Accessibility links

Британия әскерлері Басра қаласынан таяу арада шықпақшы


Қазіргі кезде Басра қаласында бірнеше шиит топтары билік үшін өзара күресуде. Карбала қаласында болса, шиит топтарының өз арасында және олар мен полиция арасындағы қақтығыстар кесірінен 50-дей адам қаза болды. Демек Британия әскерлерінің шығуы шииттер тұратын бұл өлкеде жанжалдардың өршуіне әкелмей ме?- деген сауал туындауда.

Ирақтағы ірі шиит топтарының өзара шайқасы бұл елдегі тұрақсыздықтың жаңа кезеңіне түрткі болатын сыңайлы. Британия күштері Басра қаласынан шыққаннан кейін жағдай одан әрі ширыға түсетіндей. Тамыздың 31-де аталған қаладан 500-дей солдатын шығарып, оларды қала сыртына жайғастыратындығын Британия жасағы хабарлаған болатын.

Дубайда орналасқан Парсы шығанағы зерттеу орталығының директоры Мұстафа Аланидің айтуынша, Британия әскерінің саны аз болғандықтан Иранмен арадағы шекараны ешқашан жеткілікті дәрежеде бекіте алған емес. Қазір Ирақта 5000 ғана Британиялық солдаттар тұр. Алани мырзаның айтуынша; “Сөз жоқ, Британия әскерлерінің Ирақтан шығуы елдегі дағдарысты тереңдетіп, бей-берекеттіктерді күшейте түседі. Себебі, ол әскерлер шығып кеткеннен кейін қарулы топтар өзара шайқасатын болады. Расында да, Басра қаласына және Ирақтың тұтас оңтүстігіне бақылауды қылмыскерлер мен Иран және басқа да елдердің қолдауындағы саяси бағыттағы жауынгерлер орнатқан”, деді Алани.

Қалада ешқандай саяси мақсат көздемеген қылмыстық топтар тіпті күшейіп кеткен. Жергілкті биліктің айтуынша, өткен екі жыл ішінде 5000-дай адам өлтірілген екен. Екі миллион халқы бар Басра қаласы арқылы Ирақтың негізгі мұнай экспорты жүзеге асады. Оның маңайындағы аймақтарда ел мұнайының 70 пайыздық қоры сақтаулы. Мұның өзі Ирақ үкіметі қорының 90 пайызын құрайды. Елде тұрған коалициялық күштерге Кувейттен келетін жүктер осы аймақты басып өтеді. Осыларға қарағанда бұл аймақ ел үкіметінің негізгі назарында, бақылауында болуы керек сияқты. Алайда, сарапшы Аланидің айтуынша, орталық үкімет бұл аймаққа сәл ғана бақылау жасай алып отыр. Ирақ үкіметі астана Бағдаттың өзіне, тіпті оның ішіндегі тұтас Жасыл аймаққа да бақылау жасап отырған жоқ. Жасыл алаңның бір бөлігін ғана бақылап отыр, дейді Алани. Ендеше Бағдаттан 400 километр қашықтықтағы Басраға жасап отырған ел үкіметі ықпалының шамалы екендігі белгілі, дейді сарапшы.

Лондонда орналасқан Экономикалық зерттеулер орталығының сарапшысы Яхия Сайд Ираққа бірнеше рет келген екен. Оның пікірінше, Британия әскерінің Ирақтан шығуы ол елде бейбітшіліктің орнауына аз да болса мүмкіндік беруі ықтимал. Алайда, шайқастардың қайта басталмайтындығына сенім аз, дейді ол. Тіпті Нажаф және Бағдат қалаларындағы басшылар өзара келіскенімен, оларға одақтас боп жүрген жауынгерлер мұндай ымыраластыққа көнбеуі мүмкін. Сондықтан жергілікті жердегі қарулы топтар өзара шайқастарын одан әрі жалғастыруы ықтимал, дейді Сайд сарапшы. Жағдайды өзгертуге Иранның көп көмегі тиер еді, дейді ол. Ирақ үкіметі және Британия солдаттарынан гөрі Ирақтың оңтүстігіне Техранның жасап отырған ықпалы көбірек маңызды және айқын, дейді Сайд мырза. Алайда, сарапшылардың пікірінше, аймақта тұрақтылықтың болуын ресми Техран қалап отырған жоқ екен.
XS
SM
MD
LG