Accessibility links

Тамыздың 18-дегі сайлау Қазақстанда бір партиялы парламентті жасақтады


Мұның өзі Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалыққа ұмтылысына кері әсерін тигізбей ме? Сондай-ақ ол елдің Орта Азиядағы лидерлік беделіне нұқсан келтірмей ме? –деген Азаттық радиосы сауалдарына Фридом хауз ұйымындағы зерттеулер директоры Кристофер Уалкер жауап берген еді.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Тамыздың 18-дегі сайлау Қазақстан халқының таңдауын және олардың оппозицияға сенбейтіндігін білдіреді-міс, деген сауалға Фридом хауз ұйымындағы зерттеулер бойынша директоры Кристофер Уалкер жауап бере келіп, Қазақстанда әділ де ашық сайлауды өткізуге қажетті тұтқалар осы сайлаулар барысында қамтылды ма, жоқ па деген сауалға бұл мәселенің тікелей байланысты екендігін айтады. Сайлау алды науқанда Қазақстандағы барлық партияларға ақпарат құралдарында жариялануға бірдей мүмкіндік берілген жоқ. Демек, ел сайлаушыларының өз таңдауларын еркін жасауына мүмкіндік туғызылмады, дейді сарапшы. Мұндай жағдайларды Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы және басқа да бақылаушылар да атап көрсетіп, сынға алды.

Қазірден бастап, келесі сайлау науқанына дейін оппозиция үшін әрекет етуге мүмкіндік бар ма деген сауалға Кристофер Уалкер, әрине, деп жауап берді. Ел билігінің іс-шараларын мұқият түрде сараптап отыруда ел оппозициясы маңызды рөл атқаруы тиіс. Мұндай қадам қазіргі жағдайда оңай емес. Мұндай жағдайда оппозиция өз әрекеттеріне қажетті деген мүмкіндіктің барлығын да қарастыруы тиіс, дейді Фридом хауз өкілі.

Тамыздың 18-дегі сайлаудың Қазақстанда бір партиялы парламентті жасақтауы Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалыққа ұмтылысына кері әсерін тигізбей ме деген сауалға Уалкер мырза былай деп жауап берді. “Менің ойымша, егер бұл сайлаулар халықаралық талаптарға сай өткізілгенде, әрине Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалығы туралы ешқандай дәрежеде айтыс туындамаған болар еді. Сайлаулардың сол талаптарға сай өткізілмеуі, кем дегенде осы кезеңде, Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалын мүмкін етпей отыр, деп ойлаймын”,-деді Фридом хауз сарапшысы.

Қазақстандағы бұл парламенттік сайлаулар Орта Азияның басқа да елдеріне өз әсерін тигізуі мүмкін бе?-деген сауалға Уалкер мырза, аталған аймақта ғана емес, сондай-ақ бұрынғы Совет кеңістігіндегі елдерде парламенттер өзінің атқаруы тиіс қызметіне қол жеткізе алмай отыр. Бұдан бұрын айтқанымдай, мықты бақылауда отырған бұл президенттік билік жүйесінде парламенттегі орындар арқылы саяси салаға есік ашылуы тиіс еді. Орта Азия елдерінің көпшілігінде ел билігінің іс-әрекеттерін жіті бақылау және өз үнін білдіру сияқты салаларда парламент өзіне тиесілі рөлге ие бола алмай келеді, деді сарапшы Уалкер. Мұндай жағдай сол елдердің дамуына кері әсерін тигізеді. Жаңа парламент құрамында ешқандай оппозициялық күштерге қандайда бір орынның берілмеуі Қазақстанның Орта Азиядағы лидерлік беделіне едәуір нұқсан келтіруде. Қазақстанды аймақтағы лидер ел деп бағалаған халықаралық көзқарас үшін де бұл жағдай көңіл қынжылтарлық жайыт болып отыр, - деді Кристофер Уалкер.
XS
SM
MD
LG