Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.29.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар соңғы рет Рахат Әлиев басқарып келген Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің келгендігін жазыпты. Сондай-ақ, газеттер Қазақстанда нан өнімдері мен оқушыларға керекті жабдықтардың бағаларының өсіп отырғандығына және «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясының Еуропа мұнай нарығына шыға бастағанына көңіл бөлген.

Соңғы рет Рахат Әлиев басқарып келген Қазақстан футбол федерациясына жаңа басшының сайлануы жайындағы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Кеше қыркүйектің 28 күні 11 сағат 22 минутта бұрын мызғымастай болып келген Рахат Әлиев осымен ең соңғы қызметімен қош айтысты. Ол енді Қазақстан футбол федерациясының президенті емес. Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс сайлау мәслихатына жиналған делегаттар бірауыздан Рахат Әлиевті бұл орынға лайықты емес деп тапты. Елдің ең жоғарғы футбол ведомствосының 4-ші басшысының дәуірі 2544 күн болды. Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығына Президент әкімшілігінің жетекшісі, Астана футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков келді. Тағдыр тәлкегімен, Әлиев өзі аттас «Рахат» деген қонақ үйде қызметінен алынды» деп жазды «Время» газеті.

Ал бұл жайында «Литер» газеті былай жазды. «Кеше өткен кезектен тыс Қазақстан футбол федерациясының мәслихатында миллиондаған жанкүйерлері бар спорттың алдағы дамуына өзгерістер әкелетін және әкелуі тиіс оқиға болды. Қазақстан футбол федерациясының басшылығына Әділбек Жақсыбеков келді. Бұрынғы Қазақстан футбол федерацисының президенті Рахат Әлиевтің тұлғасына қатысты жаз кезіндегі оқиғалар жанамалай болса да, еліміздің футбол саласына да әсер еткен болатын. Алайда басшысыз қалған еліміздің ең басты футбол ведомствосы жұмыс тәртібінен жаңылған жоқ» делінген газетте.

Сондай-ақ, «Литер» газеті осы санында оқушылардың мектепке қажетті құралдарының бағаларының төмендемей отырғандығына да мән беріпті. «Бірнеше күннен кейін оқушыларға мектептердің есігі айқара ашылады. Ата-аналар мен педагогтар еркін тыныстай берсе болады, өйткені оқу орындары жаңа оқу жылына дайын. Бұл жайында үкіметте өткен селекторлық жиналыста Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. «Ал егер бір нәрсе дұрыс болмай қалса, онда қатаң шаралар қолданылады» деп уәде етті премьер-министр Кәрім Мәсімов. Ал ата-аналар үшін оқу жылына дайындық бұрынғысынша, ата-аналар қалтасының қалыңдығымен есептеледі. Осы жылы бір Қазақстандық оқушының өзі ата-анасы үшін орта есеппен 30 мың теңгеге түсті. Ең үлкен шығындар көптеген аймақтарға жетісе бермейтін оқулықтар сатып алу үшін жұмсалды» деп жазды «Литер» газеті.

Ал Қазақстанның барлық аймақтарында нан бағасының өсуіне «Айқын» газеті тоқталыпты. «Қыркүйек айында қазақстандықтар қымбат нан алып жейтін түрі бар. Нарықтың қазіргі райы соны аңғартады. Соңғы жылдары ауылшаруашылығы техникаларының басым бөлігі жаңарғанын ауылдықтар қуанышпен жеткізуде. Бұл да астықтың тез әрі сапалы жиналуына септігі тиетін негізгі мәселенің бірі. Осындай мүмкіндіктердің бәрін ескере отырып елде нан бағасының көтерілуі ақылға қонымсыз. Бұл мол өнімнің пайдасын халық көрмей отырғаны емес пе? Өздерінен шығатын газды халқына тегін беріп келе жатқан Түрікменстан мен сол газға арзымаған ақша төлететін өзбек елі тәжірибесін неге пайдаланбасқа? Астықты тегін бермесе де, бағаны ауыздықтап отыру бүгінгі күннің негізгі мәселесі болып тұр» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясының Еуропа мұнай нарығын игере бастағаны туралы «Экспресс К» газеті жазыпты. «Еуропа елдерінің бірінде мұнай өңдеу зауыттарын сатып алуды бұрыннан көздеп жүрген «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясы тиімді келісімге қол жеткізді. Бұдан былай оның қарамағына Румыниядағы екі мұнай өңдеу зауыты мен жеті елдегі 630 май құю бекеттері кіретін болады. «ҚазМұнайГаз» өзінің «Rompetrol Group-тың» 75 пайыз пакет акциясын сатып алғандығын жариялады. Бұл Қазақстан компаниясының сыртқа шыға бастағандығын көрсетеді. Бұл енді «ҚазМұнайГазға» Еуропада 4 млн тоннадан аса мұнай өңдеп, өзінің бөлшек сауда жүйелері арқылы 7 млн тоннадан аса мұнай өнімдерін сатуға мүмкіндік береді. Бұл келісімнен тек «ҚазМұнайГаз» ғана емес, акциялары сатылған Еуропа компаниясы да ұтады» делінген газетте.
XS
SM
MD
LG