай серіктерінің ішінде 30-ыншы орында екен. 2006 жылғы мәлімет бойынша, Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы 8 миллиард доллардан асқан. Қазақстан мен Қытайдың ортақ шекарасы 1700 шақырымнан асады.
XS
SM
MD
LG