Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.28.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Сыртқы істер министрлігінің шетелдік лаңкестік ұйымдардың жетегіне ерген 12 қазақстандықты Қазақстан азаматтығынан айырғаны туралы жазса, енді бір газеттер Қазақстан үкіметінің итальяндық «Аджип КСО» мұнай компаниясына қарсы күрес бастағаны туралы әңгіме өрбіткен. Ал бір газет Қазақстандағы нан бағасының өсуіне тоқталған.

Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі лаңкестік іс-қимылдарға қатысқаны үшін 12 қазақстандықты Қазақстан азаматтығынан айырғандығы жөнінде «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Әлем тарихында сирек кездесетін бұл қадамға еліміздің сыртқы істер ведомствосы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасымен барып отыр. Сөйтіп, Таяу Шығыстағы заңсыз қарулы құрылымдар жағында әскери қимылдарға қатысқан Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 12 тұрғыны «Қазақ елінің азаматы» атты қасиетті ұғымды арқалап жүруден аластатылды» делінген газетте.

Бұл жайындағы ақпарды «Экспресс К» газеті де айналып өтпепті. «1995 және 1999 жылдар аралығында оңтүстік-шығыс Түркияның, Сирияның, Иранның және Ирактың таулы аймақтарына 40 шақты қазақстандық азаматтың аттанғаны анықталынды. Олардың кейбіреуі қарулы жолмен тәуелсіз күрд мемлекетін құруды көздейтін «Күрдістан халықтық конгресі» ұйымы эмиссарларының үгіт-насихаттарына иланған болса, енді біреулері жалдамалылар қатарына бас пайдалары үшін кірген. Шетелдерге аттанғандардың алтауы қаза тапса, 21 Қазақстан азаматы әртүрлі жолдармен отандарына қайтқан. Қазір олар істегендеріне өкініш білдіріп, «Күрдістан халықтық конгресі» ұйымының идеологиясынан көңілдері қалып отыр. Өз еріктермен берілуіне байланысты оларға қатысты қылмыстық қудалау шаралары қолданылмады. Ол тұрмақ, кейбір репатрианттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз отандастарын ұйым идеясынан бас тартуға шақыруға ниет танытып отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Сондай-ақ, «Экспресс К» газетінде Аджип КСО итальян компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасында орын алып отырған шиеленіс туралы мақала да жарық көріпті. «Кеше Қашаған кен көзін игеріп отырған Аджип КСО консорциумының үстінен үйірілген бұлт қоюлана түсті. Қазақстан кедені компанияның кейбір жауапты жұмысшыларына қарсы салық төлеуден жалтарғандары үшін қылмыстық іс қозғаса, қоршаған ортаны қорғау министрі сөзден нақты іске көше бастады. Еліміздің бас экологы Нұрлан Ысқақов журналистерге Каспийдегі ірі кен орын Қашағандағы жұмыстардың үш айға тоқтатылғандығын мәлімдеді. Мұндай шешімнің қабылдануына Қашаған кен көзін игеріп отырған Аджип КСО мұнай консорциумының Қазақстан экологиялық заңнамасын бұзуы себеп болып отыр» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал «Литер» газеті Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік пен Қаржы министрлігінің Аджип КСО компаниясына қойып отырған талаптары жөнінде былай деп жазды. «Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Өртке қарсы қызмет комитетінің пікірінше, Аджип компаниясының филиалы салып жатқан «Мұнай мен газды кешенді өңдеудің қондырғысы» нысанын пайдалануды тоқтату керек. Бұған нысанда өрт сөндіруге қарсы нормалардың сақталмауы басты себеп болып отыр. Осы нысанда құрылыс басталғалы бері 3 өрттің орын алғаны белгілі болды» деп жазды «Литер» газеті.

Ал Қазақстанда нан мен нан өнімдері бағаларының шарықтап өсуіне «Жас Алаш» газеті мән беріпті. «Нан қымбаттады деген жаңалық «Нұр Отан» партиясы парламентті түгелдей иемденіп алды деген хабардан кем түспеді. Сайлау 18 тамызда өтіп, 19-ы күні парламент жаппай «нұротандықтардың» уысына өтсе, нанның бағасы да 18-19 тамызда Қазақстанның барлық өңірлерінде жаппай қымбаттап шыға келді. «Нұр Отан» жеңіске жетіп, халыққа нұры түсе ме десек, мұнысы қалай? «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп әнұранымызда да шырқап қоямыз. Енді сол алтын дәнімізге алтын беретін жағдайға жеткен сияқтымыз. Кең байтақ жерге ие бола отырып, аз ғана халқымызды нанға тойдыра алмасақ, онда әнұранның сөзіне өзі сай болмай шықпай ма?» деп жазды «Жас Алаш» газеті.
XS
SM
MD
LG