Accessibility links

Парламент сайлауының қортындысы жөнінде «Ақ жол» партиясы басшыларының пікірі екіге жарылды


Тамыздың 21-күні Алматыда «Ақ жол» партиясы басшыларының бірі Мақсұт Нәрікбаев Қазақстанда сенбі күні өткен парламент сайлауында «Ақ жолдың» жеңілгенін мойындауға тиіспіз деген мәлімдеме жасады. Сонымен бірге ол сайлаудың алдын ала қортындысы бойынша парламент Мәжілісіндегі барлық орынға ие болған «Нұр Отан» партиясы мен оның көсемі Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтайтынын айтты. Ал, «Ақ жол» партиясының өзге басшылары Нәрікбаевтың бұл мәлімдемесі - оның жеке пікірі деп, одан бойын аулақ салып отыр.

Сейсенбі күні түс кезінде Алматыда, журналистерді шұғыл жинап жасаған мәлімдемесінде, «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық кеңесінің төрағасы әрі партия төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев өз әріптестерін өткен сайлауда «Ақ жол» партиясының жеңілгенін мойындауға шақырды.

- Біздің барлығымыз бұл сайлау билік басындағы «Нұр Отан» партиясының толық әрі сөзсіз жеңісімен аяқталғанын мойындауымыз керек. Сайлаудың қортындысымен келіспеу - қазақстандықтардың басым көпшілігінің пікірмен санаспау болады. Кез-келген демократиялық мемлекетте, елде жетекші болуға ұмтылған партия өз отандастарының көпшілігі жасаған таңдауды елеусіз тастамайды. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдаланып, мен «Нұр Отан» партиясы мен оның көсемі Нұрсұлтан Назарбаевты парламент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтаймын, - деді Мақсұт Нәрікбаев.

«Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі Төралқасының дүйсенбі күні таратқан мәлімдемесінде бұл сайлауда заңды өрескел бұзу оқиғалары көптеп тіркеліп, дауыс беру нәтижесінің бұрмаланғандығы айтылған болатын. Сондықтан да «Ақ жол» Орталық сайлау комиссиясының алдын ала шығарған дауыс беру нәтижелерін партияның мойындамай, дауыстардың қайта саналуын талап етіп, мемлекет басшысынан, барлық саяси партиялардың қатысуымен сайлау дауыстарын тексеретін және бағалайтын арнайы комиссия құруын сұрады.

Ал Мақсұт Нәрікбаев болса «Ақ жол» партиясының дүйсенбі күнгі ол мәлімдемесі аймақтардан келіп түскен, шындыққа сәйкес келмейтін алдын-ала ақпараттарға сүйеніп жасалған деп айтты.

«Ақ жол» партиясының саяси басшылығы Нәрікбаевтың сейсенбі күнгі мәлімдемесінен бойларын аулақ салып отыр. Тамыздың 21-күні «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында партия төрағасының тағы бір орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов өзінің партиялас серігі Мақсұт Нәрікбаевтың мәлімдемесін оның жеке басының пікірі ретінде қабылдау керектігін айтты.

- Ол партия мүшелеріне арнаған оның өзінің жеке пікірі шығар, бірақ партияның Орталық Кеңесінің Төралқасының пікірі емес. Біздің жексенбі күні жасаған мәлімдемеміз әзірге өз күшінде қалады. Яғни, біз сайлаудың алдын ала қортындысын мойындамаймыз. Қазір біз барлық ақпараттарды жинастырып жатырмыз, сотқа тапсыру үшін, - деді Б.Нұрмұхамедов.

Қазақстанда осыдан 3 жыл бұрын ресми тіркелген «Әділет» демократиялық партиясы мен оның төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, содан бері елде өткен парламент және президент сайлауларында президент Назарбаев пен оның жүргізіп отырған саясатын қолдап келген болатын. 1996-2000 жылдар аралығында алдымен Қазақстаның бас прокуроры, онан соң Жоғарғы соттың төрағасы қызметінде болған Мақсұт Нәрікбаев баспасөзге берген сұхбаттарында өзінің президент Назарбаевтың досы екенін де айтып қоятын. Ал биылғы парламент сайлауы алдында, Мақсұт Нәрікбаевтың басқаруындағы «Әділет» партиясы «Ақ жол» демократиялық партиясына бірігіп, тамыздың 18-інде өткен сайлауға «Ақ жол» партиясының атынан түскен еді. Шілденің 8-күні Алматыда өткен сиезде партия көсемі Әлихан Бәйменов осы жолы сайлауда «Ақ жолға» негізгі бақталас – президенттік «Нұр Отан» партиясы болатынын атаған-ды. Партия өкілдері бұл сайлауда кемінде 30 пайыз дауыс алуға үміттенген еді.

Тамыздың 19-күні жария болған сайлаудың алдын-ала ресми қортындысы бойынша, «Ақ жол» партиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың небары 3,27 пайызының қолдауына ие болғаны хабарланды. Ал, биліктегі «Нұр Отан» партиясы 88 пайыздан астам дауыс жинап, партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісіндегі 98 орынның барлығын жеңіп алғаны айтылды.
XS
SM
MD
LG