Accessibility links

«Нұрбанк» ісі бойынша айыпталғандар бостандыққа шығуы мүмкін


Cәрсенбі күні Алматының Медеу аудандық сотында, «Нұрбанк» мекемесіне шабуыл жасамақ болды деп айыпталып сотқа тартылған полицияның арнайы жедел топ жасақтары мен олардың басшыларына тағылған айыпты прокурор Тимур Шамои алып тастады. Сот келесі отырысын дүйсенбі күні өткізбек. Қазірде қамауда отырған банктің бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов пен полиция қызметкерлері сол күні бостандыққа шығарылуы мүмкін.

Биылғы жылға дейін «Нұрбанктың» ірі акционері болған Рахат Әлиев Алматы полициясының арнайы жасақтары «Нұрбанктің» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғилымовтың нұсқауымен осы банкқа шабуыл жасамақ болды, сөйтіп акцияларды және басқа да құжаттарын ұрламақ болды» деп айыптап сотқа берген шағымымен биылғы ақпан айында басталған сот ісінде тамыздың 29-күні күтпеген жерден жаңа бетбұрыс алды. Осы уақытқа дейін алған бетінен қайтпай, полиция жасақтарын айыптауға тырысқан прокурор Тимур Шамои кенеттен «тағып отырған айыптарының бәрін кері қайтарып алатынын мәлімдеді» деді Әбілмәжін Ғилымовтың әйелі Надира Базарбаева «Азаттық» тілшісіне.

«Прокурор Шамои сотта айыпталып отырған барлық адамдарға – полиция жасақтарына, олардың басшыларына және менің күйеуім Әбілмәжін Ғилымовқа тағып отырған айыптарды алып тастайтынын жариялады. Себебі, ол барлық тағылған айыптар сот барысында шашылып қалғанына көзі жетсе керек. Куәлар да көп нәрсенің бетін ашып берді емес пе? Енді алдағы дүйсенбі күнгі соттың отырысында оларды еркіндікке жібереді деп сенеміз. Барлық жігіттер де ақталды», - дейді Надира Базарбаева.

Алғашқыда қамауға алынған Алматы полициясының арнайы жасақтарының төртеуі абақтыдан босатылғанымен сот сергелдеңімен жұмыссыз жүргеніне жарты жылдай бопты. Біз осы жасақ тобында болғандардың бірі Сапар Сарыпбековтың ағасы Бақытпен сұхбаттасып, «алдағы уақытта соттан моральдық-материалдық шығын өндіріп алу мәселесін қарастырып көрдіңіздер ме?» деп сұраған едік.

«Негізі мен моралдық шығын мен материалдық шығын туралы ойлаған едім, олар қанша уақыт отырды? Жақтаушыларына деп, сотқа дейін екі жарым мың доллар, соттан кейін екі жарым мың доллар - барлығы бес мың доллар көлеміндегі қаржыны барлық ағайындар боп жинап бердік қой, әйтеуір. Соны өндіріп алу туралы ойлағанмын, бірақ бұл қалай болады? Бала-шағасы да қиналып кетті ғой... Сол, аман-есен шыққанына қуанып жатырмын, құдайға шүкір деп...»

Ал Сапардың өзі де бұл мәселені әлі серіктерімен талқылап көрмегенін айтады.

«Ол жағын әлі ақылдасқан жоқпыз, дүйсенбі күнгі соттан соң ақылдасып көреміз ғой».

«Нұрбанкке» қатысты істің жаңаша өрбуінің себебі Рахат Әлиевтың ықпалындағы күштердің әлсірей бастағандығы дейді «Тасжарған» газетінің редакторы Бақытгүл Мәкімбай:

«Аудандық деңгейдегі прокурордың өзі тағып отырған айыпты кері қайтарып алуы Қазақстан сот тәжірибесінде болмаған оқиға. Және ондай қадамға прокурор Тимур Шемои өздігінен барып отырған жоқ, оған осы «Нұрбанк» ісіне ықпал етіп отырған жоғарыдағы адамдар нұсқау беріп отыр. Бұл жерде Рахат Әлиевтің осы Медеу аудандық сотына тікелей ықпалы бар екенін біз бұрыннан білетінбіз. Өйткені, кезінде «Хабар» мен Алтынбектің соты босын, «Айна плюс» газетінің соты болсын, Арат Нарманбетовтың соты болсын - талай шулы соттар осы аудандық сотта өткен. Сол кезде, ел аузынан «бұл соттағылар Әлиевтердің жанұясына қызмет көрсететін судьялар» дегенді естігенбіз. Бұлардың барлығы дерлік Рахат Әлиевтің кезінде өзінің орналастырған адамдары ғой. Енді, кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитет төрағасы болған Әлнұр Мұсаевтың өзіне қылмыстық іздеу жарияланғаннан кейін, Рахат Әлиевтің қылмысқа қатысы барлығы әшкерелене бастаған соң, оның ықпалындағы тетіктер босаңсып, енді прокурордың кенет кілт бұрылғаны сондықтан».

Сонымен, бұл сот ісіндегі мәселенің анық-қанығы алдағы дүйсенбі күні айқындалып қалатын секілді.
XS
SM
MD
LG